Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Шикізаттық емес тауарлар мен қызметтер экспорты $23 млрд құрады — ҚР ҰЭМ

16 сәуір 2019, 12:00
Фото: primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында шикізаттық емес экспортты ілгерілету мәселелері және Ұлттық экспорттық стратегияны іске асыру барысы қаралды.

Ұлттық экономика министрі Р. Дәленов хабарлағандай, еліміздің ЖІӨ-дегі экспорттың үлесі 40,1% құрады. Бұл ретте ЖІӨ 0,5%-ға өсуі экспортпен қамтамасыз етіледі. Ұлттық экспорттық стратегия 2022 жылға қарай шикізаттық емес тауарлар экспортын және көрсетілетін қызметтер экспортын $32 млрд дейін өсіруді көздейді.

«2018 жылы қазақстандық тауарлардың және көрсетілетін қызметтердің экспорты $68,3 млрд құрап, 2017 жылмен салыстырғанда 24,2%-ға өсті. Өсім бірінші кезекте мұнай бағасының өсуімен байланысты. Оның ішінде шикізаттық емес тауарлар экспорты және көрсетілетін қызметтер экспорты $23 млрд құрады. 2017 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 4,1%-ға өсті. 2018 жылы көрсетілетін қызметтер экспорты оң серпінді көрсетті. Өсу 12,3% құрады. Көрсетілетін қызметтер экспорты $7,3 млрд құрады», — деді Р. Дәленов.

Қазақстандық өңделген тауарлардың негізгі тұтынушылары – Қытай, Ресей, Нидерланды, Өзбекстан, Ұлыбритания, Түркия, Жапония, Қырғызстан, Біріккен Араб Әмірлігі және Ауғанстан. Жалпы, аталған елдерге 2018 жылы қазақстандық өңделген тауарлар экспортының 75% тиесілі.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, шикізаттық емес экспортқа металлургия өнеркәсібі тауарлары зор үлесін салды. Бұл — құбырлар, металл конструкциялары, илемдер, қорытпалар, металдар және т.б. Көлемі бойынша келесісі — химия саласының тауарлары. Бұл топта экспорттың негізгі көлемі уранға тиесілі. Алғашқы үштікке мұнай өнімдері кіреді.

«Шикізаттық емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтер экспортының көлемін 2022 жылға қарай $32 млрд дейін ұлғайту үшін мына тауарлардың экспортын: өнеркәсіп тауарларын $5,7 млрд-қа арттырып $20,2 млрд дейін, ауыл шаруашылығы тауарларын $0,7 млрд-қа арттырып $1,9 млрд дейін, көрсетілетін қызметтерді $2,4 млрд-қа арттырып $9,7 млрд дейін жеткізу қажет. Экспорттың айтарлықтай өсуі көлік қызметтерінің $4 млрд-тан $5,3 млрд дейін және туризмнің $2,4 млрд дейін өсуінен күтілуде», — деді Р. Дәленов.

Өз кезегінде индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р. Скляр 2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның шикізаттық емес экспортында оң динамика байқалып отырғанын атап өтті.

«Химия өнеркәсібі 2,6%-ға, минералды өнімдер 14,6%-ға, машина жасау 11%-ға, азық-түлік өнімдері 7,6%-ға өсті», — деді Р. Скляр.

Бүгінгі таңда Қазақстан 120 елге 800 тауар түрін шығарады. Өңдеу өнеркәсібінің негізгі экспорттық тауарлары – ферроқорытпалар, өңделмеген мырыш, тазартылған мыс, уран, мұнай газдары, трансформаторлар және аккумуляторлар.

2018 жылы дайын өнімнің экспорты 16%-ға артты. Сонымен бірге, өңделген өнімдер экспортында дайын өнімдер экспортының үлесі 2017 жылмен салыстырғанда 2,5 пайыздық тармаққа өсіп, 23%-ды құрады. Биыл да шикізаттық емес экспорт өсімі күтіліп отыр.

Ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров АӨК-ті дамытудың мемлекеттік бағдарламасында өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2021 жылы $2,4 млрд дейін жеткізу жоспарланғанын айтты. Бұл ретте биыл экспорт көлемі $1,27 млрд дейін жететін болады.

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша $1,125 млрд сомасына 3,5 млн тонна өңделген ауыл шаруашылығы өнімі экспортталды. Бұл ретте, 275 өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің тауарлық тобынан өткен жылы бірінші рет өңделген өнімдердің 17 жаңа түрі экспортталды», — деді С. Омаров.

Өңделген өнімдер экспортының географиясы да едәуір кеңеюде. Егер Қазақстан 2017 жылы өңделген өнімді 42 елге экспорттаса, 2018 жылы әлемнің 48 еліне экспорттады. Жаңа импорттаушы елдер тізіміне Швейцария, Жапония, Бахрейн, Малайзия,Болгария, Гана, Ливан енді.

Сонымен қатар өңделген АӨК өнімдерін дәстүрлі нарықтарға экспорттау көлемінің өскені байқалады, атап айтқанда Өзбекстанға экспорт – 32,4%-ға, Ресейге – 7%-ға, Қырғызстанға – 11%-ға, Тәжікстанға – 9,7%-ға, Молдоваға экспорт 40,1%-ға артқан, сондай-ақ, жаңа нарықтар саналатын Қытайға экспорт 57,5%-ға, Нидерландыға экспорт 130%-ға өскен. Осы нарықтарға шығарылатын өңделген өнім экспортының болжамды өсімін ескерсек, тамақ өнімдерінің өндіріс көлемі 106,2%-ға дейін ұлғаяды.

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ төрағасы А. Әріпханов Елбасы тапсырмасы бойынша отандық кәсіпорындарды қаржылай және қаржылай емес қолдауды күшейту үшін алдағы 3 жылда 500 млрд теңге бағытталатынын, оның ішінде 470 млрд теңге «Бәйтерек» холдингінің құралдары арқылы бағытталатынын айтты. Оның ішінде 220 млрд теңге — бұл бұрын бөлінген қайтарылған қаражаттың қайта бөлінуі, одан 2019 жылы ҚДБ мен Даму экспортқа бағдарланған жобаларды қаржыландыруға 138 млрд теңге, 2020–2021 жж. — жыл сайын 41 млрд теңгеден бағыттайтын болады.

Өз кезегінде, сыртқы істер министрі Б. Атамқұлов мемлекеттік органдармен міндеттерді ажырату бойынша ортақ түсіністік әзірленген, соған сәйкес ҚР СІМ-нің сыртқы деңгейдегі үйлестіруші ретіндегі рөлі бекітілгенін атап айтты.

«Министрлік салалық министрліктермен бірге нысаналау және мақсатты өнім түрлерін шетелдік нарықтарға ілгерілету мақсатында жұмыс жүргізуде. Өнеркәсіптік бұйымдар мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ғана емес, құрылыс, логистика, туризм, ғарыш, қаржы, медицина және білім салаларындағы қызметтерді қамтитын тауарлық қатысуды бекіту және кеңейту мақсатында шекаралас елдермен сауданы кеңейтуге ерекше назар аударылады», — деді сыртқы істер министрі.

Б. Атамқұловтың айтуынша, экспорттық өнімді ілгерілету үшін фронт-кеңселерге айналған Министрліктің орталық аппараты мен ҚР-ның шет елдердегі мекемелерінің жұмысы қайта форматталған.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ж. Қасымбек шикізаттық емес экспорт көлемін дамыту және арттыру Үкімет жұмысының негізгі бағыттарының бірі екенін атап айтты. Өткен жылы Қазақстан $23 млрд сомасына шикізаттық емес тауарлар мен қызметтерді экспорттады. Стратегияға сәйкес 2022 ж. қарай шикізаттық емес тауарлар мен қызметтер экспортын $32 млрд дейін жеткізу міндеті тұр. Жыл сайын шикізаттық емес тауарлар мен қызметтер экспорты $2,2 млрд-қа артуы тиіс. Бүгінде барлық құралдар бар, бюджетте алдағы 3-4 жылға қаржыландыру қарастырылған. Бір ай ішінде Жол карталары әзірленеді. Оларда мемлекеттік органдардың нақты шаралары, оларды іске асыру мерзімдері, жауапты орындаушылар бекітілетін болады.