Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ҚР Үкіметінің алдында 2022 жылға қарай шикізаттық емес экспорт көлемін $32 млрд дейін ұлғайту міндеті тұр

16 сәуір 2019, 11:25
Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында шикізаттық емес экспортты ілгерлету мәселелері және ұлттық экспорттық саясатты іске асыру барысы қаралды. Экспорттық әлеуетті одан әрі дамыту үшін Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы құрылды.

Атқарылып жатқан жұмыстар туралы ұлттық экономика министрі Р. Дәленов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р. Скляр, ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров, сондай-ақ «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы А. Әріпханов баяндады. Өз кезегінде сыртқы істер министрі Б. Атамқұлов сыртқы нарықтарда экспорттық өнімді ілгерілерту туралы ақпараттандырды.

«Еліміздің экспорттық әлеуетін дамыту – экономиканың сапалы өсімін қамтамасыз етудің стратегиялық маңызды факторы», — деді А. Мамин.

2018 жылдың қорытындысы бойынша шикізаттық емес экспорт көлемі $23 млрд құрады, соның ішінде шикізаттық емес тауарлар экспортының көлемі — $15,7 млрд және көрсетілетін қызметтер экспорты — $7,3 млрд.

Экспорттық стратегияға сәйкес, ҚР Үкіметінің алдында 2022 жылға қарай шикізаттық емес экспортты $32 млрд дейін жеткізу міндеті тұр.

ҚР Премьер-Министрі ЕАЭО аясында серіктес елдермен, Қытаймен және басқа да мемлекеттермен сауда айналымын ұлғайтудың басты шарты отандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру екенін атап өтті. Бұл үшін экспортты мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған, Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы құрылды. Бизнесті мемлекеттік қолдаудың қаржылай құралдары өндірістен бастап экспортқа дейін бір жерде шоғырланады.

«Трансшекаралық инфрақұрылымның сапасы мен қолжетімділігін арттыру жұмыстарын күшейту қажет. Бұл аса маңызды, себебі біздің көршілес сауда серіктестеріміздің экономикаларының өсу болжамдары тұрақты», — деді ҚР Премьер-Министрі.

Отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ілгерілетуге жекелей көңіл бөлінді.

«Біздің өнімдеріміз басқа елдерде танымал болуы тиіс, әрі ортақ экспорттық брендті құру арқылы экспортты дамыту қажет», — деп ҚР Үкіметінің басшысы, оларды сыртқы нарықтарға қарқынды түрде шығару қажет екеніне назар аударды.

Бұл үшін қазақстандық өндірушілер өндіретін тауарлардың сапасын жоғарылатып, экспортқа шығарылатын елдердің талаптарына және регламенттеріне толық сәйкестігін қамтамасыз етуі қажет.

«Заманауи зертханалық базаны құру керек. Бұл бизнестің өз тауарлары мен көрсетілетін қызметтеріне тиісті сертификаттар алуына көмектеседі», — деп ҚР Үкіметінің басшысы, экспортқа бағдарланған тауарларды халықаралық электронды сауда алаңдары арқылы сату мәселесін пысықтау қажет екенін айтты.

ҚР Премьер-Министрі А. Мамин мәселені қарау қорытындысы бойынша бір ай мерзімде барлық салалар бойынша экспортты дамыту және көрсетілетін қызметтердің басым секторлары бойынша жол карталарын әзірлеуді, сондай-ақ, халықаралық деңгейге сай келетін қазақстандық стандарттар, техникалық регламенттер мен нормаларды әзірлеп, енгізуді тапсырды.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз