Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

«Экспо-2017» мұрасы: 99 жоба әкімдіктер мен ірі компаниялардың жұмысына енгізу сатысында тұр

07 тамыз 2018, 11:33
Фото: primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Экспо-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінде көрсетілген жобаларды енгізу және пайдалану туралы энергетика министрі Қ. Бозымбаев пен білім және ғылым министрі Е. Сағадиев баяндады.

Қазіргі таңда енгізу үшін 115 технология іріктелді (әкімдіктер — 102 технология, компаниялар — 13 технология). Осы ретте, 16 технология бүгінде пайдаланылып жатыр, 2018 жылдың соңына дейін 20 технология енгізіледі. Қ. Бозымбаевтың айтуынша, бүгінде әкімдіктер мен компаниялар аталған технологияларды енгізу бойынша жол карталарын әзірлеп, бекітті.  

Энергеткиа министрі Қ. Бозымбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта мұнай мен газ саласында Ресей, АҚШ, Қытай мен Финляндияның 9 технологиясы анықталды, олардың ішінде 7 технологияны әкімдіктер, 2 технологияны компаниялар таңдады. «Электр энергетикасы» бағыты бойынша 72 технология анықталды, оның ішінде 63-ін әкімдіктер таңдады.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «Ембімұнайгаз» АҚ, «ҚазТрансОйл» АҚ, «KEGOC» АҚ компаниялары бұған дейін таңдаған 9 технология бойынша жұмыстарын жалғастыруда. «Көмір» бағыты бойынша 3 технология таңдалды. Бұл технологиялар 2019–2020 жылдары енгізіледі. «Экология» бағыты бойынша әкімдіктер мен компаниялар тұрмыстық және өнеркәсіптік науаларды тазарту, ауа сапасын бақылау және қалдықтарды басқару саласында 31 технологияны таңдады», — деді Қ. Бозымбаев.

ҚР Энергетика министрлігінің деректеріне сәйкес, әкімдіктер мен компаниялар осы технологияларды бекітілген жол карталарына сәйкес енгізу бойынша белсенді жұмыстар жүргізіп жатыр. Бірінші кезеңде әкімдіктер дәстүрлі отынды пайдалануды азайтуға, қалалық ортаны жақсартуға және атмосфераға зиянды шығарындыларды азайту арқылы қоршаған ортаны жақсартуға мүмкіндік беретін 16 технологияны енгізді.

Ақтөбе облысының әкімдігі 6 технологияны енгізді: «AN Bonus» жел электр станциялары (Германия) «Зару» ШҚ және «Жел энерго» ЖШС-да енгізілді. «General Electric International Inc» GE санатындағы редукторлар (АҚШ), «General Electric International Inc» мұнай-газ саласына арналған детандерлер (АҚШ), тұзасты кешенінің ұңғымаларында жер асты қыртыстарын гидравликалық жару және бір мезетте құматқыш перфорация технологиясы (Қытай), мұнай мен газ өнімін автоматты топтық өлшеу құрылғылары (Қытай).

Бұдан өзге, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктері «Смарт орындық» технологиясын енгізді. Алты смарт орындық Қарағанды қаласында, төрт орындық Петропавл қаласында орналастырылды. Қостанай облысының әкімдігі «Vissmann қазандық қондырғы» неміс технологиясын енгізді. Осы технологияны енгізумен жылумен жабдықтаудың сапасы жақсарды және жылу энергиясының өнімділігі артты.

Сонымен қатар Қостанай облысының әкімдігі қытайлық «күн батареялары» технологиясын енгізді. Бұл технология Лисаковск қаласында ұзындығы 1,7 км болатын автономды жарықтандыру желісімен енгізілді. Электр энергиясын төлемінің үнемділігі жылына 1 млн теңгені құрайды. Осы облыстағы Наурызым және Денисов аудандарында қытайлық «гибридті жел-күн электр станциясы» технологиясын енгізілді. Қуаттылығы 4 кВт болатын бұл технология жарықтандыру үшін саябақта орнатылған.

Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктері «ұзақ жанатын қазандықтар» неміс технологиясын енгізді. Қазіргі уақытта Павлодар облысының Железин ауданындағы 23 білім беру мекемесінде орнатылды. Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен облыс нысандарында 73 қазандық орнатылды. Бұл технология отын шығынын 1,5–2 есеге дейін азайтуға мүмкіндік береді. Ол бұрынғы қазандықтарға қарағанда 8 есе экологиялық тиімді.

Сонымен қатар, 2018 жылы Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі «Биомассадағы қазандықтарды орнату» поляк технологиясын енгізді. Артықшылығы — күлдің және атмосфераға шығарылатын зиянды заттардың болмауы, сондай-ақ көмірлі қазандықтарға қарағанда 2 есе үнемді. Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен бюджеттік саладағы нысандарда және кәсіпкерлік нысандарында 73 қазандық орнатылған.

Қ. Бозымбаев сондай-ақ отандық технологиялардың енгізілуі туралы баяндады. Олардың қатарындағы ғалым А. Әлімғазиннің «SN-62 маркалы жылу сорғысы» жобасы Қостанай облысының әкімдігімен Әулиекөл ауданында күн энергиясы есебінен суды тікелей жылыту үшін енгізілді. Ғалым А. Болотовтың «Болотовтың жел роторлы турбинасы» жобасы Қостанай облысының әкімдігімен енгізілді. Ғалым А. Жылқашинованың Экспо көрмесінде көрсетілген «қуаты 500 кВт бөгетсіз тиімді шағын-СЭС» жобасы Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласындағы Кедровка өзенінде іске асырылатын жобалардың тізіміне енгізілді. Ал ғалым Д. Байсейітовтің «Гелиоколлекторлар пайдаланылатын гелиоқазандықтар» жобасын «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ 2018 жылы енгізуді жоспарлап отыр.

Өз кезегінде, білім және ғылым министрі Е. Сағадиев көрмеде ұсынылған жаңа технологияларды пайдалану аясында белгіленген мерзімге сәйкес белсенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Қазіргі кезде шетелдік университеттермен, компаниялармен, ұйымдармен, ЖОО-лармен, ведомстволық бағынышты ҒЗИ-мен жасалған келісімдердің, келісімшарттар мен меморандумдардың нәтижесінде 14 бағдарлама мен жоба іске асырылып жатыр, оның ішінде 12-сі ЖОО-ларда», — деді Е. Сағадиев.

Бұдан өзге, Экспо-2017 материалдарын білім беру процесіне енгізу мен пайдалану аясында Петропавл қаласында балаларға арналған АT орталығы бар Оқушылар сарайының құрылысы, сондай-ақ, республика өңірлерінде Оқушылар сарайларының базасында 6000-нан астам оқушыны қамтитын, балаларға арналған 7 технопарк пен 1500-ден астам бала оқитын 12 бизнес-инкубатор құру жоспарланған.

Сондай-ақ, отырыс барысында өңірлерде жобаларды енгізу туралы Алматы облысының әкімі А. Баталов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметов, Қостанай облысының әкімі А. Мұхамбетов, Астана қаласының әкімі Ә. Исекешев, Алматы қ. әкімі Б. Байбек баяндады.

Мәселені қарау қорытындысын шығара отырып, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев баяндамаларға сәйкес, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша сарапшылар тобы Экспо-2017-де көрсетілген 133 технологиядан тізім жасай отырып, олардың ішінен 115-ін іріктеп, бүгінде жұмысқа кірісіп кеткенін жеткізді. 16 жоба енгізілді, осы жылдың соңына дейін 20-сын енгізу жоспарланған және тағы 99 жоба іске асыру сатысында тұр.

«Көріп отырғанымыздай, нәтижелер жаман емес, дегенмен осымен тоқтап қалмау керек. Себебі, баяндамаларға сәйкес, барлық облыстарда жұмыс бірдей деңгейде жүргізіліп жатқан жоқ. Кейбіреулері алда болса, кейбір өңірлерде бұл бағытта ешқандай жұмыс атқарылып жатқан жоқ», — деді Премьер-Министр.

Осыған орай облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдіктеріне, сондай-ақ ұлттық басқарушы холдингтер мен компанияларға озық технологияларды енгізу жұмыстарын барынша жандандыру тапсырылды. Биыл енгізу көзделген жобалар міндетті түрде жүзеге асырылуы тиіс.

Бақылау жұмыстары ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминге жүктелді.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз