Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

«Ақылды» есептеу құрылғыларын жаппай орнату тұтынушылар үшін жылумен қамту қызметі төлемін төмендетуге мүмкіндік береді – Ж.Қасымбек

04 желтоқсан 2018, 17:18
Астана
Фото, бейне: primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты цифрландыру мәселелері қаралды. Инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек әлеуметтік маңызды салаларға цифрлық технологияларды енгізу барысы туралы баяндады.

Министрдің айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландыру сектордың барлық қатысушылары қызметінің  ашықтығын қамтамасыз ету үшін қажет. Сондай-ақ, бұл көрсетілетін қызметтің сапасын арттырып, сол арқылы азаматтардың секторға деген сенімін ұлғайту үшін маңызды. Ол үшін  алдымен тұрғын үйлерге құрылғыларды орнатып шығу керек.

Жалпы, бұл – ақпаратты бере алатын ақылды құрылғыларды кең ауқымды орнату жұмысы. Жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша, елімізде көппәтерлі тұрғын үйлердің 45%-на құрылғылар орнатылған. Қазір шамамен 50 мың үйде жалпылай есептеу құрылғылары бар, тағы қосымша 62 мың құрылғы қажет.

Инвестициялар және даму министрінің берген ақпаратына сәйкес, жалпылай үйге орнатылатын жылу есептеу құрылғыларының арқасында ауданы 60 шаршы метр екі бөлмелі пәтердің жылу төлемі  орта есеппен 36%-ға дейін немесе 2720 теңгеге азаяды. Бүкіл ел бойынша бұл үнемдеу жылына 32,5 млрд теңгеге жетуі мүмкін.

Ж. Қасымбек Ақтөбе қаласындағы 29,8 м2 пәтердің төлем түбіртегін мысал ретінде көрсетті. Түбіртекте 2017 жылдың қазан айында жылыту құны 3547 теңге болған. Жылуды есептеу құрылғысы мен автоматты жылу пунктін орнатқаннан кейін 2018 жылдың қазан айында жылыту құны  466 теңгені құрады, яғни 3081 теңге үнемделген.

«Жалпы үйлік жылуды есептеу құрылғылары мен автоматты жылу пункттерін кең ауқымда енгізу үшін екінші деңгейдегі банктердің инвестициялары мен қаражатын тарту бойынша құжаттар дайындап жатырмыз», — дейді министр.

Сонымен қатар, бүгінгі күні пилоттық режимде e-SHANYRAQ атты Тұрғын үй қоры мен Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бірыңғай ақпараттық жүйесі құрылған. Жүйе тұрғындардың онлайн режимде үйді басқару ісіне қатысуына мүмкіндік береді. Ашықтығы мен қаражатты бақылап, басқарушы компанияның шоттарында мақсатты жұмсалуын қарап отырады. Тұрғындар есеп айырысу көрсеткіштері мен мақұлданған тарифтер негізінде қаншалықты дұрыс есептелгенін тексере алады.

«Пилоттық жобаны іске асыру аясында 2018 жылдың соңына дейін е-SHANYRAQ жүйесіне 190 көппәтерлі тұрғын үйді қосу жоспарланған. Жыл соңына дейін көппәтерлі тұрғын үйлерге шамамен 2 мыңнан астам техникалық паспорт және 4 мыңнан астам есептеу құрылғыларын қосу жоспарланып отыр.  2022 жылы 100%-ға қосылады деп күтіп отырмыз», — деп хабарлады Ж. Қасымбек.

Министрдің айтуынша, е-SHANYRAQ жүйесін өнеркәсіптік пайдалануға енгізу мақсатында заңнамаға өзгертулер енгізу қажет. Қазіргі уақытта «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заң жобасына енгізілген өзгертулер ҚР Парламентінің қарауында жатыр.

Сондай-ақ, жаңа технологияларды енгізу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда Қазақстан аумағында пилоттық жобаларды іске асыру үшін Астана, Алматы, Атырау және Тараз қалаларында аумақтар анықталды. 30 қарашада Мерус (Merus) неміс компаниясы «Астана-Теплотранзит» АҚ-мен бірге Астана қаласында ұзындығы 24 км болатын болат құбырына тоттануға қарсы технологияларды қолдану апробациялық жобасын бастады. Сондай-ақ, Алматы қаласында «Митсуи» (Mitsui & Co) жапондық компанияның тоттануға қарсы технологиясын қолданудың пилоттық жобасын іске асыру мүмкіндігі пысықталуда.

«Жүргізілген сынақ нәтижесі бойынша технологияларды жаппай енгізу және Қазақстан аумағында осы жабдықты өндіру туралы шешім қабылданатын болады. Тоттануға қарсы жаңа технологияларды қолдану арқылы 100 км желіні жаңғыртуға жұмсалатын қаржыны 16 млрд теңгеден 2,4 млрд теңгеге дейін азайтып, жылу желілерін пайдалану мерзімін 30 жылға дейін ұзартуға болады», — дейді министр.

Жоғарыда аталған ұсыныстар іске асырылса, министрліктің болжамы бойынша, жалпылай тиімділік 2,4 трлн теңгеден 3,9 трлн теңгеге дейін жетеді. Мемлекеттік бюджетке түсетін жүктеме 6,7 есеге төмендейді. Желілердегі шығындарды 9%-ға дейін төмендету есебінен жылына 52,7 млрд теңге үнемделеді. Алғашқы ресурстарды үнемдеу CO2 шығарылуын жылына 5,8 млн тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.  Жылу желілеріндегі шығындарды төмендету есебінен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың энергия тұтынуы 17%-ға дейін азаяды деп болжануда.

Жалпы, жоғарыда аталған ұсыныстарды іске асыру үшін, Ж.Қасымбек атап өткендей, келесі жылы  көппәтерлі тұрғын үйлердің және өзге де объектілерге толық түгендеу жүргізу, барлық табиғи монополия субъектілерін тұрғын үй қоры мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бірыңғай ақпараттық жүйесіне қосуды қамтамасыз ету, энергосервистік келісімшартты енгізу, қаржыландыру мен құрылғыларды енгізудің жаңа механизмдерін әзірлеу, есептеу құрылғылары  бойынша бірыңғай техникалық талаптарды әзірлеу, сонымен қатар жаңа технологияларды қолданудың тарифтік ынталандыру механизмдерін күшейту қажет.

Сонымен қатар, құрылыс саласын цифрландыру мәселесінде, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында құрылыс саласының сапасын бақылауды күшейту жүргізілуде. Қазіргі кезде құжаттарды қағаздық нұсқадан электронды нұсқаға ауыстыру іске асырылып жатыр. Бұл құрылыстағы бизнес-процестердің ашықтығын қамтамасыз етеді. Осы проблеманы шешу үшін «Бірыңғай цифрлық портал» құрылды, оның ақпараттық жүйесі пилоттық режимде Астана қаласындағы объектілерде сынақтан өткізілуде. Құрылыс процесінің негізгі қатысушылары мердігер ұйым, техникалық қадағалау, авторлық қадағалау болып табылады, олар электронды сандық қолтаңбаның көмегімен осы порталға рұқсат алады және өз құзыреті аясында фукнцияларды іске асырады. Сондай-ақ, барлық мүдделі мемлекеттік органдардың бұл жүйеге қосылу мүмкіндігі артықшылықтарының бірі болып табылады.

«Портал құрылыстың барлық кезеңдерін – қазандықтан бастап құрылыстың аяқталуына дейінгі кезеңді қамтиды. Жасырын жүргізілген жұмыстардың барлығы тек қана актілермен аяқталмай, сонымен бірге фото және бейне форматта сақталатын болады. Портал ішкі бақылау журналының көмегімен отандық өндіріс материалдарының қолданылуын қадағалауға мүмкіндік беретінін атап өткен жөн», — деді Ж. Қасымбек.

Сонымен қатар, нақты уақыт режимінде құрылыс нысанын видео-трансляция арқылы бақылауға болады. Сондай-ақ, бұл жүйе нысанды пайдалануға бергенге дейінгі құрылыстың барлық кезеңдерінде сапаны бақылауды қамтамасыз етеді. Әрбір қатысушының сапа туралы қорытындыға, орындалған жұмыстардың сәйкестігі туралы қорытындыға, тиісті декларацияға электронды форматта  қол қою мүмкіндігі болады. Одан кейін тапсырыс беруші нысанды пайдалануға қабылдау актісіне қол қояды және тіркеу үшін Мемлекеттік корпорацияға жолдайды.

Осылайша, «Бірыңғай цифрлық порталды» енгізу құрылыстың сапасын және процестердің ашықтығын арттырады. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін құрылыс кезінде қолданылған фото және видео-тіркеу жабдықтары жалпықалалық бейнебақылау жүйесіне қосылады. Пилоттық жоба аясында ақпараттық жүйені жетілдіру жүргізілуде. Барлық тиісті рәсімдер жүргізілгеннен кейін 2019 жылы осы порталды өнеркәсіптік пайдалануға беру жоспарлануда.

Премьер-Министрдің орынбасары А. Жұмағалиев Тұрғын үй қорының және ТКШ бірыңғай ақпараттық жүйесі e-SHANYRAQ өз жұмысын пилоттық режимде бастағанын атап өтті. Келесі жылдан бастап өндірістік интернет, блокчейн және Big Data тәрізді технологиялар енгізілетін болады. Бұл бағытта заңнамалық нормалар енгізіліп жатыр. Құрылысты цифрландыру бойынша жер мәселелері қарастырылуда, бизнес-процестер оңтайландырылды. Мәселен, құрылысқа лицензия алу рәсімі 15 күннен 5 күнге дейін қысқартылды. Құрылыс процестерін автоматтандыру мақсатында жол карталары бекітілді. Аталған жобалар аясында бірнеше отандық АТ жобалар енгізілгенін айта кеткен жөн. 2019 жылы онлайн берілетін болады. Басқа бағыттар бойынша жұмыстар жалғастырылады.

Аймақтарда жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев пен Алматы қаласының әкімі Б. Байбек баяндады.

Аталмыш сұрақты қарастырған соң ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс дұрыс бағытта жүргізіліп жатқанын, сондай-ақ Инвестициялар және даму министрлігіне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтағы барлық пилоттық жобаларды аяқтауды және экономикалық тиімділікті есептеуді тапсырды.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз