Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен селекторлық режимде өткен Үкімет отырысында аграрлық саланы дамыту мәселелері, «Агробизнес-2020» бағдарламаларын жүзеге асыру барысы, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен сферасындағы ӘКК жұмысы қаралды.

                       

Ауылдарды дамыту мәселелерінің Мемлекет басшысының айрықша назарында тұрғанын атап айтқан С.Ахметов осы жылдың ақпан айында қабылданған 2013-2020 жылдарға арналған АӨК-ті дамыту бағдарламасының мемлекеттік қолдаудың теңдессіз шарасы ретінде қарастырылғанын атап көрсетті.

Саланың ағымдағы жағдайлары бойынша, «Агробизнес-2020» бағдарламасын жүзеге асыру барысы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту шаралары туралы ҚР ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков баяндады. Оның айтуынша, тұтастай алғанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру өсімі оң өріс алды. Сонымен, соңғы 12 жылда жалпы өнім көлемі 4 есеге артып, 2012 жылы 1,9 трлн. теңгені құрады.Өсімдік өнімдерін өндіру осы мерзім ішінде 3 есеге (325,7 млрд. теңгеден 981,2 млрд. теңгеге дейін), мал өнімдерін өндіру 5 есеге жуық (207,9 млрд. теңгеден 1,0 трлн теңгеге) дейін өсті. Сонымен қатар, 2012 жылы мал өнімдері үлесі өсімдік өнімдерінен асып түсіп, 50,6% құрады.

                     

Министр АӨК нысандарын мемлекеттік қолдаудың шаралары мен тетіктерін түсіндіру бойынша жұмыстар туралы мәлімдей отырып, ӘКК пен тектес салаларды дамытудың стратегиялық бағдарламалық құжаттарына түзетулер енгізу бойынша ұсыныстар, шеберлік жоспарлары, ауылшаруашылығы өндірістері бойынша өңірлердің мамандану Картасы дайындалғанын, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудің басымдықты бағыттары анықталғанын, бағдарламаларды жүзеге асыруды қамтамасыз ететін нормативтік-құқықтық базаның жетілдіріліп жатқанын хабарлады.

Бұл мәселелер бойынша, сондай-ақ Қостанай облысының әкімі Н.Сәдуақасов, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі А.Мырзахметов, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ басшысы Д.Айтжанов, «Шығыс сүт» корпорациясының президенті С.Сайлаубаев, «Қазақстан фермерлері одағы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ә.Даринов сөйледі.

Талқылауды қортындылай келе, Үкімет басшысы «бағдарламаны қабылдай отырып, біз одан жақсы нәтижелер күтуге тиіспіз», - деді. Премьер-Министр осыған орай, Ауыл шаруашылығы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп бағдарламалардың жаңа тетіктерін іске қосу үшін қажетті нормативтік-құқықтық актілер жобаларын жедел келісуді ұйымдастыруды, ауыл шаруашылығын секторлар бойынша әсіресе өсімдік, мал шаруашылықтары мен ветеринарлық салада дамытудың шеберлік жоспарларын бекітуді, сондай-ақ тиісті қаржыландыру көздерімен қамтылған кешенді жоспарды бекітуді тапсырды.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаевқа барлық мүдделі мемлекеттік органдардың іс-қимылын үйлестіріп отыруды қамтамасыз ету тапсырылды.

Мемлекет басшысының агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға ӘКК қатыстырылуы бойынша тапсырмасын орындау барысы туралы Өңірлік даму бірінші вице-министрі Қ.Өскенбаев баяндады. С.Ахметов ауылдарды дамыту, әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және сервистік-дайындаушы орталықтар құру үшін ӘКК мүмкіндіктерін барынша пайдаланудың маңыздылығына тоқталды. «Бұл өңірлерді дамыту институтының жақсы тетігі», - деді Үкімет басшысы.

Қабылданған ӘКК дамыту тұжырымдамасында ӘКК-тің шығын әкелетін бағдарламалардан біртіндеп шығарылуы қарастырылғанын атай келе, С.Ахметов әкімдерге ӘКК-тің шығынсыз жұмысын қамтамасыз ету бойынша Үкіметке ұсыныс енгізуді тапсырды. Ол сондай-ақ Өңірлік даму және Ауыл шаруашылығы министрліктеріне әкімдермен бірлесіп ӘКК дамыту стратегиясын дайындау шеңберінде АӨК жобаларын қолдау саласында ӘКК рөлі мен міндеттерін нақтылауды тапсырды.

С.Ахметовтің айтуынша, Өскемендегі өңірлердің бірінші форумында өңіраралық кооперациялардағы ӘКК-тің рөлі атап өтілді. «АӨК-тегі жаңа жобаларды есепке ала отырып, бұл жұмыстарды жалғастыру қажет», - деді Премьер-Министр. Ол сондай-ақ, қайта өңдеу өндірісін құру мақсатында ӘКК-ті инвесторлар тартуға қатыстыру мәселелерін әзірлеуге өкім етті.