Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Жылыту маусымы Қазақстанның барлық өңірінде тұрақты режимде жүріп жатыр — ҚР ЭМ

25 желтоқсан 2018, 10:27
Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өтіп жатқан Үкімет отырысы жылу беру маусымының өтуі мәселесін қараудан басталды. Энергетика министрі Қ. Бозымбаев пен инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек жағдай туралы баяндады.

Қ. Бозымбаевтың айтуынша, жалпы күзгі-қысқы кезең штаттық режимде өтіп жатыр. Кеше, 24 желтоқсанда ең жоғарғы электр жүктемесі 14 740 мегаватқа немесе жылыту кезеңіне жоспарланған максимумның 99% жетті. Бұл — соңғы жылдардағы рекордтық көрсеткіш. Жалпы, халық электр және жылу энергиясымен толықтай қамтылған.

Энергетика министрінің сөзіне қарағанда, бір жылға жоспарланған электр станцияларындағы жөндеу жұмыстары іс жүзінде аяқталған. 8 энергоблок, 52 қазандық пен 44 турбина, 28,3 мың шақырым электр беру желілері және орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағындағы 500 қазандық жөндеуден өткен.

«Электр станцияларының отын қоймаларында 4 млн тонна көмір және 112 мың тонна мазут жинақталды, бұл бекітілген нормаға сәйкес келеді. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағындағы қазандықтарда көмір қоры 978,8 мың тоннаны, мазут 115,2 мың тоннаны құрап отыр», — деді Қ. Бозымбаев.

Әкімдіктердің өтінімдеріне сәйкес, Энергетика министрлігі күзгі-қысқы кезеңде 312 мың тонна көлемінде әлеуметтік-өндірістік объектілерге мазутты жеткізу бойынша өңірлерді белгілеу кестесін бекіткен болатын. Қазан-қараша айларында кесте 86%-ға орындалды. Министрлік орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қазіргі жылыту маусымының тұрақты өтуі үшін жұмыстарды жалғастыруда.

Инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек 2018-2019 жж. жылыту маусымы еліміздің барлық өңірлерінде тұрақұты режимде өтіп жатқанын банядады. ҚР ИДМ жылумен қамту, сумен қамту және су бұру желілерінде технологиялық бұзушылықтарға қатысты жылыту мауысымының барысына мониторинг жүргізіп отыр. Әкімдіктер мен ҚР Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті күн сайын ҚР ИДМ-ге тіршілікті қамтамасыз ету нысандарындағы технологиялық бұзушылықтар туралы ақпарат беріп отырады.

«Жылыту маусымы басталағаннан бері тіршілікті қамтамасыз етудің коммуналдық жүйелерінде 24 технологиялық бұзушылық анықталды, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есе аз. Әкімдіктер аталған технологиялық бұзушылықтарды қысқа уақыт ішінде жойды», — деді Ж. Қасымбек.

Сонымен қатар, Ж. Қасымбектің айтуынша, апаттардың алдын алу үшін әкімдіктер халықтың күнделікті тіршілігін қамтамасыз ету жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуіне бақылауды күшейтулері керек. Сондай-ақ, технологиялық ақауларды жылдам қалпына келтіріп, жылыту маусымына жауапты адамдардың кезекшілігін мереке күндері де ұйымдастыру қажет.

Дебиторлық берешекке қатысты жағдай туралы баяндай отырып, Ж. Қасымбек 01.12.2018 жағдай бойынша дебиторлық берешек 12 995 млн тг құрағанын атап өтті. Осыған орай әкімдіктер дебиторлық берешекті азайту жұмыстарын бақылауды күшейтулері керек және берешектердің өсуіне жол
бермеулері қажет.

Көмірмен қамтамасыз етуге қатысты айтар болсақ, ҚР ИДМ шұғыл деректеріне сәйкес, 20 желтоқсандағы жағдай бойынша, биыл жыл басынан бері еліміздің көмір өндіруші компаниялары 109,2 млн тонна көмір өндірген. Энергия өндіруші кәсіпорындарға 56,4 млн тонна көмір жөнелтілді. Коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге және халыққа 12,4 млн тонна көмір жөнелтілді. 27,7 млн тонна көмір экспортталды. 2018 жылдың соңына дейін көмір өндіру көлемі шамамен 112 млн тонна болады деп күтілуде. Биыл жылыту маусымы басталғаннан бері (1 мамырдан 20 желтоқсан аралығында) теміржол көлігімен 46,8 млн тонна
көмір тасымалданды.

Айта кету керек, 2018–2019 жж. кезеңінде коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен халыққа көмір өнімдерінің жоспарлы қажеттіліктерін қамтамасыз етуге жүргізілетін мониторинг инвестициялар және даму, энергетика министрліктерінің бірлескен бұйрықтары аясында жалғасып жатыр.  

Бүгінгі таңда жылдық жоспарға қатысты алғанда көмір қорларымен қамтылу деңгейі 93,2% құрайды. Барлық дерлік өңір халық пен коммуналдық-тұрмыстық секторға көмір жеткізу кестесін уақытынан бұрын орындауда.

«Әкімдіктер мен көмір сатушылар арасында жасалған меморандумдар есебінен соңғы 4 аптада еліміздің барлық өңірінде коммуналдық-тұрмыстық қажеттілік пен халыққа сатылатын көмірдің бағасы орта есеппен 15-20%-ға төмендеді», — деп хабарлап Ж. Қасымбек, жалпы 2018/19 жылдардағы жылыту маусымының өтуі ҚР ИДМ-нің тұрақты бақылауына алынғанын атап өтті.

Сондай-ақ, отырыс барысында жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету бойынша өңірлерде қабылданып жатқан шаралар туралы Ақмола облысының әкімі — М. Мырзалин, Шығыс Қазақстан облысының әкімі — Д. Ахметов, Қарағанды облысының әкімі — Е. Қошанов, Павлодар облысының әкімі — Б. Бақауов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі — Қ. Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі — А. Мұхамбетов, Ақтөбе облысының әкімі — Б. Сапарбаев, Астана қаласының әкімі — Б. Сұлтанов баяндады.   


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз