Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Монополистер жарық, жылу, сумен жабдықтау қызметтеріне тарифтерді жалпы сомасы 20,3 млрд теңгеге төмендетеді — Т. Сүлейменов

26 қараша 2018, 11:42
Астана
Фото, бейне: primeminister.kz

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ТКШ саласындағы монополистердің қызметтеріне тарифтерді төмендету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндады.

Министр атап өткендей, ТКШ саласындағы монополистердің қызметтеріне, жарыққа, көмірге, жылумен, сумен, газбен жабдықтауға, кәріз жүйесіне, телефон байланысына, интернетке, лифттерге қызмет көрсетуге, қоқыс шығаруға тарифтерді төмендету мақсатында Ұлттық экономика министрлігі бірқатар шараларды қабылдады.

«Бүгінгі күні жылумен, сумен және электр энергиясымен жабдықтау саласындағы 32 монополист бойынша тарифтерді 20,3 млрд теңгеге, оның ішінде соңғы екі аптада 6 субъекті бойынша 1,9 млрд теңгеге төмендету туралы шешім қабылданды. Монополистердің негізсіз алған кірістерін анықтау және оларды тұтынушыларға қайтару мақсатында 33 жоспардан тыс тексеру ашылды. 24 жоспардан тыс тексеру ашылу алдында», — деді Т. Сүлейменов.

Жылумен жабдықтау

  • Алматы облысы: «Жылу желілері» ЖШС 320 миллионға 5 619,46-дан 5 604,85 теңге/Гкал-ға (-0,26%) төмендеді;

Сумен жабдықтау/сұ бұру

  • Алматы облысы: «Қапшағай Су Арнасы» МКК, 93 миллионға, оның ішінде сумен жабдықтау 87,92-ден 75,34 теңге/м³ (-14,31%), су бұру 108,53-тен 73,99 теңге/м³ (-31,83%) төмендеді;

Электрмен жабдықтау

  • Ақтөбе облысы: «Ақтөбеэнергоснаб» ЖШС, 314 миллионға 14,39-дан 14,16 теңге/кВтс (-1,6%) төмендеді;
  • Қызылорда облысы: «Энергосервис» ЖШС, 200 миллионға 18,16-дан 17,9 теңге/кВтс (-3,67%) төмендеді;
  • Алматы облысы: «Жетісу Энерготрейд» ЖШС, 158 миллионға 18,16-дан 17,9 теңге/кВтс (-1,43) төмендеді;
  • Солтүстік Қазақстан облысы: «Солтүстік энергоорталық» ЖШС, 9,8 миллионға 17,9-дан 16,78 теңге/кВтс (-6,6%) төмендеді.

Министрлік сонымен қатар, электр энергиясына және газға арналған көтерме бағаларды төмендету жұмысын жүргізуде, бұл соңғы тұтынушылар үшін бөлшек бағаларды төмендетуге мүмкіндік береді.

ҚР ҰЭМ облыстардың және Астана, Алматы мен Шымкент қалаларының әкімдіктерімен жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау, электр энергиясын тарату және жабдықтау, қоқысты шығару, пәтер иелерінің кооперативі, лифт қызметтеріне, сондай-ақ автобус, троллейбус және трамвай тасымалдары қызметтеріне бағаларды төмендету бойынша жұмыстар жүргізу қажеттілігі туралы мәселені пықыстап жатыр.

Т. Сүлейменов атап өткендей, Жамбыл облысының әкімдігінің ақпараты бойынша 2018 жылдың 1 желтоқсанынан бастап келесі қызметтердің бағалары төмендетілетін болады:

  • пәтер иелерінің кооперативі қызметтеріне 6,7% (15 теңгеден 14,1 теңгеге);

  • қоқыс шығару қызметтеріне 5% (99 теңгеден 94,4 теңгеге);

  • лифт қызметтеріне 7% (770 теңгеден 715 теңгеге).

Мемлекет басшысының халықпен кері байланыс ұйымдастыру бойынша тапсырмасын орындау мақсатында халықпен тұрғын-үй шаруашылығы саласындағы проблемалық мәселелер жөнінде 1312 адам қатысқан 48 қоғамдық қабылдау өткізілді. Т. Сүлейменов өткізіліп жатқан қоғамдық қабылдауларға қатыса алмайтын тұтынушылар үшін «жедел желі» телефондары жұмыс істейтінін хабарлады. Жедел желі телефоны 8-8000-8000-12, Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін.

Орта мерзімдік шараларға қатысты, тариф белгілеудің ашықтығын және монополистердің тарифтік сметалар мен инвестициялық міндеттемелерді орындауын күшейту үшін заңнамаға түзетулердің екі топтамасы әзірленді.

Монополистерге тексерулер жүргізу тетіктерін нығайтатын және Кәсіпкерлік кодекске өзгерістер енгізуді талап ететін түзетулер Парламент Мәжілісінің қарауындағы бизнес ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері жөніндегі заң жобасында алдын ала қарастырылатын болады.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз