— Отырыс барысында орталық және жергілікті атқарушы органдардың 2018 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындығы, АХҚО қызметі мәселелері қаралды, сондай-ақ ҚР-дағы мемлекеттік қызметтің жай-күйі туралы Ұлттық баяндама тыңдалды.

— Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, елді мекендерді инженерлік қорғау «Су тасқыны қатерлерінің алдын алу және жою жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған шаралар кешені» жол картасына сәйкес жүргізіледі. Жыл басына дейін 204 шара іске асырылды. 108 қорғаныш бөгені салынды және нығайтылды, 71 гидротехникалық құрылыс, 8 көпір, 12 автокөлік жолы жөнделді. Жалпы алғанда, инженерлік қорғауды жасауға 12,56 млрд теңге жұмсалды, оның ішінде республикалық бюджеттен – 6,16 млрд теңге.

— Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев тасқын суларды сақтау, жинау және бөлістіру жұмыстары туралы баяндады.

— ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев орталық және жергілікті органдарды жедел гидрометеорологиялық ақпаратпен қамтамасыз ету үшін «Қазгидромет» РМК жүргізіп жатқан жұмыстар туралы айтты.

— ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек жолдардың су тасқыны кезеңіне дайындығы туралы баяндады.  

— 2018 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық туралы Ақмола облысы әкімі М. Мырзалин, Қызылорда облысы әкімі — Қ. Көшербаев, Солтүстік Қазақстан облысы әкімі — Қ. Ақсақалов, Алматы облысы әкімі — А. Баталов, Шығыс Қазақстан облысы әкімі — Д. Ахметов, Қарағанды облысы әкімі — Е. Қошанов, Қостанай облысы әкімі — А. Мұхамбетов, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі — Ж. Түймебаев баяндады.

— ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев су тасқыны кезеңіне уақытылы дайындықты қамтамасыз ету бойынша міндеттердің орындалуына қатысты нақты тапсырмалар берді. Бақытжан Сағынтаев Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминге Жол картасын жалпы үйлестіруді және іске асыруды, ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевке тасқын су мен еріген қар суын жинау және бөлістіру бойынша Жоспардың орындалуын бақылауда ұстауды тапсырды.

— АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов «Астана» Халықаралық қаржы орталығының қызметі туралы айтып берді.

— ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова ҚР мемлекеттік қызметтің жай-күйі туралы ұлттық баяндамамен таныстырды.

Үкімет отырысының қорытындысы ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильиннің, ҚР АШМ Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішевтің, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Владимир Беккердің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Спикерлер БАҚ өкілдерінің алдағы су тасқыны кезеңін болжау туралы сұрақтарына жауап беріп, ықтимал қауіптердің алдын-алу бойынша ұсыныстар айтты.