Бүгін ҚР Үкіметінің отырысында Қазақстан Республикасының 2013-2017 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының нақтыланған болжамы және «2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы мақұлданды. Бұл мәселелер бойынша ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев хабарлама жасады.

                     

Талқылау қортындысы бойынша, С.Ахметов республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімдіктеріне бір күн ішінде Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне түзетілген стратегиялық жоспарларды ұсынуды, Премьер-Министр Кеңсесіне Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігімен бірлесіп көрсетілген құжаттарды қол қоюға дайындап, таяу арада қалыптасқан ереже бойынша ҚР Парламенті Мәжілісіне енгізуді тапсырды.

                      

ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасына арналған қаржының игерілмей қалуына лауазым иелерінің тікелей жауапты екенін ескертті. Ол бұл туралы аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру барысы қаралған ҚР Үкіметінің отырысында айтты.

Отырысты ашқан С.Ахметов былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы қабылданып, оның шеңберінде үстіміздегі жылы барлық қаржыландыру көздері есебінен 6,6 млн.шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделіп отырғанын атап өтті.

Бағдарлама тетіктерін жүзеге асыру барысы туралы Өңірлік даму вице-министрі С.Нокин, «Қазақстандық тұрғын үй-құрылыс корпорациясы» АҚ басшысы Қ.Әйтекенов, «ТҚЖБ» басқармасы төрайымы Н.Наурызбаева, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ басшысы Б.Палымбетов, Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Н.Сауранбаев, сондай-ақ Ақмола, Атырау және Оңтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері баяндады.

                     

«Бүгінгі талқылау - бірқатар облыстарда Бағдарламалар операторларымен бірлескен іс-қимылды қамтамасыз етуде, қажетті барлық құжаттарды дайындауда, ТҚК құрылыстарына жер телімдерін бөлуде әлі күнге дейін проблемалар бар екенін көрсетті»,-деді С.Ахметов.

                     

Үкімет басшысы жарты жылдың қортындысы бойынша игерілмеген қаржыны қайта бөлу туралы мәселе қаралатынына тоқталды.

«Игерілмеген қаржылар оларды дұрыс пайдаланып отырған өңірлерге қайта бөлінетін болады. Сосын әкімдер облыс тұрғындары алдында несиеге және жалға берілетін тұрғын үйлердің неге жоқтығы туралы айтсын. Бұл үшін барлық тетіктер қарастырылып, қаржы бөлінген болатын», - деді С.Ахметов.

Осыған байланысты С.Ахметов әкімдіктерге «Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі» көтерген түйінді мәселелерді шешуді қамтамасыз етуді, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне Өңірлік даму министрлігімен бірлесіп «Қазақстандық ипотекалық компания» АҚ капитализациялау мәселесін қарауды, ал Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп тұрғын үй құрылысы комбинаттары бойынша проблемалық мәселелерді шешу үшін барлық қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.

Сонымен қатар, ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне үстіміздегі жылдың 1 тамызына дейін Үкіметке «Энергия үнемдеу-2020» бағдарламасының жобасын дайындап, енгізуді тапсырды.

Энергияны үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру мәселелері қаралған Үкімет отырысында «Бағдарламаның барлық жағдайы тыңғылықты қарастырылуы, оның ішінде қаржыландыру бойынша жан-жақты зерделенуі қажет. Негізгі талаптар мен нормалар заңдардың деңгейінде қарастырылуы керек»,-деді С.Ахметов.

«Мемлекет басшысы 2015 жылға дейін биылдан бастап жыл сайын энергия тұтыну деңгейін 10 пайызға төмендетіп отыруға қол жеткізуімізді тапсырды. Бұл бәрінен бұрын кәсіпорындар, тұрғын-үй коммуналдық сала мен бюджеттік мекеме-ұйымдарға қатысты. Барлық бағыттар бойынша, оның ішінде өңірлер деңгейінде де нақты жүйелі жоспарлар болуы қажет», - деді Премьер-Министр.

«Тұтастай алғанда, энергия үнемдеу мәселесі жалпы мемлекеттік міндет болып табылады, сондықтан, ол экономиканың барлық салаларында және тұрмыстық деңгейлерге дейін жүзеге асырылуы керек», - деп атап көрсетті С.Ахметов.

Үкімет басшысы облыс әкімдеріне Кешенді жоспар мен Мемлекет басшысының энергия тұтыну деңгейін жыл сайын төмендетіп отыру туралы тапсырмасының аймақтарда нақты орындалуын, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне өңірлерде және кәсіпорындарда энергия үнемдеу саясатын жүзеге асыру барысын бақылау мен оған мониторинг жүргізуді күшейтуді тапсырды.

«Тұрғындарға энергияны ұқыпты пайдаланудың тиімділігін түсіндіруіміз керек. Осы орайда, Мәдениет және ақпарат министрлігіне Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп энергия үнемдеуді насихаттау жұмыстарын күшейту қажет»,-деп сөзін түйіндеді С.Ахметов.