4 желтоқсанда  Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалық етуімен ҚР Үкіметінің селекторлық режімдегі отырысы өтті (фото).

Күн тәртібінде Алматыда 2017 жылы өткізілетін XXVIII қысқы Дүнеижүзілік универсиадаға дайындалу барысы қарастырылды.

ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов айтып өткендей, Универсиадада спорттың – мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғысы, сноуборд, биатлон, шаңғымен жарысу, шайбалы хоккей, керлинг сияқты 8 міндетті түрі көрсетіледі. Сондай-ақ, қабылдаушы жақ қосуға құқығы бар спорттың тағы да төрт түрі -  сондай-ақ шаңғымен трамплиннен секіру, шаңғы қоссайысы, конькимен жүгіру және фристайл  ұсынылған.


Министрдің айтуына қарағанда, спорт жарыстарын өткізу үшін «Медеу» мұз айдынын, «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортын, «Сұңқар» Халықаралық шаңғы трамплині кешенін, Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайын және Алматы облысындағы Шаңғы биатлоны стадионын пайдалану жоспарлануда. Бұдан басқа, жаңа спорттық нысандар – Мұз Сарайын, Мұз Аренасын және Атлеттік ауыл салу көзделуде.

«Қазақстандық  студенттік құрама 1993 жылғы Дүниежүзілік Универсиадада өнер көрсеткен болатын.  Универсиадада бізден  барлығы 228 студент қатысып, 28 медалге ие болған», - деді Б.Жұмағұлов.

«Қысқы Универсиадаға дайындық мәселесі – бұл Алматыға ғана емес, барлық өңірлерге қатысты. Бес жылға жетпейтін уақыт қалды. Сондықтан дайындықты бүгіннен бастауымыз қажет. Біздің жастарымыз 100 пайыз дайын болуы қажет», - деді С.Ахметов.

Осыған байланысты С.Ахметов БҒМ-не, ДШжСІА-не облыстардың, Астана және Алматы қаласы әкімдіктерімен бірлесіп ел резервін даярлау және тәрбиелеу жөніндегі барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.