Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов ҮИИДМБ шеңберінде химия саласын дамыту бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері бойынша Үкімет отырысын өткізді.

Тақырыпқа байланысты негізгі баяндаманы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешев жасады. Сондай-ақ, саланы дамыту туралы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» басқарма төрағасының орынбасары Д.Ердебай, «Jurong» компаниясының вице-президенті Т.В.Леон, «LG Chem» компаниясының бас директоры Ч.Нам, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры М.Ескендіров баяндады.

                     

Талқылауды қортындылай келе, Үкімет басшысы салалық бағдарламаны жүзеге асыру кезеңіндегі қол жеткен жетістіктерге тоқталды. «Өндіріс көлемі мен химиялық өнімдердің экспорты екі есеге артты. Жаңа кәсіпорындар ашылуда, өнімнің жаңа түрлері шығарылып, жұмыс орындары құрылуда. Еңбек өнімділігі көрсеткіші және негізгі капиталға инвестиция тарту артып отыр», - деді С.Ахметов.

                     

Химия саласын одан әрі дамыту үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Премьер-Министр саланы Үкімет жұмысының басымдықты бағыты деп атады.

                     

Үкімет басшысының айтуынша, «ырғақты даму үстіндегі химия саласы 2020 жылға қарай басқа салаларға, оның ішінде шағын және орта бизнеске серпін береді».

Серік Ахметов өкілетті органдарға салалық бағдарламаларды жүзеге асыру бойынша жұмысты одан әрі жалғастыруды тапсырды.

«Интеграциялық процестерді есепке ала отырып, отандық өндірушілер мүдделерін қорғау және химиялық өнімдерді сыртқы рыноктарға өткізуге шығару бойынша, сондай-ақ саланы білікті мамандармен қамтамасыз ету үшін маман дайындау мен қайта даярлау бойынша шаралар қабылдау қажет», - деді Үкімет басшысы.

Премьер-Министр бұнымен қатар, Мемлекет басшысының «жасыл» экономикаға көшу бойынша Тұжырымдаманы бекіткенін хабарлады.

«Оның негізгі принциптері табиғи ресурстарды мөлшермен пайдалану, экожүйені тиімді басқару, «таза» технологияларды кеңінен енгізу, жаңартылған энергия көздерін дамыту, сондай-ақ халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру болып табылады», - деді С.Ахметов.

Тұжырымдаманы табысты жүзеге асыру үшін тиісті іс-шаралар жоспары қажет, деген Үкімет басшысы ҚР қоршаған ортаны қорғау министрлігіне оны екі аптада дайындап, Үкіметтің бекітуіне ұсынуды тапсырды.