Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов селекторлық режимде Үкімет отырысын өткізді. Онда ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Е.Досаев үстіміздегі жылдың бірінші жартысындағы еліміздің әлеуметтік- экономикалық дамуы қортындылары туралы баяндады.

                       

«Әлемдік экономикадағы тұрақсыздыққа қарамастан, алдын ала бағалау бойынша Қазақстанның ЖІӨ бірінші жарты жылдықта 5,1% ке артты, бұл тұтастай алғанда біздің болжамымызбен сәйкес келеді», - деді министр.

Ол келтірген мәліметке қарағанда инфляция қаңтар-маусым айларында 2,7% құрап, өткен жылғы деңгейді сақтап қалды, бұл жылдық көріністе 5,9% құрады. Экспорт 10,8%-ға қысқарып, тауар импорты 10,3%-ға артты. 2013 жылдың қаңтар-мамыр айларында Кеден Одағы елдерімен өзара сауда-саттық 1,8%-ке өсіп, 9,4 млрд. АҚШ долларынан артты.

                      

Қазақстанның халықаралық резервтері жыл басынан бері 4,1%-ке өсіп, 89,6 млрд. АҚШ долларына жетті. Оның ішінде еліміздің жалпы халықаралық резервтері 26,1 млрд. АҚШ долларын құрап, негізінен алтын бағасының төмендеуі есебінен жыл басынан бері 7,6%-ға кеміді. Шетел валютасындағы Ұлттық қордың активтері жыл басынан бері 9,8%-ға артып, 63,5 млрд. АҚШ долларын құрады.

Министр, экономика өсімінің негізгі драйвері бұрынғыдай қызмет көрсету сферасының 7,6%-ға артуы, оның жалпы экономика өсіміндегі үлесінің 0,4% болып табылатынын, сонымен, тауар өндірісі 1,8%-ға артып, оның ЖІӨ-ні 0,7%-ға өсіргенін, сауда-саттықтың 12,5%-ға, көлік қызметінің 7%-ға, байланыс қызметінің 14,6%-ға артқанын атап көрсетті.

Өнеркәсіп өсімі 1,8% құрады, тау-кен өндірісі 2,2%-ға, қайта өңдеу 1,8%-ға өсті. Тұрғын үй құрылысына тартылған инвестиция 212,7 млрд. теңгені құрап, 20,4%-ға артты. 2,9 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Министр атап көрсеткендей, экономика саласындағы қарқынның артуына қол жеткізуге, инвестициялық белсенділікті сақтап қалуға көбіне ҮИИДМБ жүзеге асыру ықпал етуде. 2013 жылдың бірінші жартысында 2,3 мың тұрақты жұмыс орындарын құру арқылы 71,6 млрд. теңгенің 34 жобасы іске асырылды.

«Экономикадағы жағымды тенденциялар елде әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, азаматтардың жағдайын жақсартуға мүмкіндік берді. Жыл басынан бері тұрғындардың нақты кірісі 2,4%-ға, нақты жалақысы 0,5%-ға өсті. Жұмыссыздық деңгейі маусымда 5,2% құрады», - деп атап өтті Е.Досаев.

Есепті кезеңдегі мемлекеттік бюджеттің орындалысы туралы ҚР қаржы министрі Б.Жәмішев хабарлады. Сонымен, 2013 жылдың 6 айында мемлекеттік бюджетке 3 160,6 млрд. теңге түсті, немесе ол жоспардағының 97,6%. Өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда мемлекеттік бюджетке түсім 2,2%-ға кеміген.

«Республикалық бюджетке 2 592,0 млрд. теңге кірістер түсіп, немесе жоспарлы атқарылым 94,7% құрады. Бұл негізінен бюджеттегі қаржының жеткіліктілігіне байланысты Ұлттық қордан толық емес көлемдегі кепілді трансферт тарту есебінен құралды», - деді Б.Жәмішев.

Салықтық түсімдер 102,7%-ға атқарылды немесе, бұл өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 42,8 млрд. теңге артығымен түскенін көрсетеді. Түсім бір мәртелік алымдарды есептемегенде 23,3%-ға артып отыр.

2013 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 93 млрд. теңге салық мерзімінде төленбеген, жыл басымен салыстырғанда ағымдағы салықтардың есептелуіне, сондай-ақ салықтық тексерістер актілері бойынша есептеулерге қарағанда салықтық берешек 11,7 млрд. теңгеге, немесе 14,4%-ға өскен.

«Есептік кезеңде біз ішкі жалпы өнім өсімін 5,1%-ға арттыруға қол жеткіздік. Біздің еліміздің экономикасына қысым көрсететін сыртқы факторлардың ықпалына қарамастан биыл экономика өсімінің 6%-ға жеткізілуі қамтамасыз етілуі тиіс», - деп атап көрсетті С.Ахметов.

Осыған орай, ол Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі мен мүдделі мемлекеттік органдарға еліміздегі макроэкономикалық жағдайларға әлемдік экономикада қалыптасқан тенденцияларды есепке ала отырып, тұрақты мониторинг ұйымдастыруды, қажет болған жағдайда өмір шындығын есепке алып, қолданыстағы дағдарысқа қарсы шараларға түзетулер жасау туралы ұсыныс енгізуді тапсырды.

Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі ТМРА-мен бірлесіп салмақталған тарифтік саясатты қалыптастыру бойынша жұмыстарды жалғастыру қажет. Қаржы министрлігі мемлекеттік бюджетті пайдалану жағдайын қатаң бақылауы тиіс. «Мемлекеттік органдар басшыларына бөлінген бюджеттік қаржының жұмсалуын жеке бақылауына алуларын тапсырамын», - деп түйіндеді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ, Премьер-Министр Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне бюджеттік бағдарламалар әкімгерлерімен бірлесіп үстіміздегі жылдың 1 қырқүйегіне дейін 2014-2016 жылдарға арналған үшжылдық бюджет пен осы кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық даму болжамын Парламент Мәжілісіне енгізуді тапсырды.

Ауыл шаруашылығы министрлігіне егін орағын мерзімінде, шығынсыз өткізу, ал, Мұнай және газ министрлігіне оны жеткілікті көлемде жанар-жағар маймен қамтамасыз ету тапсырылды.