Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов селекторлық режимде Үкімет отырысын өткізді. Қазақстанда бұқаралық спортты дамыту мәселелері бойынша спорт және дене шынықтыру істері Агенттігінің төрағасы (СДША) Ерлан Қожағапанов баяндады.

                        

Е.Қожағапанов атап өткендей, бұқаралық спортты дамытуда, жыл сайын саны өсіп келе жатқан кешенді көпшілік спорт шараларын ұйымдастырып, өткізу маңызды орын алады. Егер 2011 жылы 17 мың осындай шара ұйымдастырылса, 2012 жылы 3,6 млн-нан астам адам қатысқан 18 мыңнан астам кешенді шаралар өткізілді. Елімізде жалпы спорт және дене шынықтырумен айналысатын адамдардың саны 21,6% құрады.

«Сонымен қатар олимпиадалық емес спорт түрлері де ырғақты дамып келеді. Қазақстанның спортшылары негізгі елеулі жарыстарға қатысты. Олар 2012 жылы спорттың осынау түрлері бойынша әр түрлі дәрежелі 316 медаль иеленді», - деп хабарлады ведомство басшысы.

                       

Спорттың ұлттық түрлері қарқынмен дамуда. 2012 жылдың қортындысы бойынша спортшыларымыз барлығы халықаралық және республикалық жарыстарда 226 медаль алды, деді ол.

«ҚР Президентінің қолдауы арқасында спорт пен дене шынықтыру саласы қарқынды дамуда. Бұған ұлттық құрама команданың Лондонда өткен жазғы Олимпиада ойындарындағы жетістігі дәлел. Халықаралық аренадағы сүбелі жарыста еліміз спортшыларының 7 алтын, 1 күміс, 5 қола медальдар иеленуі бірінші рет мүмкін болды. Ресми спорт додаларында алынған медальдардың жалпы саны бір мыңға жуықтады», - деді Е.Қожағапанов.

Аталған мәселелер бойынша сондай-ақ ҚР білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері сөйледі.

                        

Талқылауды түйіндеген, С.Ахметов, Мемлекет басшысының спорттың бұқаралық түрімен айналысатындардың санын 2020 жылға қарай 30 пайызға жеткізуді тапсырғанын атап көрсетті.

«Жұмысты қоғамдық денсаулық сақтауды дамытуға, салауатты өмір салтын қалыптастырып, адамдарды сол құндылықта тәрбиелеуге шоғырландыру қажет. Бұған барлық мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары және жұмыс берушілер белсенді түрде қатысуы керек. Мемлекет басшысы бұқаралық спорт және жоғарғы кәсіби спорттар кешенді жүйелі көзқарасты талап ететінін әрдайым баса айтады. Яғни, Үкімет өз жұмысында осы факторларды есепке алуы қажет», - деп атап көрсетті С.Ахметов.

Осыған орай, Үкімет басшысы СДША-ға мүдделі органдармен бірлесіп көрсетілген мерзімде «Спорт және дене шынықтыру туралы» Заң жобасының жаңа нұсқасын енгізуді тапсырды.

Сондай-ақ, Агенттікке Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігімен бірлесіп республикада бұқаралық спортты дамыту бағдарламасын дайындап, үстіміздегі жылдың 1 қырқүйегіне дейін Үкіметке ұсыныс енгізуді жүктеді.

Білім және ғылым министрлігіне облыстар, Астана мен Алматы қалалары әкімдерімен бірлесіп жаңа оқу жылына дейін жалпы білім беретін мектептерде 3 сағаттан кем емес уақыт міндетті дене тәрбиесі сабақтарын қалпына келтіруді; мектептерде әлжуаз балалар үшін сауықтыру дене тәрбиесі топтарын қалпына келтіру немесе жаңадан ашу шараларын қабылдау; мектептерді салауатты өмір салты бағдарламасы бойынша оқу уақытынан тыс дәрістер өткізгені үшін қосымша ақы алатын дене тәрбиесі ұстаздарымен 100% қамту тапсырылды.

Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне, Республикалық бюджеттік комиссияның қарауына жергілікті бюджеттердің бірлесіп қаржыландыруын есепке ала отырып емдеу-дене шынықтыру кешендері құрылысы мәселелерін енгізуді тапсырды.