Ербол Қарашөкеев БҚО ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесті

ҚР ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапармен барды. Сапар аясында ведомство басшысы шаруа қожалықтарын аралап, егін жинау барысымен танысты, сондай-ақ өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесті. 

Айта кетейік, Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан шаралардың арқасында Батыс Қазақстан облысы агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың оң нәтижелерін көрсетіп келеді. Мал шаруашылығы саласында соңғы жылдары 600 бас ІҚМ арналған жалпы қуаты жылына 3,3 мың тонна сүт өндіретін 1 сүт-тауарлы фермасы («Аманат» ШҚ) және қуаты жылына 47 мың тонна болатын 1 сүт өңдеу кешені («Uralsk Trade Company» ЖШС) пайдалануға берілді. Сонымен қатар 15 500 басқа арналған 5 бордақылау алаңы іске қосылды, 10 жылдан астам уақыт бойы тұрып қалған 8640 басқа арналған «Yanaikino» ЖШС бордақылау кешенінің жұмысы жаңартылды. Жобалық қуаты жылына 3,8 мың тонна сүтті құрайтын 600 басқа арналған сүт-тауарлы фермасын пайдалануға беру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ жалпы қуаты 18 мың тонна сүт өндіретін 2 сүт-тауарлы фермасын салу жоспарланған. 

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, өңірде 2026 жылға дейін агроөнеркәсіптік кешенде 110,6 млрд теңгеге 44 инвестициялық жоба қолға алынады, сондай-ақ оларды іске асыру үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу көзделген. Инвестициялық жобаларды іске асыру маусымаралық кезеңде ауыл шаруашылығы өнімдері тапшылығының орнын толтыруға және облыс базарларындағы бағаларды тұрақтандыруға және 1300-ден астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Егін жинау науқаны

Қазақстанның барлық өңірлерінде егін жинау науқаны басталды. Бүгінгі таңда «Кең дала» бағдарламасы аясында, сондай-ақ Аграрлық несие корпорациясы өз қаражаты есебінен 112,1 млрд теңге сомасына 3 843 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қаржыландырды, оның ішінде Батыс Қазақстан облысы бойынша 2,1 млрд теңге сомасына 105 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қаржыландырды.

Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, 21 қыркүйектегі жағдай бойынша 14,6 млн га дәнді дақылдар жиналды, 12,6 ц/га орташа түсімділікпен 18,3 млн тонна астық бастырылды. Еліміздің батысында 194,3 мың га алқап жиналcа, 313,4 мың тонна астық бастырылды, ал орташа өнімділік 16,1 ц/га құрайды.

Бұдан басқа, 3,5 млн га алқаптан майлы дақылдарды жинау жоспарлануда, оның ішінде Батыс Қазақстан облысында – 185,7 мың га, картоп – 198,9 мың га, оның ішінде облыс бойынша 4,1 мың га және көкөніс-бақша дақылдары – 270 мың га, оның ішінде тиісінше Батыс Қазақстан облысы бойынша 5,3 мың га.

Айта кетейік, өңірде осы жылдың егін жинау жұмыстарына 10 200 бірлік трактор, 840 бірлік астық жинайтын комбайн қатысады. 

«Биыл күзгі дала жұмыстарын жүргізуге шамамен 423,4 мың тонна дизель отыны бөлінді, бағасы 15%-20% нарықтық бағадан арзан, оның ішінде Батыс Қазақстан облысы бойынша 14,2 мың тонна», — деді ауыл шаруашылығы министрі.

Оның айтуынша, астық қабылдау пунктерінің материалдық-техникалық базасын жаңа егіннің астығын қабылдауға дайындау бойынша жұмыстар жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Қолда бар астық сақтау сыйымдылықтарының жалпы көлемі 29,1 млн тоннаны құрайды, бұл болжамды түсімді ескере отырып, астықты сақтау үшін жеткілікті.

Ағымдағы маусымда «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» 1,1 млн тоннаға дейін ауыл шаруашылығы дақылдарының астығын сатып алуды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Оның ішінде, бидай – 970,8 мың тонна, арпа – 110,1 мың тонна, сұлы – 1,2 мың тонна, қарақұмық – 1,6 мың тонна, күнбағыс – 11,9 мың тонна, зығыр тұқымы – 38,9 мың тонна, рапс – 2,7 мың тонна.

Егін жинау науқаны жоспарлы түрде жүріп жатыр және Ауыл шаруашылығы министрлігінің ерекше бақылауында.

Дағдарысқа қарсы жүйелі және жедел шаралар

Ербол Қарашөкеев ҚР Үкіметі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі қабылдаған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі дағдарысқа қарсы жүйелі және жедел шараларға жеке тоқталды. 

Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауының арқасында қазіргі уақытта республикалық бюджетті нақтылау кезінде бюджет қаражатын қосымша бөлуді ескере отырып, субсидиялаудың жалпы көлемі 451 млрд теңгені құрады, бұл 2021 жылғы деңгейден 20%-ға артық, оның ішінде: 

  • мал шаруашылығын субсидиялауға 127,8 млрд теңге, оның ішінде 8,7 млрд теңге Батыс Қазақстан облысында; 
  • инвестициялық субсидиялауға 115,2 млрд теңге, оның ішінде Батыс Қазақстан облысына 4,6 млрд теңге бағытталған;
  • өсімдік шаруашылығын субсидиялауға 107,6 млрд теңге, бұл ретте облысқа 782,2 млн теңге бағытталады;
  • кредиттер және лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға 78,1 млрд теңге, оның ішінде Батыс Қазақстан облысында 3,5 млрд теңге.

Бұдан басқа, 2021 жылы құрғақшылық қайталанған жағдайда 279 мың тонна көлемінде астық қорын қалыптастыру үшін форвардтық сатып алуға 20 млрд теңге бөлінді, ол мал мен құстың сақталуын қамтамасыз етеді. 

«Осылайша, биыл үкімет мемлекеттік қолдаудың теңдессіз шараларын көрсетуде. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау қолданыстағы субсидиялау қағидалары бойынша жүзеге асырылады, ал субсидиялаудың жаңа тетігін енгізу мерзімі 2023 жылғы 1 қаңтарға ауыстырылды», — деді ведомство басшысы.

Оның айтуынша, негізгі түйінді өзгерістер сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жоғары субсидиялау бағыттары мен түрлеріне қатысты болады.

Қаржы құралдары бойынша субсидиялаудың барлық бағыттары қалады – бұл инвестициялық субсидиялау, несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, сақтандыру жарналарын субсидиялау, сондай-ақ қарыздарды кепілдендіруді сақтандыру.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстарын субсидиялау бойынша 2 нұсқа қарастырылып жатыр. Біріншісі – жоғары сыбайлас жемқорлықты ескере отырып, құрылыс-монтаждау жұмыстарын субсидиялаудан бас тарту және оның орнына жабдықтарды субсидиялау нормативтерін арттыру. Екінші нұсқа – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтып, құрылыс-монтаждау жұмыстарын субсидиялауды қалдыру.

Өсімдік шаруашылығына келетін болсақ, мұнда бағыттар мен стандарттар қалады. Ербол Қарашөкеев қосарланған субсидиялауды болдырмау мақсатында бірегей тұқымдарды субсидиялаудан бас тарту ұсынылып отырғанын айтты. Тауарлық-спецификалық субсидиялау бойынша оларды бұрынғыдай жалпы сипаттағы трансферттер есебінен қалдыру ұсынылады. Сүт бойынша барлығы үшін 1 кг сүтке бірыңғай нормативтерді 30 теңге деңгейінде белгілеу, ал инвестициялық субсидиялау бойынша сүт-тауар фермасының құрылысы бойынша нормативтерді 25-тен 40%-ға дейін көтеру ұсынылады.

Сондай-ақ асыл тұқымды аналық мал басын сатып алу бойынша отандық және импорттық жануарлар үшін сүтті мал бойынша 300 мың теңге, етті мал бойынша – 1 басқа 200 мың теңге деңгейінде бірыңғай нормативтер белгілеу ұсынылады.

Жұмыртқа шаруашылығы бойынша норматив барлығы үшін бірдей болады – 3 теңге, етті құс шаруашылығы бойынша – 1 кг үшін 70 теңге, алайда етті құс шаруашылығын ынталандыру үшін инвестициялық субсидиялау нормативтерін 25-тен 40%-ға дейін көтеру ұсынылады.

«Бұдан басқа, сиыр етін қайта өңдеу кәсіпорындары үшін сиыр етін дайындау құнын субсидиялау алынып тасталады. Бұқашықтар мен қошқарларды бордақылауға және ет комбинаттарына тапсыру бойынша субсидиялау нормативтері өзгеріссіз қалады», — деді ауыл шаруашылығы министрі.

Жемшөпті субсидиялау бойынша тек пішен мен кебекті және тек төтенше жағдай басталған кезде немесе «Қазгидромет» РМК растаған ауа райының қолайсыз жағдайларында ғана субсидиялау ұсынылады.

Ведомство басшысы атап өткен тағы бір жаңалық – субсидия алушылар үшін қарсы міндеттемелерді енгізу көзделген. Олар келесідей болады:

  • өз өндірісінің өнімдерін өткізу көлемін жыл сайын кемінде 3%-ға ұлғайтуды қамтамасыз ету (форс-мажорлық жағдайларды қоспағанда);
  • еңбек өнімділігін жыл сайын арттыру;
  • форвардтық келісімшарт бойынша тұрақтандыру қорларына өнімдерді жеткізуді қамтамасыз ету (форс-мажорлық жағдайларды қоспағанда);
  • негізгі капиталға инвестиция салуды 5 жылда кемінде 1 рет қамтамасыз ету.

«Осы жүйелі шараларды қабылдау республиканың, оның ішінде Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығын дамытудың орнықтылығын арттыруға мүмкіндік береді», — деді Е. Қарашөкеев. 

Агроөнеркәсіп кешенін дамыту

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Батыс Қазақстан облысының фермерлерімен кездесу барысында Үкіметтің АӨК дамыту жөніндегі жұмысы туралы айтып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қойған сұрақтарына жауап берді.

Шаруаларды келесі жылдың басында күшіне енетін АӨК-ті субсидиялаудың жаңа ережелері алаңдатуда. Ведомство басшысы қаражат бойынша субсидиялаудың барлық бағыттары сақталатынын түсіндірді. Бұл – инвестициялық субсидиялау, несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, сақтандыру жарналарын субсидиялау, сондай-ақ қарыздарды кепілдендіруді сақтандыру. Алайда бірқатар өзгертулер де енгізіледі.

«Мал шаруашылығы бойынша субсидиялаудың 5 түрін (өндірушілердің, олардың ұрығының, эмбриондарының құны, өндірушілерді жалдау, сондай-ақ жасанды ұрықтандыру жөніндегі қызметтерді) алып тастау және олардың орнына субсидиялаудың жойылған түрлері үшін өтемақы ретінде субсидиялау нормативтерінің едәуір ұлғаюымен селекциялық-асыл тұқымды жұмысты қаржыландыруды ғана қалдыру ұсынылады», — Ербол Қарашөкеев.

Ауыл шаруашылығы министрі өңірдің сүт-тауар фермаларын (СТФ) дамыту бойынша зор әлеуетін атап өтті. Батыс Қазақстан облысында оны кеңейтуге  мүмкіндігі беретін жақсы жемшөп базасы бар, яғни облыс өзін сүтпен толық қамтамасыз ете алады. 

Ведомство басшысы Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесіне ұқсас ӘКК арқылы өңір аумағында СТФ құрылысын жеңілдікпен кредиттеу жобасын қолдауға дайын екенін айтты. Сондай-ақ жергілікті фермерлерге жаңбырлатып суару жүйесін енгізуге көмек көрсетіледі. Бұл СТФ үшін шырынды жем дайындау үшін қажет.

Сонымен қатар Ербол Қарашөкеев биыл ауыл шаруашылығына қосымша қаражат бөлінгенін жеткізді. Субсидиялаудың жалпы көлемі 451 млрд теңгені құрайды, «Кең дала» бағдарламасы бойынша қаржыландыру 2 есеге артып, 140 млрд теңгені құрады, сондай-ақ форвардтық сатып алуға бөлінген сома өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге өсіп, 80 млрд теңге болды. 

«Несиелер мен лизинг бойынша сыйақының қолданыстағы нарықтық мөлшерлемесі 20% болған кезде фермерлер үшін небәрі 6% мөлшерлеме көзделген, қалғанын мемлекет өтейді», — деді АШМ басшысы.

Бұған қоса, кездесуде мал экспорты туралы мәселе көтерілді. Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия биыл 31 тамызда Қазақстан Республикасының аумағынан ірі қара мал және ұсақ қара мал аналық бастарын қоспағанда, ірі қара мал (бұқашықтарды) әкетуге 60 мың бас мөлшерінде және ұсақ қара мал (қошқарлар) 120 мың бас мөлшерінде, сандық шектеуді (квоталарды) белгілеу туралы шешім қабылдағанын айтты. Аналық малды әкетуге толық тыйым салынады. Қазіргі уақытта ведомство «Ауыл шаруашылығы жануарларын әкетудің кейбір мәселелері туралы» бірлескен бұйрығына тиісті өзгерістер енгізіп жатыр.

Сондай-ақ Ербол Қарашөкеев ведомство тарапынан шетелге ет өнімдерін шығару мәселесі бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді. 

Оның айтуынша, жануарлардан алынатын өнімдерді өткізудің жаңа нарықтарын ашу үшін ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті импорттаушы елдермен ветеринариялық талаптарды келісу бойынша жоспарлы түрде жұмыстарды жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда тірі жануарлар мен жануарлардан алынатын өнімдер келесі шет елдерге ашық түрде экспортталады:

  • Қытайға: тірі жылқылар (асыл тұқымды және сойылған), балық, бал, сүт өнімдері және жүн шикізаты;
  • Иранға: тірі ҰҚМ, мұздатылған және тоңазытылған қой еті, сиыр еті, ҰҚМ субөнімдері, тауық жұмыртқасы;
  • ЕО елдеріне: балық, аң аулау олжалары, жем;
  • Біріккен Араб Әмірліктеріне: ет және ет өнімдері, тауық жұмыртқасы және үй құсы;
  • Сауд Арабиясы Корольдігіне ІҚМ және союға арналған ҰҚМ, сиыр еті, қой еті, бал;
  • Моңғолияға: асыл тұқымды ІҚМ, тағамдық жұмыртқа, құс еті;
  • Жапонияға: жылқы еті;
  • Кореяға: ірімшіктер мен ірімшік өнімдері;
  • Түркияға: өңделмеген ІҚМ терілері; 
  • Өзбекстанға: сүт, ет, балық өнімдері.

Шет елдердің тізіліміне 3231 экспорттаушы кәсіпорын енгізілген, оның ішінде ЕАЭО тізілімінде 2867 кәсіпорын, ҚХР тізілімінде 91 кәсіпорын, ЕО тізілімінде 48 кәсіпорын, Өзбекстан Республикасы тізілімінде 143 кәсіпорын, БАӘ тізілімінде 11 кәсіпорын, Жапония тізілімінде 43 кәсіпорын, Түркия тізілімінде 9 кәсіпорын, Корея тізілімінде 4 кәсіпорын, Сауд Арабиясы Корольдігінің тізіліміндегі 15 кәсіпорын.

Мал азығын дайындау шығындарын субсидиялау 

Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, 2014 жылдан бастап асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау жергілікті бюджеттердің шығыстар базасына берілді. Тиісінше, осы кезеңнен бастап мал азығын дайындау шығыстарының құнын арзандатуға тиісті қаржы жергілікті бюджетте қарастырылған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

Батыс Қазақстан облысының жергілікті атқарушы органдарының ақпараты бойынша өңірде 15 қыркүйектегі жағдай бойынша 2,1 млн тонна немесе 111,8% шөп, 1 мың тонна немесе 55,6% пішендеме, 1,3 мың тонна немесе 81,3% сүрлем және 3,6 мың тонна немесе 24% сабан дайындалды. Сабан, сүрлем және құнарлы азық бойынша негізгі жинау қыркүйек айынан басталады.

Дайындалған мал азығы алдағы қыстауға малды күтіп-бағуға арналған ірі, шырынды және құнарлы жемшөп қорының қажетті көлемімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Аусыл ауруының таралуы

Қазіргі уақытта Қазақстан Алматы, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Абай, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары (7 облыс) кіретін 5 аймақта вакцинациялаумен аусылдан таза аймақ мәртебесі бар. Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау облыстары кіретін (10 облыс) 5 аймақта вакцинациясыз аусылдан таза аймақ мәртебесі тоқтатылды. Бүгінгі таңда ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті осы аймақтар бойынша вакцинациялау арқылы салауаттылық мәртебесін қалпына келтіру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Халықаралық эпизоотиялық бюроға құжат 2022 жылдың қыркүйегінде берілді. 2023 жылдың мамырында ХЭБ-тің бас сессиясында осы мәселе бойынша шешім қабылданатын болады. 

Киік мәселесі

Бүгінгі таңда киіктердің ауыл шаруашылығы дақылдарының егістігін таптау мәселесі өзекті. Биылғы деректер бойынша 5 облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 1,4 млн гектарды құрады, оның ішінде егістік – 316,8 мың га, жайылым – 1 045,5 мың га, шабындықтар – 36,5 мың га. Бұл Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстарында.

Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, киіктен болған залалды өтеу мәселесі уәкілетті мемлекеттік органдармен егжей-тегжейлі зерделенді. Бүгінгі күні адами фактордың жоғары тәуекелі, осы процесті әкімшілендірудің күрделілігі, залалды есептеу әдістемелерінің, сондай-ақ сақтандыру компанияларында қажетті инфрақұрылымның болмауы одан әрі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің пайда болуына әкеледі. Осылайша, киіктер келтірген шығынды өтеу мүмкін емес.

Бұл ретте Экология министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша киіктер популяциясының санын ғылыми реттеу мәселесін пысықтап, киіктер популяциясының сандық және сапалық бақылауын реттеу мәселесі бойынша ұсыныстарды одан әрі әзірлейді.

«Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» ҚР Заңына сәйкес агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау АӨК салаларын дамытуды экономикалық ынталандыру ретінде жүзеге асырылады, киіктердің бүлдіруінен болған шығыстарды өтеу мүмкіндігі аталған заңда көзделмеген, АШМ-де мұндай құзырет жоқ», — деді ведомство басшысы.

Ауыл шаруашылығы министрі киіктердің таптауынан сақтандыру өнімдерін әзірлеу мәселесін пысықтауға тоқтала келе, сақтандыру операторымен және Агросақтандыру қауымдастығымен тиісті жұмыс жүргізілгенін атап өтті. 

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев өңірдің бірқатар ауыл шаруашылығы кәсіпорнында болып, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне барды. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу