Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Қазақстанда 3 трлн теңгеге 1300-ге жуық МЖӘ жобасы жүзеге асырылған және әзірлену үстінде

06 мамыр 2019, 10:40
Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту мәселелері қаралды.

ҚР ұлттық экономика министрі Р. Дәленов мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің ел экономикасына әсері, сондай-ақ, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті жандандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Оның айтуынша, соңғы жылдары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы инвестициялар тарту ұлғайды. Бұл жалпы ішкі өнімнің өсуіне 0,2% деңгейінде үлес қосты.

1 мамырдағы жағдай бойынша жобалардың жалпы саны 2,9 трлн теңге сомасына 1285 жобаны құрайды. Оның ішінде 1,5 трлн теңге сомасына 548 шарт жасалды. Дайындық сатысында 1,4 трлн теңге сомасына 737 жоба тұр. Ең көп жобалар саны білім беру, денсаулық сақтау, энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, мәдениет және спорт салаларына тиесілі.

Республикалық деңгейде 25 жоба бар, оның ішінде 9 келісімшарт жасалған, конкурс сатысында 2 жоба және жоспарлау сатысында — 14 жоба.

Жасалған келісімшарттар саны бойынша Шығыс Қазақстан облысы, Павлодар облысы және Алматы қаласы көш бастап тұр.

Р. Дәленовтың айтуынша, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті жандандырып, рәсімдерді жеңілдету мақсатында заңнамалық түрде — бағдарламалық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жаңа құралы қарастырылған. Енді мемлекеттік-жекеменшік әріптестік рәсімдерін салалық мемлекеттік бағдарламаларда қарастыруға болады.

Білім беруді дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жоғары оқу орындары мен колледждердің жатақханаларын салу жобалары іске асырылып жатыр.

Сонымен қатар ұлттық экономика министрі «Дайын жобалар фабрикасын» құру туралы айтып берді, онда әлеуетті инвесторлар үшін жоспарланған және жүзеге асырылатын жобалар бірыңғай форматта және бірыңғай базада орналастырылатын болады. Бұдан өзге, халықаралық сарапшылардың соңғы ұсынымдарын имплементациялау жүріп жатыр. Халықаралық сарапшылар қоғамдастығымен бірлесіп, валюталық тәуекелдерді төмендету, ірі жобалар үшін халықаралық төрелік ұсыну, консорциумдар үшін мүмкіндіктерді кеңейту, жекеменшік әріптестің шығындарын өтеу рәсімдерін жеңілдету жөніндегі заңнамалық түзетулер пысықталуда.

ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р. Скляр мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асырылып жатқан жобаларға жан-жақты тоқталды. Қазіргі уақытта ҚР ИИДМ жетекшілік ететін салаларда МЖӘ тетігі шеңберінде жалпы 32 жоба іске асырылу және пысықталу сатысында, оның ішінде 10 жоба — республикалық, 22 жоба — өңірлік деңгейде пысықталуда.

«Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын (ҮАААЖ)» салу және пайдалану» жобасы бойынша концессионер мобилизациялық жұмыстарды аяқтап, құрылыс-монтаждау жұмыстарына кірісті. Жол қозғалысы 2021 жылы ашылатын болады.

«Алматы – Қорғас» (Батыс Еуропа – Батыс Қытай) автомобиль жолы учаскесінде «Нұр жолы» автомобиль өткізу пунктін салу және пайдалану» жобасы бойынша нысан 2018 жылғы 22 маусымда пайдалануға берілді. Концессионер тарапынан келісімшарт бойынша алынған міндеттемелер толық көлемде орындалуда.

«Түркістан облысының жүрдек автомобиль жолдарын салу және пайдалану» концессиялық жобасы бойынша Шымкент және Сарыағаш қалалары айналма жолдарының құрылысы (150 км) мен жалпы қашықтығы 265 км жолды пайдалануға беру көзделуде. Биыл маусым айында жобаны республикалық бюджеттік комиссия отырысына шығарып, конкурс жариялау жоспарланған.

«Жол ақысын алудың ашық жүйесі» жобасын іске асыру республикалық маңызы бар 11 мың шақырым автокөлік жолдарында ақылы жол жүйесін енгізуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда екі сатылы конкурс өткізу үшін техникалық тапсырма әзірленуде. Мамыр–қараша айлары аралығында конкурстық рәсімдер өткізілетін болады, келісімшарт жасасу желтоқсан айына жоспарланған.

Ұзындығы 153 шақырым «Шар — Өскемен темір жол желісін концессиялық негізде салу» жобасы іске асырылған. Аталған жоба бойынша концессия кезеңі 2028 жылға дейін анықталды. Одан кейін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ желісіне берілетін болады.

«Алматы стансасын айналып өтетін 73,2 шақырымдық темір жол желісінің құрылысы» жобасы бойынша бүгінгі таңда конкурстың бірінші кезеңінің қорытындысы шығарылды. Біліктілік іріктеуінен 2 Қазақстан–Қытай бірлескен консорциумы өтті. Бүгінде жеке серіктесті анықтау үшін байқаудың екінші кезеңін өткізуге конкурстық құжаттамаларды әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келісімшартқа қол қою биылғы қараша айына жоспарланған. Құрылыс жұмыстарын 2020–2022 жылдар аралығында жүргізу көзделген.

«Түркістан қаласындағы әуежайдың құрылысы» жобасы бойынша қазіргі уақытта жобаны іске асыру үшін әлеуетті инвесторды іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Алдын ала 3 компания қызығушылық танытып, ұсыныстарын берді.

Бұдан өзге, «Жүк әуетасымалы саласындағы қағазсыз құжат айналымының (e-Freight) ақпараттық жүйесін енгізу және бейімдеу» жобасы іске асырылып жатыр. Биыл наурыз айында қазақстандық әуе компанияларының қатысуымен еліміздің барлық әуежайларында тесттік режимде «е-Freight» ақпараттық жүйесі іске қосылды. Қазіргі уақытта ҚР Қаржы және Ауыл шаруашылығы министрліктерінің ақпараттық жүйелерімен интеграциялау жоспарланған.

 

Өңірлерде тұрғын-үй коммуналдық шарушылығы секторында іске асыру және пысықтау сатысында жалпы 20 жоба бар.

Сондай-ақ, Р. Скляр жылумен, сумен жабдықтау, су тарту жүйелерінде мемлекеттік сектордың үлесі 90%-дан астамды құрайтынын айтты. Сонымен қатар, аталған секторға инвестицияларды тартуды қамтамасыз ету үшін заңнамалық, қаржылық және басқа да қажетті шаралар кешені әзірленуде.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз