Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен селекторлық режимде өткен Үкімет отырысында 50 жастан асқан адамдарды жұмыспен қамтудың Кешенді жоспары (инициатива 50+) қаралып, қабылданды.

                       

Аталған жоспарды таныстырған ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовтің айтуынша, жоспарды дайындау барысында Халықаралық еңбек ұйымдарының ұсыныстары ескерілді. Бұл ұсыныстар жұмыс істегісі келетін барлық егде жастағы адамдарға жұмысқа тұруы үшін мүмкіндік беру,қарт адамдардың әлеуметтік-экономикалық үлесін тану, ауылдық жерлердегі өмір мен инфрақұрылым жағдайын жақсарту, үздіксіз білім беру, кәсіби бағдарлау мен дайындау, зейнет жасындағы адамдардың әлеуеті мен арнаулы білімін пайдалану сияқты мәселелерді қамтуды көздейді.

С.Әбденовтің сөзіне қарағанда, «кешенді жоспар қазіргі кезде мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асыру аясында жұмыс орындарын құруды қамтиды. Атап айтқанда, әйелдердің Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасына кеңінен тартылуы, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында 50 жастан асқан тұлғалар арасында кәсіпкерлікті ынталандыру көзделген».

                       

Жеке қосалқы шаруашылықтарын дамыту мақсатында «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасында мал, өсімдік шаруашылықтары бойынша және өндірілген өнімді қайта өңдеу, халықтық қолөнерлер жобаларын жүзеге асыру қарастырылған. «Агробизнес 2020» бағдарламасына ауыл шаруашылығымен айналысатындардың қаржы ресурстары мен жаңа технологияларға қолжетімдігін кеңейтуге мүмкіндік беретін, толықтырулар енгізу ұсынылады. Сонымен қатар, дистанциялық жұмыспен қамту формасын пайдалану арқылы жұмысқа орналастыру, шағын және кіші кәсіпорнындарды қолдау, ауыл шаруашылығы кооперативтері мен отбасылық фермалар құру шаралары қарастырылуда.

Министрдің айтуы бойынша, бұдан басқа, 50 жастан асқан адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарын квоталау, кәсіптік дайындық пен қайта даярлау, бюджеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындарда еңбек ететін, осы жастағы адамдардың біліктілігін арттыру бойынша еуропалық тәжірибені енгізу қарастырылатын болады.

50 ден асқан адамдарды жұмыспен қамту, жұмыс орындарын сақтау, лайықты еңбек жағдайын жасау үшін салалық, өңірлік және бас келісімдер, ұжымдық келісім-шарттарға өзгерістер енгізу ұсынылады. Осыған байланысты үкіметтік емес ұйымдардың рөлі арта түсуде. 50 жастан асқан адамдарды жұмыспен қамтуда үкіметтік емес сектордың қатысуын ынталандыру үшін мәселен, еңбекке орналастыру бойынша жекеменшік агенттіктерге мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар бөлінетін болады.
Зейнет жасындағы тұлғаларды жұмысқа орналастыру барысында кемсітушілікті жоюға бағытталған кепілдік ретінде Еңбек кодексіне тиісті түзетулер енгізу қамтамасыз етілмек. Кешенді жоспарда заң талаптарын орындауға кәсіподақтары тарапынан қоғамдық бақылау қарастырылған. Министрдің айтуынша, «өңірлерге 2020 жылға дейін 508 мың оның ішінде 50 жастан асқан адамдар үшін де жаңа жұмыс орындарын құру жоспары жеткізілді».

Отырыста сондай-ақ үдемелі индустриалдық-инновациялық мемлекеттік бағдарламаларды орындау мәселелері қаралды.
ҮИИДМБ-ны жүзеге асыру барысы туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары- ҚР индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев баяндады. Ведмоство басшысы 2012 жылдың қортындысы мен 2013 жылдың бірінші жарты жылдығындағы жұмыс қарқыны туралы айтып берді.

                     

Сонымен қатар, қаралған мәселе бойынша Премьер-Министрдің бірінші орынбасары-ҚР өңірлік даму министрі Б.Сағынтаев, Премьер-Министрдің орынбасары Қ.Келімбетов, «Самұрық-Қазына» ӘАҚ басқарма басшысы Ө.Шөкеев, «Атамекен» Одағы» ұлттық палатасының басшысы А.Мырзахметов, «Қазхром» ТҰК» АҚ президенті В.Тиль, «Алегеум электрик» АҚ қадағалау кеңесінің басшысы С.Қожабаев, «Алматы вентилятор зауыты» ЖШС директорлар Кеңесінің төрағасы М.Баққұловтар сөйледі.

Селекторлық кеңесте бұдан басқа, 2012-2013 жылғы жылыту маусымының қортындылары және алдағы қысқа дайындық мәселелері талқыланды. Бұл мәселелер бойынша Индустрия және жаңа технологиялар вице министрі Б.Жақсалиев, өңірлік даму министрінің орынбасары С.Нокин баяндады.