Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Бақытжан Сағынтаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» одан әрі іске асыру бойынша бірқатар нақты тапсырма берді

22 қаңтар 2019, 12:37
Фото: primeminister.kz

Бүгін Үкімет отырысында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру мәселесін қарау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалуын бақылауда ұстауды тапсырды. Аталған бастамалардың еліміздің барлық дерлік тұрғынының мүдделеріне әсері бар.

Білім және ғылым министрі Е. Сағадиевтің, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымованың, энергетика министрі Қ. Бозымбаевтың, ұлттық экономика бірінші вице-министрі Р. Дәленовтың және ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А. Евниевтің, сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметовтың, Астана қаласының әкімі Б. Сұлтановтың, Шымкент қаласының әкімі Ғ. Әбдірахымовтың баяндамаларын тыңдағаннан кейін Премьер-Министр Президенттің бес әлеуметтік бастамасы — бұл Мемлекет басшысының ауқымды бағдарламасы, оның әр адамның өміріне әсері бар екенін атап өтті. Сондықтан әрбір бастаманы сапалы жүзеге асыру қажет.

Бірінші бастама бойынша жұмысты жалғастыру қажет, сондай-ақ Ұлттық банктің отырыста айтылған ұсыныстарын қарастыру керек. Биыл «7–20–25» бағдарламасының қазіргі кедергілерін жойып, іске асыру барысын жеделдету қажет.

Салық жүктемесін азайтуға қатысты екінші бастама орындалды.

Үшінші бастама қосымша білім гранттарын беру тұрғысынан орындалды. Енді жатақханалар салу мәселесі қалды. ҚР БҒМ деректеріне сәйкес, биыл алғашқы жатақханалар салынады. Премьер-Министр биыл жоспарланған 5 мың орынды пайдалануға беру қажет екенін айтты. Бұдан өзге, Білім және ғылым министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, отырыс барысында айтылған ұсыныстарды пысықтау тапсырылды.

Төртінші бастамаға қатысты, шағын несиелер бойынша жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу қажеттігі аталып өтті. Сонымен қатар, аталған мәселенің, әсіресе қалаларда, орындалу сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлу керек. Ұлттық экономика, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері тарапынан үйлестіру жұмыстарын күшейту тапсырылды. Бұдан өзге, өңірлерде берілген шағын несиелердің игерілуін қамтамасыз ету мақсатында себептерін талдап, кедергілерді жою тапсырылды. Аталған мәселеде бағдарламаға «Бизнес-Бастау» жобасының түлектерін тарту тұрғысынан «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ерекше рөлі аталып өтті.

Бесінші бағытты орындау тұрғысынан «Сарыарқа» газ құбырын уақытылы салып, іске қосуды қамтамасыз ету қажет. Энергетика министрі Қ. Бозымбаевқа бұл мәселені ерекше бақылауда ұстау тапсырылды.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз