— Отырыс барысында «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру, құқық қорғау қызметін, атқарушылық іс жүргізу мен сот сараптамасының мәліметтерін цифрландыру,  азаматтық авиацияның одан әрі даму мәселелері қаралды. 

— Бақытжан Сағынтаев күн тәртібінен тыс еліміздегі қатты суыққа қатысты мәселелерге тоқталып өтті. Премьер-Министр гидрометеорологтардың мәліметтері бойынша мұндай ауа райы тағы бірнеше тәулік сақталатынын атап өтті. Осыған байланысты, Бақытжан Сағынтаев әкімдіктерге жылу желілері жұмысының, әсіресе шағын қалалардағы шағын қазандықтарда температуралық кестені сақтау бойынша қосымша шаралар қабылдауды тапсырды. Ішкі істер министрлігіне автожолдарда ықпалды бақылауды қамтамасыз ету тапсырылды. 

— Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын жүзеге асыру барысы туралы баяндады. Министр атап өткендей, 2017 жылдың қорытындысы бойынша тұрғын үй құрылысына 979,8 млрд теңге инвестиция салынды, бұл өткен жылғы деңгейден 18% жоғары. Жеке инвестициялардың үлесі 825,8 млрд теңгені немесе жалпы көлемнің 84,3%-ын құрады, мемлекеттік инвестициялар үлесі — 154 млрд теңгені немесе жалпы көлемнің 15,7%-ын құрады.

— Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан жобалар, құқық қорғау органдарын цифрландыру барысы туралы айтып берді. 

— Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов өз сөзінде ішкі істер органдарын цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі таңда ішкі істер органдарында, соның ішінде жол полициясы, көші-қон қызметі, қылмыстық-атқару жүйесі және жедел-криминалистикалық қызмет саласында 19 ақпараттық жүйе бар.

— Әділет министрі Марат Бекетаев атқарушылық іс жүргізу мен сот сараптамасының мәліметтерін цифрландыру туралы баяндады.

— Сот жүйесін цифрландыру туралы Жоғарғы сот аппаратының басшысы Нұрсерік Шәріпов айтып берді. Аталған мәліметтерге сәйкес, биыл 1 қаңтардан бастап Қылмыстық іс жүргізу кодексінің өзгеруіне байланысты соттар істерді электрондық форматта қарауға көшті. Бұдан өзге, 2017 жылы азаматтық істер бойынша бұйрық өндірісі, әкімшілік істерді қабылдау қызметі электронды түрде іске қосылды.

— Сонымен қатар осы мәселе бойынша ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек сөз сөйледі. Премьер-Министр Б. Сағынтаев пен Премьер-Министрдің орынбасары А. Жұмағалиев түсініктеме беріп өтті. 

— Азаматтық авиацияны одан әрі дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндады. Жеңіс Қасымбектің айтуынша, бүгінгі таңда қазақстандық әуе компанияларынан Еуроодақ елдеріне ұшуға барлық шектеулер алып тасталды — бес отандық әуе компаниясы (Air Astana, SCAT, “Комлюкс”, “КазЭйрДжет” және Prime Aviation) Еуропаға ұшуға құқылы.

— Үкімет отырысының қорытындысы бойынша Бақытжан Сағынтаев бірқатар тапсырмалар берді.