Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен селекторлық режимде өткен Үкімет отырысында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру, сондай-ақ ана мен бала өлімін азайту бойынша іс-шаралар жоспарының орындалысы мәселелері қаралды.

                       

«БЖК-2020» бағдарламасын қаржыландыру, оның тетіктері мен құралдарын одан әрі жетілдіру мәселелерінің маңыздылығына тоқтала келе, С.Ахметов кәсіпкерлікті дамытуға ықпал ететін бағдарламаны жүзеге асыру мәселесінің Мемлекет басшысының айрықша назарында отырғанын атап көрсетті.

ҚР өңірлік даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев «БЖК-2020» бағдарламасының сұранысқа иелігі мен тиімділігін айта келе, 36 мыңнан астам кәсіпкердің оның қолдауына ие болғанын, бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан 145 мыңнан астам кәсіпкердің сақталып қалғанын және 40 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарының құрылғанын атап көрсетті.
                     
                       

Қ.Өскенбаевтің айтуынша, «экономикадағы әрбір 5 жаңа жұмыс орны Бағдарлама шеңберінде құрылып, индустрияландыру картасының әрбір 4 жобасы бағдарлама қолдауына ие болып, оның үлесі шағын және орта бизнеске бөлінген барлық несиелердің 11,6% құрап, 56 млрд. теңге салықтар төленіп отыр».

Баяндамашының сөзіне қарағанда, соңғы екі жылда Бағдарламаға 3 өзгерістер пакеті енгізілген, таяу арада кезекті төртінші өзгерістер пакетін енгізу жоспарлануда. Олардың аясында кәсіпкерлерлікті қолдау және оларға қызмет көрсету орталықтарын, бизнес-инкубаторлар құру мен оларды жұмыс істеткізу тетіктері, сондай-ақ индустриялдық аймақтарды дамыту бойынша, жаңа бастағандар үшін «Бизнес кеңесші-1», жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер үшін «Бизнес кеңесші-2» бағдарламаларын құрудың негізгі әдістері мен шаралары анықталады. Қ.Өскенбаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өзгерістердің төртінші пакетінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы тетіктері арқылы АӨК жобаларын қолдау бойынша шаралардың қарастырылатынын айтты.

Қ.Өскенбаев «Үстіміздегі жылдың қазанында Үкіметке енгізілмекші ұсынылып отырған өзгерістер қазақстандық кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шараларын көрсету үшін жағдай туғызады»,-деген сенімділік білдірді.

Талқыланған мәселе бойынша сондай-ақ «Даму» қоры басқармасының төрайымы Л.Ибрагимова, Қостанай облысының әкімі Н.Сәдуақасов, Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаев, Жамбыл облысының әкімі Қ.Бозымбаев сөйледі.

                       

Қаралған мәселені қортындылай келе, Үкімет басшысы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыруда белгілі дәрежедегі нәтижелердің бар екенін айта келіп, оны орындауда сапаны арттырудың қажеттігін, бұл үшін бағдарламаның барлық әлеуетін қолдану керектігін атап көрсетті. Осыған орай, С.Ахметов Өңірлік даму министрлігіне облыстармен өзара іс қимылды үйлестіруге айрықша көңіл бөлуді, ал өңірлерге жобаларды сапалы іріктеу мен бөлінген қаржыны дұрыс игеруді тапсырды.

Ана мен бала өлімін азайту бойынша іс- шаралар жоспарын жүзеге асыру барысы туралы ҚР денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова баяндады. Министрдің айтуынша, шаралар қатарына халықаралық тиімді технологияларды енгізу, ана қауыпсіздігі бағдарламасын жүзеге асыру, балалар сырқаттарын кешенді емдеу сияқты жүйелі шаралар қабылдаудың арқасында ана мен бала өлімі көрсеткішін түсіруге қол жеткізілді.

                       

Соңғы 3 жылда тиімді технологияларды енгізуді үйлестіру республикалық орталығы жұмыс істейді. Әр аймақта перинаталдық орталықтар мен балалар ауруханалары базасында жүкті, босанған аналар мен сәбилерге, балаларға медициналық көмек көрсететін медицина қызметкерлерін үздіксіз кәсіби жетілдіру бойынша оқу орталықтары жұмыс істеп келеді. Перзентханалар мен балалар ұйымдары медицина қызметкерлерінің 80%-дан астамы халықаралық стандарттар бойынша білім алып, нәтижесінде ана мен балаға шұғыл көмек көрсету елеулі түрде жақсарды. Олардың білімі мен тәжірибелік машықтарын бағалау үшін Астана мен Алматы қалаларында республикалық орталықтар ашылып, жұмыс істеуде.

Бұл тақырып бойынша сондай-ақ БҰҰ-ның балалар қоры ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Джун Кукита сөйледі.
Үкімет басшысының айтуынша, денсаулық сақтау саласында соңғы жылдары жұмыс аз атқарылған жоқ. Кардиохирургия, трансплантология, көлік медицинасы дамып, Ұлттық скринингтік бағдарламасы енгізілді, кепілді тегін оның ішінде балаларға арналған медициналық көмектер тізбесі кеңеюде. Сонымен қатар, С.Ахметов министрлікке ақпараттық жұмыстарды күшейтіп, БАҚ құралдары арқылы салаға енгізіліп жатқан жаңашылдықтар, тұтастай алғанда, отандық медицинаның жетістіктері туралы хабарлап отыру қажеттігіне тоқталды.

                      

Ана мен бала өлімін азайту мәселесіне тоқталған Премьер-Министр «ана мен бала өлімі төтенше жағдай дәрежесінде қаралуы тиіс», ал Денсаулық сақтау министрлігі өңірлермен бірлесіп бұл салада сапалы талдау жүргізуі керек,-деп түйіндеді.