Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Кәсіпкерлікті дамытуға арналған жағдайлар жүйелі негізде жақсартылады — Т. Сүлейменов Қазақстанның «Doing Business» рейтингіндегі позициясын арттыру туралы

06 қараша 2018, 16:10
Фото: primeminister.kz

Бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында бизнес-ортаны одан әрі жақсарту жөніндегі шаралар қаралды. Еске сала кетейік, бұған дейін «Doing Business 2019» рейтингінің қорытындылары жарияланды, оған сәйкес Қазақстан әлемнің 190 елінің арасында 28 орынды иеленді.

Ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменовтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша әлемнің 30 озық елінің қатарына кіру жөніндегі міндетті орындады.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сәйкес, Қазақстан «Doing Business 2019» рейтингінің қорытындыларына сәйкес өзінің рейтингін соңғы 11 жылда 36 тармаққа жақсартты. Еліміз Испания (30), Франция (32), Польша (33), Португалия (34), Швейцария (38), Жапония (39), Түркия (43) секілді ЭЫДҰ елдерінен озды және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің арасында жетекші орынға ие болды (Ресей (31), Беларусь (37) және Армения (41).

Биыл Дүниежүзілік банк 5 индикатор бойынша 9 реформаны есепке алды. Алайда, биылғы рейтинг есебінде ескерілген барлық реформалар өткен жылғы реформалар болып табылады. 6-топтаманың реформалары Дүниежүзілік банк есебінің келесі басылымдарында резерв ретінде бағаланады.

6-топтаманың реформалары.

1. Кәсіпорындарды ашу:

  • Банк шотын қашықтықтан ашу;

  • Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын міндетті сақтандыру;

  • Мөрді талап ету.

2. Құрылысқа рұқсат алу:

  • Жер учаскесін бөлу;

  • СЖТ және техникалық талаптарды алу;

  • Құрылыстың басталғаны туралы хабарлама алғаннан кейін МСҚБ тексеруі;

  • Тәуекелдерді бағалау қағидаты бойынша құрылыс объектілерінің инспекциялары;

  • Жаңа объектілер үшін техникалық паспортты алып тастау;

  • Объектіні пайдалануға беру актісін «бір терезе» қағидаты бойынша келісу.

3. Электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу:

Аккредиттелген зертханалардан сынақ жүргізуге хаттама алу.

4. Меншікті тіркеу:

  • Жылжымайтын мүлік тізіліміндегі ақпараттың дұрыс болмауына байланысты келтірілген зиян үшін мемлекеттік кепілдіктер;

  • Жылжымайтын мүлікке құқықтарды «бір терезе» қағидаты бойынша екінші рет тіркеу.

5. Несие алу:

Бөлінетін өнімдерге, кірістер мен өнімдерге жылжымалы мүлікке кепіл құқығын автоматты түрде тарату.

6. Халықаралық сауда:

Кеден баждарын электрондық шлюздар арқылы аудару көмегімен экспортқа кететін уақытта қысқарту.

7. Төлем қабілетсіздігін шешу:

Оңалту жоспарын мақұлдау бойынша дауыс беру кезінде кредиторларды санаттарға бөлу.

«Кәсіпорындарды ашу» — бірінші индикаторына қатысты Қазақстан ҚҚС бойынша тіркеу есебіне қою мерзімдерін 5-тен 1 жұмыс күніне дейін қысқарту бойынша реформаны іске асыру есебінен 5-позицияға көтеріліп, 36-орынға ие болды. «Халықаралық сауда» индикаторы бойынша 21 позицияға көтеріліп, рейтингтің 102-орнына орналасты.

«Кеден органдары қызметкерлерінің қатысуынсыз электрондық түрде шығарылған тауарларға декларациялар саны 2018 жылғы 25 қазандағы жағдай бойынша 600 мыңнан асты. Кедендік декларациялау үшін құжаттар саны бір құжатқа дейін азайтылды. Тауарлар мен көлік құралдарын кедендік ресімдеуге арналған қаржы шығындары қысқартылды», — деді Т. Сүлейменов.

«Келісімшарттардың орындалуын қамтамасыз ету» индикаторы бойынша Қазақстан өткен жылмен салыстырғанда 2 позицияға көтеріліп, 4-ші орынға ие болды. Аталған индикатор бойынша сот шешімдерін және сот жұмысының нәтижелері туралы статистикалық есептерді ашық қолжетімділікте жариялау бойынша 2 реформа есепке алынды. Бүгінде, «Сот кабинеті» сервисі шеңберінде үйден немесе кеңседен шықпай, сотқа талап-арыз беру және мемлекеттік бажды онлайн режимінде төлеу мүмкіндігі берілді. Мәселен, электронды түрдегі электрондық өтініштердің үлесі 90%-дан астамды құрайды. Келесі индикатор – «Құрылысқа рұқсат алу», Қазақстан 17-позицияға көтеріліп, 35-орынға ие болды.

«Дүниежүзілік банк үш реформаны есепке алды. Бірінші. Тапсырыс берушінің жер теліміне құқығы болған жағдайда жергілікті атқарушы органдардан құрылысқа қосымша рұқсат алу қажеттігі жойылды. Екінші. Алматы қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасының эскизді (эскиздік жобаны) бекіту мерзімі 15-тен 10 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Үшінші. Құрылыстың басталуы туралы хабарламаны электрондық форматта жіберуді көздейтін хабарлама тәртібіне көшуге байланысты құрылысқа рұқсат алу алынып тасталды. Бүгінде хабарламаны онлайн режимінде жіберу 10 минуттан аспайды», — деді ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов.

«Несие алу» индикаторы аясында Қазақстан 17-ші позицияға көтеріліп, 60-шы орынға ие болды. Кепілмен қамтамасыз етудің нақты сипаттамасын талап етпей және кепіл затын бағаламай кепіл затын жалпы сипаттау бойынша реформа есепке алынды. «Төлем қабілетсіздігін шешу» индикаторы бойынша Қазақстан 2 позицияға көтеріліп, 37-ші орынға ие болды. «Миноритарлық инвесторларды қорғау» индикаторы бойынша еліміз 1-ші орынды сақтап қалды.

«Қоғамның бағалы қағаздарына инвестициялар салған миноритарлық акционерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғалғаны белгіленді, қоғам, акционерлер, директорлар кеңесінің мүшелері мен өзге де мүдделі тұлғалар арасындағы қарым-қатынастарда сенім деңгейін арттыру қамтамасыз етілді. Бизнесті дамыту шарттарын нақты жақсартуға бағытталған жұмыс бұдан әрі жүйелі негізде жалғасатын болады», — деп түйіндеді ұлттық экономика министрі.

Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының заңнамасына «Doing Business» рейтингінің түйінді индикаторлары бөлінісінде жүйелі өзгерістер енгізуді көздейтін кезекті 7-ші түзетулер топтамасымен жұмыс жүргізіліп жатқанын атап кеткен жөн.

Өз кезегінде, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы А. Мырзахметов мемлекет пен бизнестің үйлесімді жұмысын атап өтті. 10 басты индикатордан Қазақстан 6 индикатор бойынша өзінің позицияларын жақсартты. Түзетулердің алтыншы пакетіне Мемлекет басшысы жария түрде қол қойды. Палата 500 жуық ұсыныс жасады, оның басым бөлігі қабылданды. А. Мырзахметовтің айтуынша, бұл жұмыстың бір бағытта жүргізілетінін көрсетеді.

Отырыс барысында сонымен қатар Қазақстан төменгі позицияда қалып отырған «Салық салу», «Электрмен жабдықтау жүйесіне қосу», «Жеке мүлікті тіркеу» индикаторларын жақсарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы тиісті министрліктердің түсіндірмелері тыңдалды.

Мәселені қарау қорытындысын шығара отырып, Премьер-Министр жұмыстың едәуір көрсеткіштерін атап өтті. Алайда, қол жеткізген нәтижелермен шектеліп қалуға болмайды. Үкімет бизнестің үздіксіз дамуы үшін барынша қолайлы жағдайлар тудыру бойынша жүйелі жұмыстар атқарып жатыр. Заңнамаға енгізілетін, бизнес ортаны жақсарту бойынша түзетулердің 7-ші пакеті қазір Парламент қарауында. Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жыл соңына дейін заң жобасының Парламенттен өтуін қамтамасыз ету тапсырылды. Бұл келесі жылға индикаторларды жақсартуға мүмкіндік береді.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз