Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Денсаулық сақтауды дамытудың «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы: 2018 жылғы негізгі көрсеткіштер

09 қаңтар 2019, 16:27

Медициналық қызметтердің сапасы — халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің маңызды құрамдас бөлігі. Президенттің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамытудың нақты міндеттері айқындалған.

2018 жылы мақсатты индикаторларға қол жеткізу үшін қандай жұмыстар атқарылып, әрі Мемлекет басшысының тапсырмалары қалай іске асып жатқаны туралы РrimeМinister.kz материалынан оқыңыздар.

2016 жылы Қазақстан денсаулық сақтау саласында ЭЫДҰ елдерінің стандарттарын біртіндеп енгізуді көздейтін денсаулық сақтау жүйесін дамытудың «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынды. Бағдарламаның басты мақсаты — 2020 жылға қарай Қазақстан халқының өмір сүру ұзақтығын 73 жасқа дейін ұзарту.

Бағдарлама жүзеге асырылған бір жылдың ішінде қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 2016 жылмен (72,4) салыстырғанда 0,8% артты. Осылайша, 2017 жылы Қазақстан Республикасында өмір сүру ұзақтығы 72,95 жасқа жетті. Бұл көрсеткішті 2019 жылы 73,13 жасқа дейін жеткізу мүмкін екендігін көрсетіп отыр.

Заңнаманы жетілдіру

Отандық денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін одан әрі арттыру мақсатында 2018 жылы заңнаманы жетілдіруде біраз жұмыстар атқарылды.

Осылайша, «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын жүзеге асыру аясында «Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданды. Аталмыш құжат медициналық ұйымдарда корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру; донорлық және трансплантациялау институтын дамыту; қоғамдық денсаулық сақтау жүйесiн жетiлдiру, медициналық бiлiм беру, оқыту мен ғылыми зерттеулердiң сапасын арттыру; мiндеттi әлеуметтiк медициналық сақтандыру жүйесi; медициналық көмектің сапасы мен тиімділігін қамтамасыз ету; Денсаулық сақтау саласындағы ұлттық есеп жүйесін енгізу және т.б. мәселелерді қамтиды.

Бұдан өзге, «Кейбір заңнамалық актілерге дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Бұл қазақстандық қоғамның заманауи талаптарын есепке ала отырып, емделушілерге бағдарланған дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үлгісін жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, заңнамалық өзгерістер дәрілік заттар және медициналық бұйымдар айналымын реттеуді, оның ішінде қолжетімділік, сапа, тиімділік және қауіпсіздік қағидаларын дамытуды тиімдірек етуге мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде дәрілік заттарды ұтымды пайдаланудың негізі болып табылады.

2019 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс жобасының жаңа редакциясын және оның қосарлы жобасын әзірлеуді қарастырып отыр. Аталған құжаттардың жобалары әзірленіп қойғандығын айта кету керек. Қазіргі уақытта жобаларды ведомствоаралық жұмыс тобы, сондай-ақ бейінді сарапшылар мен бизнес-қауымдастық өкілдері талқыға салып жатыр.

 

Медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру

Мемлекет басшысының 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауын жүзеге асыру аясында алғашқы медициналық-санитарлық көмек (бұдан әрі – АМСК) сапасы мен қолжетімділігін арттыру бойынша бірқатар шаралар қабылдануда.

Денсаулық сақтауды дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы учаскелік дәрігердің жүктемесін азайтуды көздейді. 2018 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша бір жалпы практика дәрігеріне тіркелген халықтың орташа саны 8,3%-ға азайып, 1 901 адамды құрап отыр. Жүктемені одан әрі төмендету үшін жалпы практика дәрігерлерінің 247 учаскесін ашу жоспарлануда. Медициналық қолжетімділікті арттыру мақсатында халықтың тұрғылықты жеріне жақын орналасқан шағын АМСК жобаларын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы дамымақ.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сүйенсек, жедел медициналық жәрдем қызметін жаңғырту арқасында бригадалар 7 минутқа ертерек жететін болды. Осылайша, бүгінгде бұл уақыт – 18 минутты құрайды.

Денсаулық сақтауды дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында халықпен кері байланыс орнату мақсатында үкіметтік емес ұйымдардың халықтың медициналық қызметтер сапасына қанағаттану деңгейін бағалауы бойынша әлеуметтік зерттеулер жүргізуі қарастырылған.

2018 жылы Қазақстанның қалалары мен ауылдық елді мекендерінде өмір сүретін, 18 жастан үлкен жастағы 36 мыңнан астам адам сауалдарға жауап берді. Респонденттер амбулаторлық-емханалық көмек пен стационарлық көмек көрсететін ұйымдардың қызметтері туралы сұрақтарға жауап берді. Бұған қоса, әлеуметтік желілер арқылы сауалнама алынды. Зерттеу нәтижесі мемлекеттік бағдарламада жоспарланған көрсеткіштердің орындалғанын көрсетті (47%). Осылайша, халықтың елімізде ұсынылатын медициналық қызметтердің сапасына қанағаттану деңгейі 47,84% құрады.

Сауалнама жүргізу нәтижелері жұмыстар жоспарларына түзетулер енгізіп, өңірлерде медициналық қызметтер сапасын одан әрі дамыту мақсатында шұғыл шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

 

Қоғамдық денсаулықты басқару — аурудың алдын алуға басымдық беру  

Қазақстанда халықаралық тәжірибе негізінде аурулардың алдын алу және денсаулықты нығайтудың қолжетімді және тиімді тетіктерін құру мақсатында Қоғамдық денсаулық сақтау қызметі құрылды. Қызмет әлеуетін нығайту мақсатында 2018 жылы Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы құрылды.

Қоғамдық денсаулықты басқарудың 2018–2021 жылдарға арналған шаралар жоспары бекітілді. Бұл іс-шаралар нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге, сектораралық өзара іс-қимылды дамытуға, балалар мен жастардың репродукциялық және менталды денсаулығын нығайтуға бағытталған мектептік медицина мен ортаны дамыту, жұқпалы және жұқпалы емес аурулардың алдын алуға, дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру, ғылыми зерттеулер жүргізіп, мамандарды даярлауды қарастырады.

Елімізде бірыңғай денсаулық сақтау жүйесі құрылды. Азаматтардың денсаулығын қорғаудың тиімді шараларының бірі ретінде тұрақты түрде өткізілетін скрингтерді атауға болады. Түбі мүгедектік пен өлімге алып келетін ауруларды ерте анықтау үшін Ұлттық скрининг бағдарламасы жүзеге асырылуда. 2017 жылы халықаралық сарапшылардың ұсыныстары ескеріліп, тексерістен өтетін халық тобының жасы 70 жасқа дейін ұзартылды, скринингтік тексерудің саны көбейді, 2022 жылға қарай мақсатты топтарды қамту деңгейі 70%-дан 90%-ға дейін артпақ.

2018 жылдың 9 айында мақсатты топтар арасында 9 481767 скринингтік зерттеу жүргізілді, 714 945 сырқат анықталды, диспансерлік тіркеуге 341 503 адам алынды. Атап айтқанда, тексерілген балалар саны – 3 998 813, сырқат анықталғаны – 454 797, диспансерлік тіркеуге алынғандар саны – 140 927.

Қатерлі ісіктерді ертерек анықтау арқасында бұл кеселден болатын өлім саны азайды. Жалпы, онкологиялық аурулармен күрес бойынша кешенді жоспар қабылданып, ғылыми онкологиялық орталық құрылды. Бұл тұста, халықаралық озық тәжірибелерге негізделген онкологиялық ауруларды ерте диагностикалау мен емдеуге баса назар аударылатын болады.

Мемлекет басшысының Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық салу туралы тапсырмасын орындау үшін 2018–2020 жылдарға арналған жобаны жүзеге асырудың жол картасы бекітілді, ұсыныстар әзірлеу үшін тұрақты жұмыс тобы құрылды. Қазіргі уақытта жобалау ұйымы таңдалып, жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықты заманауи медициналық-диагностикалық құрылғылармен жабдықтау үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін пайдалану жоспарланып отыр. Ынтымақтастық туралы тиісті меморандумдарға қол қойылды.

2015 жылдан бастап пилоттық тәртіпте, ал 2018 жылдан бастап барлық өңірлерде кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу бағдарламасы іске асырылып жатыр. Қазақстандағы жасөспірімдер арасындағы суицид көрсеткіші соңғы үш жылда 30%-ға азайды.

«Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында ішінде жалпы білім беретін ұйымдардағы оқушылардың үш жас тобына (7-10 жас, 11-14 жас аралығы және 15-18 жастағылар) арналған 4 апталық тамақтану мәзірі бар «Оқушылардың тамақтануының бірыңғай стандарттары» әдістемелік нұсқаулары дайындалды.

ҚР ДСМ мәліметі бойынша, дайындалған мәзірдің артықшылығы — басты азық-түлік заттары (ақуыздар, майлар, көмірсулар, дәрумендер мен минералды заттар) мен энергияның үйлесімдігінде; көкөніс, жеміс-жидек, балық, сүт өнімдері қосылған мәзірдің түрлілігі; Тамақтану рационы тек денсаулыққа пайдалы тағам дайындау әдістерін ұсынады (қайнату, бумен пісіру, бұқтыру).

Сонымен бірге, мектептік медициналық қызмет көрсетуде ортақ тәсілдерді қалыптастыру мақсатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі салалық ғылыми орталықтармен бірге мектептік медициналық қызметтерді ұйымдастыру бойынша нұсқаулық әзірледі.

Тамақтану рационына жарнаманың әсерін ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігі халыққа салауатты өмір салтын қалыптастыруды түсіндіру жұмыстарының тәсілдерін өзгертті. Осылайша, 2018 жылы 29 ұлттық бағдарлама жүзеге асырылды. Онда 3 жастан асқан баладан бастап 64 жастан асқан адамдар қамтылған 7 мақсатты топқа баса назар аударылған.

Өткен жылы салауатты өмір салтын қалыптастыру және мінез-құлық факторларының алдын-алу мақсатында 503 557 іс-шара өткізілді (тақырыптық сабақтар, ата-аналар жиналысы, сыныптық және кураторлық сағаттар, кең ауқымды іс-шаралар, конференциялар, дөңгелек үстелдер, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында өткізілген іс-шаралар, тренинг-семинарлар, спорт және басқа да шаралар). Бұл шараларға жалпы 8 921 735 адам қамтылған.  

Инфекциялық аурулардың алдын алуда кешенді жұмыстар атқарылып келеді: тұрақты түрде эпидемияға қарсы шаралар, жұқпалы аурулардың алдын алу, болжау және сараптау, қажет болған жағдайда эпидемияға қарсы шараларды ұйымдастыру және өткізуде тәжірибелік көмек көрсету үшін аймақтарға шығады. 2018 жылы 13 өңірге 60 рет жол жүрілген.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасында санитарлық-карантиндік бақылауды жүзеге асыру барысында (сауалнама және қарау) 2 568 514 адам қамтылды: дене қызуы бар 105 жолаушы анықталды, олардың 5-нен тырысқақ ауруы табылып, дереу оқшауланып, қажетті ем қабылдап, медициналық бақылауда болды. Эпидемияға қарсы жүргізілген іс-шаралардың арқасында инфекцияның Қазақстан халқы арасында таралуының алдын алынғанын атап өту керек.

Жалпы алғанда, иммундық профилактикалық жұмыстар — денсаулық сақтаудың басымдықтарының бірі. Екпе егудің арқасында екпемен басқарылатын жұқпалы аурулардың алдын алу көрсеткіштері жақсы. Қазақстанда жыл сайын жұқпалы ауруларға қарсы 5 миллионға жуық адам екпе алады, оның ішінде 1,3 млн бала бар. Балаларға сапалы екпе егу үшін Қазақстанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сертификаттаған вакциналар ғана сатып алынады.
 

Медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, 2018 жылдың мамыр айында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізумен бір мезгілде мемлекеттік міндеттемелердің нақты шекаралары анықталған тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа үлгісі (бұдан әрі – ТМККК) енгізілді.

ТМККК аясында медициналық көмек көрсетудің ең төменгі көлемі барлық азаматтарға, оралмандарға, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға беріледі. Атап айтқанда, бұл жедел жәрдем және санитарлық авиация, шұғыл стационарлық көмек, паллиативтік көмек, сондай-ақ әлеуметтік маңызды, созылмалы аурулар, консультативтік-диагностикалық көмек, амбулаториялық емдеу, жоспарланған стационарлық медициналық көмек, туберкулезге қарсы медициналық оңалту.

Денсаулық сақтау министрлігінде жаңа моделді енгізу ТМККК мемлекеттік қаржыландыру және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (бұдан әрі – Қор) жарналар салу есебінен денсаулық сақтау жүйесін қаржылық қамсыздандыруды арттыру арқылы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, халықтың медициналық қызметтерге жұмсайтын шығындарын төмендетуге, сондай-ақ, АМСК мамандарының артық жүктемелерін төмендеугеге жол ашатынын мәлімдейді.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ деректері бойынша, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін 6,5 млн адамға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлердің аударымдары мен жарналарының жалпы сомасы 133 млрд теңге болған.

Бұдан басқа, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Қор медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің операторы болып табылады. Осылайша, ТМККК пакетіндегі қызметтерді төлеуді Қор 2018 жылдың басынан бастап жүзеге асырады және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті аясында 2020 жылы басталады.

Медициналық қызметтер нарығында бәсекелестікті күшейту мақсатында саланы реттеу жұмысы жүргізілді. Нормативтік базаны жетілдіру үшін 66 санитарлық ережелер тексеріліп, ескірген 29-ы күшін жойды. Бүгінгі таңда ТМККК-ға қатысатын жекеменшік медициналық ұйымдардың саны 40%-дан (2017) 46%-ға дейін (2018 ж.) артып отыр.

 

Дәрілердің қолжетімді болуы — баға қалыптастырудың жаңа ережесі

Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы мен Еуразиялық экономикалық одақтағы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың ортақ нарығының құрылуына байланысты 2019 жылдың қаңтарында «Кейбір заңнамалық актілеріне дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданды. Сонымен қатар, заң аясында бірқатар тиісті нормативтік-құқықтық актілер әзірленді.

Дәрі-дәрмектің бағасын мемлекеттік реттеуді енгізу өңірге қарамастан, көтерме және бөлшектік сегментте дәрі-дәрмектердің бірыңғай бағасын қалыптастыру механизмін қамтамасыз етуді көздейді. Сондай-ақ, халық үшін дәрі-дәрмектердің экономикалық қолжетімділігін арттырып, фармацевтикалық нарық қатысушыларының, яғни дәрі-дәрмектерді өндірушілер, көтерме және бөлшек сауда ұйымдарының жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Дәрі-дәрмектер бағасын қалыптастырудағы жоспарлы өзгерістер бағаны реттеудің 4 деңгейін: өндіруші, көтерме сауда, бөлшектік сауда мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және ТМККК аясындағы сатып алу деңгейлерін қамтымақ.

ҚР ДСМ мәліметі бойынша, барлық дәрі-дәрмектердің бағасын реттеу дәрі-дәрмектердің азаматтар үшін тең қолжетімді болуына мүмкіндік береді.

Бұдан өзге, бағаны қалыптастырудың жаңа ережелері дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың, оның ішінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және ТМККК аясында бағаның қайта өтелуін және фармакоэкономикалық деректерді бағалау, сондай-ақ дәрі-дәрмектің тіркелген және ең жоғарғы бағасының тізілімін жасау арқылы экономикалық сараптауды күшейтуге жол ашады. Яғни, барлық қалаған адам үшін баға туралы ақпарат қолжетімді болмақ. Өтініш берудің барлық процестері Ұлттық дәрілік заттардың сараптамалық орталығының веб-сайтында электронды форматта жүргізіледі, қазіргі таңда ақпараттық жүйе тестілеу режимінде әзірленіп, іске қосылды.

 

Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту

«Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында саланың стратегиялық даму мақсаттарына, жобалау, құрылыс, денсаулық сақтау нысандарын жабдықтау стандарттары мен медициналық қызметтің сапасын қамтамасыз етуге негізделген денсаулық сақтау жүйесінің бірыңғай инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыс жүргізілуде.

Денсаулық сақтау инфрақұрылымы денсаулық сақтау желісін дамытудың бірыңғай ұзақмерзімді жоспары негізінде халықтың қажеттіліктеріне сәйкес инвестицияларды тарту және жеке сектордың үлесін арттыру есебінен қалыптастырылады.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес денсаулық сақтау ұйымдарының желісін құру және дамыту, сондай-ақ материалдық-техникалық қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады. Халықтың тұрғылықты жерінің ерекшеліктері мен қажеттіліктері ескеріле отырып, 2018–2025 жылдарға арналған денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың өңірлік ұзақ мерзімді жоспарлары бекітілді. Аймақтық жоспарлар бірыңғай құрылымға келтірілген, денсаулық сақтау ұйымдарының қолданыстағы желісі туралы ақпарат беріп, жоспарлы қайта құрылымдау мен денсаулық сақтау мекемелерінің қажеттілігін көрсетеді.

Республика бойынша мемлекеттік медициналық ұйымдардың ең төменгі стандарттарға сәйкес медициналық техникамен жабдықталу үлесі 4,5%-ға, яғни 2017 жылғы 63,2%-дан 2018 жылы 67,7%-ға дейін өсті.

МЖӘ жобаларын дамыту бойынша жеке жұмыс жүргізіліп жатыр. Мәселен, 2016–2018 жылдары 4,9 млрд теңгеге 241 лизингтік жоба іске асырылды. Бұдан басқа, 2016–2018 жылдары тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қамтамасыз ететін денсаулық сақтау ұйымдары үшін материалдық-техникалық жабдықтау мен күрделі жөндеуге бөлінген жалпы сипаттағы трансферттер көлемі 111,7 млрд теңгеден асты.

2017–2018 жылдар аралығында медициналық жабдықты сатып алу үшін МЖӘ аясында 5,4 млрд теңгені құрайтын 16 келісімшарт жасалды (компьютерлік томография – 6, магнитті-резонансты томография – 5, рентгендік жүйе – 1, анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелері үшін құрылғы – 1).

Жалпы құны 18 млрд теңге болатын 21 МЖӘ жобасы қазір жұмыс үстінде (позитрондық-эмиссиялық орталықтар, компьютерлік, магниттік-резонанстық томография, рентген аппаратурасы).

Varian Medical Systems, Фармстандарт, Phillips және басқа да әлемдік медициналық жабдық өндірушілерімен бірлесіп 2018–2022 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы онкологиялық аурулармен күрестің кешенді жоспары және басқа да басым бағыттар аясында МЖӘ негізінде денсаулық сақтау ұйымдарын жабдықтау бойынша ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігі 2021 жылға дейін қандай медициналық техниканың қажет екенін анықтап, бұрын сатып алынған жабдыққа аудит жүргізіп жатыр. Көпфункционалды ауруханаларды, алғашқы медициналық-санитарлық көмек және қабылдау бөлмелерін, яғни денсаулық сақтау ұйымдарының медициналық техникамен жабдықталу стандарттарының халықаралық стандарттарға сәйкестендіріліп, нормативтерге өзгерістер енгізу жобалары дайындалды.

Жергілікті атқарушы органдардың мәлімдеуінше, ел өңірлерінде облыстар, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жалпы құны 33,1 млрд теңге болатын 101 МЖӘ жобалары бойынша келісімшарт жасалған.

ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің деректері бойынша, 2018 жылдың қаңтар–қараша айларында денсаулық сақтау саласына 92,6 млрд теңге инвестиция тартылды, оның ішінде 38,9 млрд теңгесі – бюджеттен тыс. Негізгі капиталға құйылған инвестициялардың нақты индекс көлемі 2017 жылдың тиісті кезеңінде 118,7%-ды құрады.

 

Кадрлық әлеуетті арттыру

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2018 жылы 10 мың адамға шаққандағы дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлерімен қамтамасыз етілуі қанағаттанарлық деңгейде болды.

Медициналық кадрлардың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін көп жұмыс атқарылып жатыр. Мәселен, медициналық жоғары оқу орындарына қабылдау саны көбейді. 2016 жылдан бастап мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқыған резидентураны бітірушілер міндетті түрде үш жыл жұмысын өтеуі тиіс болса, ал 2019 жылдан бастап медициналық жоғары оқу орындарының интернатура түлектері де бұл тізімге қосылды. Бұдан өзге, әкімдіктерге жергілікті бюджет қаражаты есебінен өңір үшін қажетті жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрлар даярлауға мемлекеттік тапсырыс орналастыруға мүмкіндік беріліп отыр. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар жас мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын ұсынуда жауапты.

Қолға алынып жатқан шаралар медициналық қызметкерлердің жетіспеушілігін 2014 жылғы 3,8 мың маманнан 2017 жылға қарай 2,8 мыңға, яғни 34,6%-ға қысқартты. 2019 жылы жұмысқа қабылданған түлектерді ескере отырып, медицина кадрларының жетіспеушілігін 1600-ға дейін қысқарту жоспарлануда.

 

Емдеудің озық әдістерін енгізу

Биыл медициналық қызмет көрсетудің озық әдістерін енгізу бойынша жұмыс жалғасвн тапты. Мысалы, Онкология және трансплантология ұлттық ғылыми орталығы ашық классикалық және аз инвазивті эндоваскулярлық хирургияның артықшылықтарын біріктіретін тамырлы патологияны емдеуде гибридтік технологияларды қолданады (катетерлер мен басқа құралдарды теріні кеспей, кішкене тесу арқылы енгізу). Бұл әдістер дәстүрлі хирургиямен салыстыруға келетін еш қиындықсыз әрі ауырусыз емдік нәтижеге жетуге мүмкіндік береді. Эндоваскулярлық әдістер қан тамырлары хирургиясы, ишемиялық инсульттердің алдын алу, созылмалы венозды аурулар, онкологиялық науқастарға арналған ангиохирургиялық көмек көрсетуде қолданылады.

Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтында тізе және иық буындарындағы артроскопиялық жоғары технологиялық операциялар жүргізіледі (диагнозды анықтау және/немесе іште жарақаттануды емдеу мақсатында жасалатын инвазиялық хирургиялық манипуляция). Шеміршектегі олқылықтарды емдеуде жасушалық технологиялар белсенді түрде жасалып жатыр (емделуші тіні негізінде жасуша өсіру). Ұлттық биотехнологиялар орталығымен бірге бағаналық жасушаларды өсіру тәсілі жасалынды, клиника алдыңғы зерттеулер сатысы аяқталып, бүгінде клиникалық тәжірибеге енгізіліп жатыр.

Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізу арқасында халыққа жоғары технологиялық медициналық қызметтерді ұсыну мүмкіндігі кеңейді. 2012-2017 жылдарға арналған «Травматология және ортопедия» технологиялық бейіні бойынша көрсетілген қызметтердің саны 12023-ден 20168-ге дейін өсті, оның ішінде: тізе буынының эндопротезі — 5,6 есе; жамбас буыны — 1,7 есе; артроскопиялық операциялар — 1,8 есе.

2018 жылдың алғашқы 11 айында Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтында жоғары технологиялық медициналық қызметтерді ұсыну аясында 3 мыңнан астам ота жасалды. Осылайша, 2018 жыл 1 329 науқастың тізе мен жамбас буындарының толық және ішінара ауыстырылды, тізе және жамбас буындарының эндопротезі — 110, навигациялық жүйе арқылы омыртқаға жасалған ота — 99, вертебропластика — 113, торакопластика — 46, эндокоррекаторды қолдану арқылы жүргізілген спондилодезия — 169, иық буынының толық ауыстырылуы — 1.

Қазақстан Республикасының азаматтарына ТМККК шеңберінде жоғары технологиялық медициналық қызметтер тегін негізде ұсынылады. Бұл ретте бір ота құны 170 мың теңгеден 1,7 млн теңге аралығында.

«Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ ашылған сәттен бастап қан айналымы жүйесінің ауруларына диагностика жасау және емдеу бойынша 21 жаңа технология енгізіліп, 3 400 ота жасалды. Орталық негізінде Қазақстанда тұңғыш рет жоғары созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар науқастарды емдеу үшін бірегей жоғары технологиялы кардиохирургиялық ота жасалды: қан айналымын ұзақ уақытқа механикалық қолдау құрылғысының имплантациясы — жүректің жасанды сол жақ қарыншасын имплантациялау. Бүгінгі күні бұл отаны әлемнің тек 20 дамыған елі (АҚШ, Жапония, Канада, Франция, Швеция, Швейцария, Австрия және т.б.) жасайды. Бүгінгі күнге дейін орталықта 2002 жылдан 2018 жылдың 11 айы аралығында 274 аппарат имплантацияланды, 70 жүрек трансплантациясы жасалды. Сондай-ақ, 2015 жылдың желтоқсанынан 2017 жыл аралығында 8 өкпе трансплантациясы өткізілді.

Сонымен қатар, ауыр тыныс алу, жүрек немесе кардиореспираторлық жеткіліксіздігі бар науқастарда инновациялық инвазивті шұғылкорпоралды тәсіл енгізілді. 271 ота жасалды.

 

Денсаулық сақтау жүйесін цифрлық жүйеге көшіру

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сәйкес, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында ҚР ДСМ Денсаулық сақтау саласын цифрландыру кеңсесін құрған.

Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру аясында 4 жоба жүзеге асырылып жатыр:

1) Мобильді денсаулық сақтау элементтерін енгізу (mHealth), оның ішінде «қашықтықтан кеңес беру» қызметі де бар;

2) Емдеу жоспарларын басқару және диагноз қоюда жасанды зерде құру және оны енгізу;

3) Медициналық ақпараттық жүйелерді енгізу;

4) ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерінің платформасы мен өзара әрекеттестігін енгізу.

Министрлік Ericsson Nikola Tesla d.d. компаниясымен бірлесе отырып, интеграциялық платформаны іске қосу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.

Денсаулық сақтау саласын цифрландырудың негізгі қағидаларының бірі – емделушіге бағдарлануы, ол үшін электрондық денсаулық паспортын енгізу қажет. Емделуші туралы бар ақпарат платформаның бір бөлігі болып табылатын Электрондық денсаулық сақтау паспортының бірыңғай репозиторийінде сақталады әрі ондағы ақпарат медицина қызметкерлері мен емделушілерге де қолжетімді болады. Электрондық денсаулық паспортында науқастың еліміздегі медициналық ұйымдарда қабылдаған емінің нәтижелері, оның ішінде созылмалы аурулары, дәрілік заттарға ықтимал аллергиялық реакциялары, тамақтану бойынша ұсыныстар, диета және т.б. туралы мәліметтердің бәрі қамтылады.

Платформада сақталатын ақпарат емделуші мен медицина қызметкеріне жеке кабинет арқылы ғана қолжетімді болады.

Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы ҚР ДСМ пен Платформаның 19 ақпараттық жүйесін біріктіру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Ағымдағы есептік кезеңде патронажды медбикелер мен ата-аналарға балалар күтімі бойынша мобильдік қосымшалар әзірленді. Тесттік нұсқалары Google Play Market-те орналастырылған, жүктеп алуға дайын.

Сонымен қатар, қазақстандық АТ-жеткізушілер шамамен 20 мобильдік қосымшаны іске асырды. Өңірлік деңгейде DamuMed және «Дәрігерге» мобильді қосымшалары жұмыс істеп тұр. 2018 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша мобильді қосымшалар — 1 562 754.

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты базасында IBM компаниясымен денсаулық сақтау саласындағы жасанды зерде — Watson for oncology жобасын сынамалы апробациядан өткізді .

2018 жылғы 16 шілде мен 8 тамыз аралығында қолданыстағы бизнес жобаларға және клиникалық процестерге талдау жүргізілді, деректер өңделді, техникалық шолу жасалды. Қазіргі таңда МЖӘ аясында қаржыландыру моделі бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.

Айта кету керек, 2018 жылғы қаңтардан бастап медициналық құжаттаманы қағазсыз жүргізуге көшу тұрғысынан Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын біртіндеп цифрландыру процесі қолға алынды.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз