Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Жыл басынан бері 282 мың адам әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылды  — Б. Сапарбаев Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» бастамаларын іске асыру туралы

09 сәуір 2019, 10:40
Фото: primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларын іске асыру барысы қаралды.

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаевтың айтуынша, 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмекті белгілеуге құжаттар барлық жерде қабылданып жатыр. 180 мыңға жуық адам қабылданды.

Елбасының әлеуметтік бастамалары бойынша   ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықованың жетекшілігімен еліміздің  жеті өңірі мен Нұр-Сұлтан қаласының аудандарына сапарлар іске асырылды.

2019 жылға мемлекеттік бюджеттен көп балалы және аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік көрмек көрсетуге 83 млрд тг қарастырылған, биылғы І тоқсанда 9,3 млрд тг төленді. Бұған қоса, 2019 жылы 373 мың жаңа жұмыс орны құрылады, қазірге дейін 31,9 мың жұмыс орны құрылған.

Министр сонымен қатар 58 мың отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз етуге 2025 жылға дейін республикалық бюджеттен 500 млрд теңге бөлінетінін атап өтті, ол тұрғын үйді жалға беру және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жеңілдетілген қарыздарын беру арқылы жүзеге асырылады.

Оның айтуынша, әлеуметтік салада мемлекеттің серіктесі бизнес қауымдастығы болуы тиіс.

«Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік қоғамда компанияның іскерлік беделін арттыратын тиімді қызмет ретінде  қабылдануі тиіс. Ол тиісінше, бизнестің өз елінің дамуына, әлеуметтік және экологиялық салаға қосатын ерікті үлесі», — деді ол.

Қазақстанда 1 178 ірі кәсіпорында көп балалы ата-аналар қатарынан 23,3 мың адам жұмыс істейді. Оның ішінде 15 мыңға жуығының тұрғын үйге мұқтаж. Министр сонымен қатар бизнестің өңірлерде іске асырып жатқан әлеуметтік бастамалары туралы баяндады. Мәселен, 2019 жылғы 1-тоқсанда меценаттардың, демеушілер мен жеке адамдардың қаражаты есебінен аз қамтылған және көп балалы отбасыларға 3 млрд теңге сомасында әлеуметтік көмек көрсетілді, 5 мыңға жуық жұмыс орындары құрылды, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың ішінен 1,4 мың адам жұмысқа орналастырылды, 268 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

Қорытындылай келе, Б. Сапарбаев бизнес-құрылымдармен бірлесіп бірқатар әлеуметтік қолдау шараларын іске асыруды талқылаудың маңыздылығын атап өтті, оның ішінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның «Бақытты отбасы», «Нұрлы жер» және тағы басқа бағдарламалары бойынша аз қамтылған және көп балалы отбасылар қатарындағы өз қызметкерлеріне тұрғын үй сатып алуға бастапқы жарнаның 10%-нан кем емес мөлшерде субсидиялауы бар.

Үкімет отырысында Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» идеясын қолдап, нақты әлеуметтік бастамаларды іске асыра бастаған бизнес өкілдері болғанын айта кеткен жөн. Қызылорда облысында жеке қаражаттар есебінен көп балалы және аз қамтылған отбасыларға арнап тұрғын үй салуға бағытталған «Баламекен»  жобасының іске асырылуы туралы Болат Өтемұратов қорының директоры М. Айтмағамбетов айтып берді. Маңғыстау облысында үйде өз ісін және шағын өнеркәсіптерді ашуды қолдауға бағытталған «Үш күн ішінде бизнес ашу» жобасы туралы бастамашысы А. Нұрланова жан-жақты баяндады.

Мәселені қарау барысында сонымен қатар  «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы А. Есімов, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы А. Мырзахметов, Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаев, Қостанай облысының әкімі А. Мұхамбетов азаматтардың әлеуметтік әлжуаз санаттарын қолдау, оның ішінде бизнес қауымдастықпен бірлескен жобаларды іске асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы  баяндады.

Отырыс соңында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықова  Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік бастамаларын ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатындағы Үкіметтік жұмыс тобының сапарларының қорытындысы  Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік бастамаларын халық та, ірі кәсіпорындар басшылары да, бизнес құрылымдар мен кәсіподақтар да белсене қолдайтынын көрсететінін жеткізді. Өз қызметкерлерін де, жергілікті халықты да әлеуметтік қолдау мәселесінде бизнестің бастамашылдық ниетінің басымдығы атап өтілді.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз