Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ҚР Үкіметінде жастарды әлеуметтендіру және жұмыспен қамту жөніндегі жол картасының жобасы мақұлданды

18 қыркүйек 2018, 10:41
Астана
Фото: primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жастарды әлеуметтендіру және жұмыспен қамту жөніндегі жол картасының жобасы (NEET) қаралды.

NEET (Not in education, employment or training) түсінігі «еш жерде оқымайтын, жұмыс істемейтін және біліктілігін арттырмайтын» деген мағынаны береді. Мәселенің маңыздылығын ескере отырып, NEET-жастар тақырыбына жан-жақты талдау жұмыстары жүргізілді. Қоғамдық даму министрлігі 18-ден 29 жасқа дейінгі жас аралығындағы NEET-жастарды, оның ішінде 2018 жылғы түлектерді жұмыспен қамту және әлеуметтендіру бойынша жол картасын қабылдау бойынша жұмыстар жүргізді.

Қоғамдық даму министрі Д. Кәлетаевтың айтуынша, батыс тәжірибесінде, мәселен, Жапонияда, NEET — жастардың еңбек нарығынан және білім алудан өз еркімен бас тарту элементін білдіреді. Мұндай бейәлеуметтік мінез-құлықтан, жылдам топтанатын әлемнен «қашуға» әрекеттену көзделеді. Жастар өзінің жеке бірегейлігін табуға ұмтылады және қолданыстағы әлеуметтік құрылымда өздерін қолайлы сезіне бермейді. Осыдан суицидке бару, девианттылық, терең әлеуметтік жатсыну секілді проблемалар туындайды. Отбасы құндылықтарының бұзылуы орын алады.

«Халықаралық еңбек ұйымының 2017 жылғы баяндамасында 20 жылдың ішінде әлемдегі жастардың саны 139 млн адамға артқаны, ал жұмыспен қамтудың үлесі 35 млн адамға кемігені көрсетілген», — деп Д. Кәлетаев, жастардың жағдайы мен көңіл-күйлеріне жалпы жұмысқа тұрудағы тапшылық әсер ететінін жеткізді.

Сонымен қатар, қоғамдық даму министрінің айтуынша, Қазақстанда жастарды жұмыспен қамту алға басуда.

Әлеуметтендірудің ешбір әдістерімен қамтылмаған 14-тен 29 жасқа дейінгі жастардың үлесі 2001 жылғы 18,6%-дан биыл (2018 жылғы ІІ тоқсан) 7,7%-ға дейін кеміді. Алайда, бірқатар жіті назарға алатын мәселелер бар.

Жастарды әлеуметтендіру және жұмыспен қамту жөніндегі жол картасы (NEET) 7 санаттағы халықты қамту шараларын көздейді: асыраудағы адамдар, жас әйелдер, фрилансерлер, ауыл жастары, мүмкіндігі шектеулі адамдар, аз қамтылған отбасылардан шыққандар және жастардың бейәлеуметтік топтары (бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан, есірткі және ішімдікке тәуелді, оңалтудан өтіп жатқандар). Үш түрлі жас мөлшерінде жастарды қамту жоспарланған: кіші жас тобы — 18-ден 22 жасқа дейін, орта жастағы кіші топ — 22-ден 24 жасқа дейін, ересек жастағы кіші топ — 25-тен 29 жасқа дейін.

Жол картасы NEET жастарымен жұмыс үшін кешенді жұмыс жасауды талап етеді:

1. Кәсіптік бағдар: кәсіпті таңдау бойынша жастар үшін консультациялық орталықтарды құру; болашақтағы перспективалық кәсіптер туралы жастарды бағдарлау үшін функционалдық шолулар өткізу.

2. Техникалық және кәсіптік білім беруді жолға қою: қосарлы білім тиімділігін арттыру; инженерлік кадрларды дайындауды есепке алып колледждерде құзыреттілік орталықтарын құру.

3. Жастарды мемлекеттік қолдау және дамыту шаралары туралы жастарды ақпараттандыру деңгейін арттыру: еңбек нарығында жастардың тарапынан сұраныс және ұсыныс картасын әзірлеу; бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастыру тәжірибесін жалғастыру; ақпараттық науқан мен қоғамдық тыңдауларды жүргізу.

4. Жастар кәсіпкерлігін дамыту: жастардың жобаларын бизнес-жоспарды ұсынған кезде мемлекеттік гранттық қаржыландыру мәселесін енгізу.

5. Әскери-патриоттық тәрбие.

6. Жастар ресурстық орталықтарының қызметтерін жетілдіру.

7. Тұрғын үй мәселесін шешу: жастардың тұрғын үй кооперативтерін құру; Алматы қаласының тәжірибесін негізге ала отырып, өңірлік тұрғын үй бағдарламаларын құру.

8. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және гранттық қаржыландыру құралдарын бейімдеу: балаларды тастап кетуге жол бермеу үшін жалғыз басты жас аналарға қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөлу.

9. Әдістемелер мен заңнамаларды жетілдіру: еңбек заңнамасына NEET түсінігін нормативтік-құқықтық бекіту мүмкіндігін қарастыру; NEET жастар бойынша мақсатты зерттеулер жүргізу; «Еңбек нарығы» автоматтандырылған ақпараттық жүйе шеңберінде NEET санатындағы жастарды есепке алу жүйесін ұйымдастыру; NEET жастардың негізгі әлеуметтік бейнесін анықтау мақсатында диагностикалық және мониторингтік әлеуметтік зерттеулер жүргізу.

10. Салауатты өмір салты: жастардың көп жиналатын орындарында воркаут-алаңдарын жоспарлау.

«Осы ретте біз «Рухани жаңғыру» бағдарламасын негізге ала отырып, жас ұрпақтың әлеуметтік шеттелуін қысқартуға ықпал ете аламыз», — деп түйіндеді Д. Кәлетаев.

Өз кезегінде, білім және ғылым министрі Е. Сағадиев республикада жастар арасында жұмыссыздық деңгейінің азайғаны байқалатынын атап өтті.

«2015 жылмен салыстырғанда жастар арасындағы жұмыссыздық 4,2%-дан 2017 жылы 3,8%-ға дейін төмендеген. Бұған «Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020», «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға!», «Жастар практикасы», «Мәңгілік ел жастары – индустрияға! (Серпін)» секілді және тағы басқа әлеуметтік бағдарламалар мен жобаларды орындау арқылы қол жеткізілді», — деді Е. Сағадиев.

Білім және ғылым министрлігінің деректеріне сәйкес, соңғы жылдары кадрлар даярлау сапасы жақсарды және түлектерді жұмысқа орналастыру көрсеткіші жоғарылаған. Колледж бітірушілерді жұмысқа орналасу көрсеткіштері 2012 жылмен салыстырғанда 12,6 %-ға артты. Сонымен бірге, соңғы он жылда өзін жұмыспен қамтыған жастар саны азайды. Жол картасы жобасындағы 30 іс-шараның 14 бойынша ҚР БҒМ бірлескен орындаушы болып табылады, олардың қатарында — техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту шаралары да бар.

«2014 жылдан бастап «Серпін» жобасы іске асырылып жатыр. Қазіргі таңда Жоба аясында 9 облыстағы 26 ЖОО-да 12 344 студент және 7 өңірде 37 колледжде 2276 студент білім алуда. Жалпы, аталған жоба жастар, әсіресе, әлеуметтік статусы төмен отбасындағы жастар арасында үлкен қызығушылық туғызуда және олар-дың кәсіби дамуына әлеуметтік лифт болып табылады», — деді Е. Сағадиев.

Айта кету керек, жоба аясында бітірушілерді жұмыспен қамту үш жақты келісімге сәйкес жүзеге асады, яғни шарт білім беру ұйымы, жұмыс беруші мен білім алушы арасында жасалады. Сонымен бірге, 2017 жылдан бастап баршаға арналған тегін техникалық-кәсіптік білім беру жобасы іске асырылуда. Осы жобаға сәйкес барлық ниет білдірушілердің тегін кәсіпті алуға мүмкіндігі бар. Жоба шеңберінде колледждерде мемлекеттік білім беру тапсырысы 54%-ға дейін көбейді. Одан басқа, қосарлы білім беруде енгізу бойынша жұмыстар қарқынды түрде жүріп жатыр. Аталған жүйе 460 колледжге енгізілді, оған 3055 кәсіпорын қатысады, 31 мың студент білім алуда.   

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова өз баяндамасында 2018 жылғы ІІ тоқсанның қорытындысы бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,8%-ды немесе 82,4 мың адамды құрағанын айтты. Бұл республикадағы жұмыссыздықтың деңгейінен төмен.

«Жұмыспен қамтылған жастардың жалпы саны 2,1 млн адамды құрайды. Жұмыспен қамтылған жастардың 1,5 миллионы жалдамалы жұмыскерлер, ал 456 мыңы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарына жатады. Жастардың 36%-ында жоғары білімі, 39%-ында арнайы орта білімі бар. Ал жастардың 25%-ының білімі негізгі, орта білім деңгейінде», — деді М. Әбілқасымова. 

Оның айтуынша, елімізде жыл сайын 21 мыңнан астам адам техникалық және жұмысшы кәсіптеріне оқытылады. Осы жоба бойынша жастар қатарынан 38 мың адам оқытылды.

Сондай-ақ, өңірлердегі жағдайлар туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі А. Көлгінов, Қарағанды облысының әкімі Е. Қошанов, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары С. Аманғалиев баяндады.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз