Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2015 жылғы «19» мамырдағы № 40-ө өкімі

Литва Республикасының Премьер-Министрі Алгирдас Буткявичюстің Қазақстан Республикасына ресми сапарын дайындау және өткізу туралы

 

Литва Республикасының Премьер-Министрі Алгирдас Буткявичюстің        2015 жылғы 18-21 мамырдағы Қазақстан Республикасына ресми сапарын (бұдан әрі – сапар) дайындау және өткізу мақсатында:

1. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі сапарды дайындау және өткізу жөніндегі протоколдық-ұйымдастыру іс-шараларын қамтамасыз етсін.

2. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы (келісім бойынша) заңнамада белгіленген тәртіппен қосымшаға сәйкес «1+7» форматы немесе өзара түсіністік қағидаты бойынша Литва Республикасының ресми делегациясы мүшелеріне жоғары деңгейде қызмет көрсету жөніндегі ұйымдастыру шараларын қабылдасын, сапарды өткізуге арналған шығыстарды 2015 жылға арналған республикалық бюджетте 001 «Мемлекет басшысының, Премьер-Министрдің және мемлекеттік органдардың басқа да лауазымды адамдардың жұмыс атқаруын қамтамасыз етуге қызмет көрсету», 003 «Республикалық деңгейде халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы» және 004 «Азаматтардың жекелеген санаттарына медициналық көмек көрсету» бағдарламалары бойынша көзделген қаражат есебінен қаржыландыруды қамтамасыз етсін.

  1. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Литва Республикасының ресми делегациясы мүшелерінің Астанажәне Алматы қалаларының әуежайларында, тұратын және болатын орындарындағы қауіпсіздігін, жүретін бағыттары бойынша бірге жүруді, сондай-ақ арнайы ұшақты күзетуді қамтамасыз етсін.
  2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі белгіленген тәртіппен:

1) Астана және Алматы қалаларында Қазақстан Республикасының іскер топтары өкілдерінің және Литва Республикасы ресми делегациясының құрамындағы іскер топтары өкілдерінің қатысуымен бизнес-форумдар ұйымдастыруды;

2) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, Литва Республикасының Премьер-Министрі Алгирдас Буткявичюстің және онымен бірге жүретін адамдардың арнайы ұшағының Қазақстан Республикасы аумағының үстінен ұшып өтуін, Астана және Алматы қалаларының әуежайларында қонуын және олардан ұшып шығуын;

3) Астана және Алматы қалаларының әуежайларында арнайы ұшаққа техникалық қызмет көрсетуді, оның тұрағын және жанармай құюды;

4) сапардың бұқаралық ақпарат құралдарында жария етілуін қамтамасыз етсін.

5. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Литва Республикасының Премьер-Министрі Алгирдас Буткявичюстің құрметіне берілетін қабылдау (бейресми қабылдау) кезінде концерттік бағдарламалар ұйымдастыруды және іс-шараларға қажетті техникалық қолдау көрсетуді (дыбыспен, жарықпен қамтамасыз ету және сахнаны безендіруді) қамтамасыз етсін.

6. Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері Литва Республикасының ресми делегациясын әуежайларда қарсы алу және шығарып салу жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларының орындалуын, әуежайларды және көшелерді безендіруді, баратын орындарға бірге жүруді, сондай-ақ мәдени бағдарламаларды ұйымдастыруды қамтамасыз етсін.

7. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі (келісім бойынша) Литва Республикасының Премьер-Министрі Алгирдас Буткявичюсті қарсы алу және шығарып салу ресми рәсімдеріне қатыссын.

8. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі (келісім бойынша) және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Литва Республикасының ресми делегациясын Астана және Алматы қалаларының әуежайларында қарсы алу және шығарып салу кезінде тиісті жәрдем көрсетуді қамтамасыз етсін.

9. Осы өкімнің іске асырылуын бақылау Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне жүктелсін.

 

Премьер-Министр             К. Мәсімов

Қосымша

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу