Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2015 жылғы «20» мамырдағы № 41-ө өкімі

Қазақстан Республикасында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері басшыларының кеңесі мен Еуразиялық Үкіметаралық кеңестің отырыстарын дайындау және өткізу туралы

2015 жылғы 28 – 30 мамыр аралығында Қазақстан Республикасында (Ақмола облысының Бурабай кенті) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері басшыларының кеңесі (бұдан әрі – ТМД ҮБК) мен Еуразиялық Үкіметаралық кеңес (бұдан әрі – ЕҮАК) отырыстарын сапалы дайындауды және өткізуді қамтамасыз ету мақсатында:

1. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі ТМД ҮБК мен ЕҮАК отырыстарын дайындау және өткізу жөніндегі протоколдық-ұйымдық іс-шараларды қамтамасыз етсін.

2. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы (келісім                   бойынша):

1) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (бұдан әрі – ТМД) қатысушы мемлекеттердің ресми делегацияларының басшылары мен мүшелеріне:

Әзербайжан Республикасы, Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қырғыз Республикасы, Молдова Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан, Өзбекстан Республикасы мен Украина ресми делегацияларының басшылары мен мүшелері – «1+5»;

ТМД Атқарушы комитеті ресми делегациясының басшысы мен мүшелері – «1+3»;

Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы – «1» форматтары бойынша қосымшаға сәйкес Ақмола облысының Бурабай кентінде жоғары деңгейде қызмет көрсету жөніндегі ұйымдық шараларды қабылдасын;

2) қосымшаға сәйкес ТМД ҮБК және ЕҮАК отырыстарын өткізуге арналған шығыстарды 2015 жылға арналған республикалық бюджетте              001 «Мемлекет басшысының, Премьер-Министрдің және мемлекеттік органдардың басқа да лауазымды адамдарының қызметін қамтамасыз ету жөніндегі қызметтер», 003 «Республикалық деңгейде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы» және 004 «Азаматтардың жекелеген санаттарына медициналық көмек көрсету» бағдарламалары бойынша көзделген қаражат есебінен қаржыландыруды қамтамасыз етсін.

3. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі                            (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Астана және Көкшетау қалаларының әуежайларында, тұратын және баратын жерде ресми делегациялардың басшылары мен мүшелерінің қауіпсіздігін, жүру бағдарлары бойынша бірге жүруді, сондай-ақ арнайы ұшақтарды күзетуді қамтамасыз етсін.

4. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі:

1) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің үкіметтері басшыларымен және олармен бірге жүретін адамдардың арнайы ұшақтарының Қазақстан Республикасы аумағының үстінен ұшып өтуін, Астана және Көкшетау қалаларының әуежайларына қонуын және одан ұшып шығуын;

2) Астана және Көкшетау қалаларының әуежайларында арнайы ұшақтарға техникалық қызмет көрсетуді, олардың тұрағын және жанармай құюды;

3) ТМД ҮБК мен ЕҮАК отырыстарын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды;

4) қажет болған жағдайда ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ресми делегацияларының басшылары мен мүшелерінің Астана – Бурабай – Астана бағдары бойынша арнайы пойызбен жүріп өтуін қамтамасыз етсін.

5. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі шағын және кеңейтілген құрамдардағы ТМД ҮБК мен ЕҮАК отырыстары кезінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Қ. Мәсімовтің атынан ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің үкіметтері басшыларының құрметіне өткізілетін қабылдау (бейресми қабылдау) кезінде іс-шараларға қажетті техникалық қолдауды (дыбыспен, жарықпен қамтамасыз ету және сахнаны ресімдеу), сондай-ақ Ақмола облысының әкімдігімен бірлесіп, мәдени бағдарламалар, оның ішінде этноауыл ұйымдастыруды қамтамасыз етсін.

6. Астана қаласының және Ақмола облысының әкімдіктері Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасымен (келісім бойынша) бірлесіп:

1) Астана және Көкшетау қалаларының әуежайларында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ресми делегацияларының басшылары мен мүшелерін қарсы алу және шығарып салу бойынша ұйымдық іс-шараларды орындауды;

2) әуежайларды, көшелерді және іс-шаралар өткізілетін орындарды ресімдеуді;

3) ТМД Атқарушы комитеті мен Еуразиялық экономикалық комиссияның сарапшылары үшін тұратын орындарынан (Ақмола облысының Щучинск қаласы мен Бурабай кентіндегі қонақүйлер) іс-шаралар өткізілетін жерге дейін көліктік қатынауды ұйымдастыруды;

4) ресми делегациялардың басшылары мен мүшелеріне, сондай-ақ олармен бірге жүріп адамдарға көліктік қызмет көрсетуді қамтамасыз етсін.

7. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі, Астана қаласының және Ақмола облысының әкімдіктері қажет болған жағдайда ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ресми делегацияларының басшылары мен мүшелерінің Астана – Бурабай – Астана бағдары бойынша тікұшақтармен ұшып өтуін қамтамасыз етсін.

8. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі (келісім бойынша) мен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Астана және Көкшетау қалаларының әуежайларында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ресми делегацияларының басшылары мен мүшелерін қарсы алу мен шығарып салу кезінде тиісті түрде жәрдемдесуді қамтамасыз етсін.  

9. Осы өкімнің іске асырылуын бақылау Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне жүктелсін.

 

 

Премьер-Министр                         К. Мәсімов

Қосымша

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу