Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов тарифтік саясатты жетілдіру және мемлекеттік бақылаушы органдардың қауіптерді басқару жүйесі мәселелерін қараған Үкімет отырысын өткізді.

Мәселелер бойынша негізгі баяндамаларды ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы М.Оспанов, ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Е.Досаев. ҚР өңірлік даму вице-министрі С.Нокин жасады.

Талқылауды қортындылай келе, Премьер-Министр жаңа тариф саясатын қалыптастыру кезінде тарифты белгілеу ашықтығын арттыру мен осы орайда халықпен белсенді түрде жұмыс жүргізу қажеттігіне тоқталды. «Тариф мәселесінің бәрімізге қатысы бар, әрбір ұқыпты, адал азамат тарифтің көтерілуіне бірден назар аударады. Сондықтан тарифті белгілеудің ашықтығы өте маңызды», - деп атап айтты С.Ахметов.

Үкімет басшысы тұрғындармен жұмыс жүргізу барысында кондоминимумдар мен ПИК мүмкіндіктерін пайдалануды ұсынды.
Премьер-Министр сондай-ақ ТМРА-ға жалпы үйлерге есептегіш құралдар қою бойынша жауапты тұлғаны анықтауды тапсырды. Өз баяндамасында ТМРА төрағасы М.Оспанов табиғи монополиялар нысандарының міндетіне жалпы үйлерге есептегіш құралдарды алып- қою міндетін де енгізуді ұсынды.

                          

«ТМРА-ға есептегіш құралдардың табиғи монополиялар субьектілеріне қарайтыны туралы түпкілікті анықтауды тапсырылады. Яғни, екіұдай түсінік болмауы үшін бұл қызметтерді табиғи монополиялар субьектілері атқаратын болады, деп нақты, нық сеніммен айту керек», - деп атап көрсетті Үкімет басшысы.

Серік Ахметов мүдделі мемлекеттік органдарға тарифтік саясатты жетілдіру бойынша және оны үстіміздегі жылдың қырқүйегінде Үкіметтің қарауына енгізу туралы ұсыныстарды өңірлерде кеңінен талқылауға нұсқау берді.

Осыған орай, Премьер-Министр «үстіміздегі жылы табиғи монополиялар мәселелері бойынша кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын жасауды қамтамасыз етуді, ал әділет министрлігіне бұл заң жобасын 2014 жылғы заң жобалары жұмыстарының жоспарына қосуды» тапсырды.

Мемлекеттік бақылаушы органдардың қауіптерді басқару жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша, «мемлекеттік органдарға дайындалып жатқан кәсіпкерлік жұмыстарды 2020 жылға дейін мемлекеттік реттеу Тұжырымдамасының жобасы шеңберінде бақылау және қадағалау қызметтерін жетілдіру бойынша жұмыстарды жалғастыруды» тапсырды.