— Отырыс барысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік, жекешелендіру жүргізу барысы, білім беру саласын цифрландыру мәселелері қаралды.

— Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, сондай-ақ бірқатар облыстардың әкімдері мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту мәселелері туралы баяндады.

— Мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту мәселесін қарау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бірқатар нақты тапсырмалар берді.

— Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов осы жылдың І тоқсанындағы Жекешелендірудің кешенді жоспарын орындау нәтижелері туралы баяндады.

— Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Жекешелендірудің кешенді жоспарын жүзеге асырудың тиімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстар айтты.

— Сондай-ақ, мәселені қарау барысында «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасының орынбасары А. Айдарбаев, «Бәйтерек» ҰБХ басқарма төрағасы А. Әріпханов, «ҚазАгро» холдингінің басқарма төрағасы Н. Мәлелов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов, Ақмола облысының әкімі М. Мырзалин, Астана қаласының әкімі Ә. Исекешев сөз сөйледі.

— Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев білім беру саласын цифрландыру туралы баяндады. Сонымен қатар, білім беру жүйесін цифрландыру аясында іске асырылып жатқан шаралар туралы ақпарат және коммуникациялар министрі Д. Абаев, Павлодар облысының әкімі Б. Бақауов, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж. Түймебаев баяндады.

— Бақытжан Сағынтаев баяндамалармен танысқаннан кейін алға қойылған міндеттерді орындау бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.

— Отырыс қорытындысы бойынша ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында ҚР инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Роман Склярдың, «Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» АҚ вице-президенті Айдос Көбетовтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

— Роман Скляр журналистердің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласына МЖӘ жобаларын енгізу туралы сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ, ҚР ИДМ жанынан МЖӘ-орталығының құрылуы туралы айтып беріп, энергия үнемдеу саласында МЖӘ-ні дамытуды қолдаудың қолданыстағы тетіктерін пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.

— Айдос Көбетов «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» Заңға өзгерістер енгізгеннен кейін МЖӘ іске асыру қалай өзгергені туралы айтып берді.