Бүгін Үкімет отырысында автокөлік жолдарын дамыту мәселелері бойынша ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов «автокөлік жолдары құрылысын сапалы жүргізу үшін қажетті жағдайлардың бәрі жасалуы керектігін» басып айтты.

                     

«Мемлекет басшысының тапсырмасына байланысты соңғы он жылда жаңа автокөлік жолдарын салуға қомақты қаржы бөлінуде. ТМД елдері бойынша теңдесі жоқ ауқымды мегажобалар жүзеге асырылуда. Тек, Қызылорда облысы бойынша ғана жаңа автожолдың ұзындығы 800 км-ны құрап отыр. Болашақта Астана-Алматы, Астана-Павлодар жобалары жүзеге асырылып, Астана-Өскемен, Алматы-Қорғас, Алматы-Қапшағай күрежолдарының құрылысы басталады. Осы жылдар ішінде жол құрылысы компаниялары үлкен тәжірибе жинақтады, бұл жергілікті автожолдарды салу барысында жағдайды түбірінен өзгертуге мүмкіндік береді»,-деп атап көрсетті Үкімет басшысы.

Автожол саласын жаңғырту аясында тұңғыш рет жолды ақылы пайдалану жүйесі енгізілуде.

Үкімет басшысы -биыл бұндай жүйенің Астана-Бурабай тасжолы бойынша қолданылатынын хабарлады.

Премьер-Министр Көлік және коммуникациялар министрлігіне «Батыс Еуропа-Батыс Қытай», «Астана-Алматы», Астана-Павлодар» жобаларын кестеге сәйкес орындауды қамтамасыз етуді және бөлінген қаржыны жұмыс сапасын сақтай отырып мерзімінде игеруді» міндеттеді. Сонымен қатар, С.Ахметов облыстар және Астана мен Алматы қалалары әкімдіктеріне Көлік және коммуникациялар министрлігімен бірлесіп автокөлік жолдары құрылысын сапалы жүргізуге қажетті жағдайлармен қамтамасыз етуді тапсырды.

Сондай-ақ, Үкімет отырысында қаралған жазғы демалыс кезеңінде балаларды сауықтыру және демалысын ұйымдастыру мәселесі бойынша талқылауды түйіндей келіп, Премьер-Министр өкілетті органдарға «балалардың жазғы демалысын ұйымдастырып, оған оқушыларды барынша қамтуды» тапсырды.

                     

Премьер-Министрдің өкімімен дарынды балалардың тегін демалысын ұйымдастыру қарастырылғанын, бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 300 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінгенін, оның өткен жылмен салыстырғанда 210 млн.теңгеге артық екенін атап өткен жөн.

Жазғы каникул кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ТЖМ, Денсаулық сақтау, ІІМ, Білім және ғылым, Өңірлік даму министрліктеріне, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктеріне шараларды қабылдау тапсырылды. Сондай-ақ, С.Ахметов «Өңірлік даму министрлігіне облыстар мен Астана және Алматы қалалары әкімдіктерімен бірлесіп балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру барысында оның материалдық-техникалық базасын жарақтау мен нығайту бойынша жұмыстарды жалғастыруға» нұсқау берді.