Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

2019 жылдан бастап ауруханалар мен емханалар қағазсыз форматқа ауыстырылады — О. Әбішев

22 маусым 2018, 14:25
Астана
Фото: primeminister.kz

Бұл туралы бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев айтты.

10 қаңтарда Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ақпараттық жүйелерді интеграциялау, электронды денсаулық паспорттарын енгізу және «қағазсыз» ауруханаларға көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі пен тиімділігін арттыруды тапсырған болатын.

Денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру барысы туралы баяндай отырып, вице-министр емделуші денсаулығының экожүйесі емделушіге бағдарлануға бағытталғанын және төрт бағытқа сараланғанын атап өтті:

  1. Сауықтыру және профилактика;
  2. Ауруларды ерте анықтау;
  3. Медициналық көмек көрсету;
  4. Ауруларды басқару және оңалту.

Денсаулық экожүйесін цифрландыру мерзімдері:

2018: Компьютерлермен және интернетпен қамту. Барлық жүйелерді толық кіріктіру. Қағаздан бас тарту. Электронды денсаулық паспортын іске қосу. Жасанды интеллектіні пилоттық енгізу (онкологиялық профиль). Тасымалданатын құрылғылардан деректерді жинау бойынша пилот.

2019: Пациент денсаулығының жай-күйіне онлайн мониторинг. Жасанды интеллект негізінде анализ. Пациенттерді қашықтықтан диагностикалау. Дәрі-дәрмектерді таңбалау және бақылау (Вlockchain).

2020: Денсаулық жайын қашықтықтан бақылауды енгізу. Дербестендірілген медицина (геномика). ЭДП-мен жасанды интеллект жүйесін кіріктіру (автоматты талдам жүйесі және мүмкін болатын аурулармен сәйкестігін анықтау).

2021: Машиналық оқыту және жасанды интеллект медициналық көмек көрсету кезінде (препараттар шығынын саралау, КТМКК мен МӘМС жоспарлау мен оңтайландыру). Ауруларды болжау. Клиникалық деректерді сақтау үшін блокчейн технологиясын пайдалану.  

«Цифрландыруды дамыту үшін белгілі бір сервистер енгізіліп жатыр. Мәселен, қазірдің өзінде онлайн порталдар арқылы дәрігерге қашықтықтан жазылу, үйге дәрігер шақыру т.с.с. қолжетімді. Бұл сервистердің барлығы электронды Үкімет порталы немесе медициналық ақпараттық жүйелер арқылы қолжетімді», деп хабарлады О. Әбішев.

Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап 4 өңір ауруханаларды қағазсыз жұмыс форматына көшіру бойынша пилоттық жобаға енгізілген. 1 сәуірден бастап оларға тағы 4 өңір қосылған, ал 1 шілдеден бастап осындай форматқа қалған өңірлер мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары көшіріледі.

«2019 жылғы 1 қаңтардан бастап тегін медициналық көмек көлемін ұсынатын барлық медициналық мекемелер, емханалар мен стационарлар қабылдау мен емделушілерді тексеруге жазылу процесін қағаз түрінде қайталаусыз, тек ақпараттық жүйелерде жүргізетін болады», — деді О. Әбішев.

Вице-министрдің айтуынша, ендігі уақытта емделушілер амбулаторлық карталарды, флюорографиялық жазбаларды және тағы да басқа құжаттарды өздерімен алып жүруді қажет етпейді. Жеке куәлікті ұсынса болғаны, барлық ақпарат емдеуші дәрігердің компьютер экранында көрсетіледі.

Сондай-ақ, бүгінгі таңда ауруханаға жатқызу бюросының порталы секілді қызмет қолжетімді. Ол амбулаториялық деңгейден ауруханаға жатқызу деңгейіне жіберілетін адамдарға арналған. Енді ауруханаға жатуға мәжбүр әрбір емделуші порталға кіріп, өзінің ЖСН енгізіп, өзінің ауруханаға жатқызылатын күнін біле алады.

Бұдан өзге, вице-министр Е-үкімет порталындағы хабарландыру сипатындағы электронды қызметтер туралы айтып берді. Егер порталда тіркелген болсаңыз, диспансерлік есепте тұрсаңыз, жүйе автоматты түрде сізге жоспарлы тексеріс туралы хабарлама жібереді. Сондай-ақ, ақпарат ұялы телефонға да жіберіледі. Жүкті әйелдердің жоспарлы тексерістері туралы хабарландыру да телефонға немесе электронды поштаға келеді.

Сонымен қатар, бүгінгі таңда әрбір азамат мобильді қосымшалар арқылы өзіне қызмет көрсететін медициналық ұйымдардың қызметін бағалай алады.

«Өткен жылдан бастап аталған қызметтерді оңтайландыру мақсатында дәрігерлерге арналған бірыңғай электронды поштаны іске қостық. Бүгінгі таңда оған шамамен 86 мың адам тіркелген. Дәрігерлердің бірыңғай экожүйесінде қызығушылықтар бойынша 600 топ құрылған, онда дәрігерлер онлайн режимінде ақпаратпен алмаса алады», — деді  О. Әбішев.

 

Денсаулық сақтау жүйесін цифрландырудан күтілетін тиімділік:

Мемлекет:

  • Пациенттің өз денсаулығын басқару белсенділігін арттыру.
  • Жыл сайын медициналық қағаз құжаттарға жұмсалатын 3200 тоннаға жуық қағазды үнемдеу.
  • 2018–2020 жж. барлығы 150 млрд теңге болатын медициналық ұйымдардың тиімділігін оңтайландыру.
  • 2018–2020 жж. дәрі-дәрмектерге жұмсалатын 28 млрд теңгеге жуық шығындарды оңтайландыру.

Пациенттің қанағаттануы:

  • Халықтың медициналық көмек сапасына қанағаттану деңгейі: 2018 — 44%, 2019 — 49%, 2020 — 55%.
  • Дәрігердің қабылдауында болу уақытының 50-60% азаюы.
  • Тексеру нәтижелерін алу уақытының екі есеге қысқаруы.
  • Үйден шықпай кеңес алу, анализдер мен дәрі-дәрмектер алу.
  • Дәрігерге баруды 9-дан 1-2 ретке дейін қысқарту.
  • Адамның өз денсаулығын басқаруы.
  • Медициналық қызметтердің қолжетімділігі және жеделдігі.
  • Адам денсаулығы туралы барлық ақпараттың онлайн қолжетімділігі.
2019 жылдан бастап ауруханалар мен емханалар қағазсыз форматқа ауыстырылады — О. Әбішев
1/3
2019 жылдан бастап ауруханалар мен емханалар қағазсыз форматқа ауыстырылады — О. Әбішев
2/3
2019 жылдан бастап ауруханалар мен емханалар қағазсыз форматқа ауыстырылады — О. Әбішев
3/3