— Отырыс барысында 2018 жылдың І тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің орындалу қорытындылары, бейресми жұмыспен қамтылған адамдарды ресмилендіру және ел экономикасына тарту жөніндегі Жол картасының іске асырылу барысы, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру және мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері қаралды.

— Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 2018 жылдың І тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің орындалу қорытындылары туралы баяндады. Ол бірінші тоқсанда ел экономикасында оң үрдістер сақталғанын мәлімдеді. Есепті кезеңде ЖІӨ өсімі 4,1% құрады, 2017 жылдың осындай кезеңінде 3,6% болған.

— 2018 жылдың бірінші тоқсанындағы инфляцияның жай-күйі туралы ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев баяндады. Жыл басынан бері инфляция 1,8%-ті құрады. Бұл көрсеткіш 2017 жылдың осындай кезеңіндегі деңгейге қарағанда 0,5 п.п төмен. Жылдық есеп бойынша инфляция 6,6% құрады.

— Өз кезегінде, қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мемлекеттік бюджеттің кірістері есепті кезеңде 107,8%-ке, соның ішінде республикалық — 101,9%-ке, жергілікті бюджеттер — 124,6%-ке асыра орындалғанын айтты. Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 95,7% құрады, республикалық — 96 % және жергілікті бюджеттер —97,7% атқарылды.

—Өз бағыттары бойынша инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек, энергетиканың бірінші вице-министрі М. Досмұхамбетов 2018 жылдың бірінші тоқсанындағы жұмыс нәтижелері туралы баяндады.

— Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова 2018 жылдың І тоқсанында бейресми жұмыспен қамтылған адамдарды ресмилендіру және ел экономикасына тарту жөніндегі Жол картасының іске асырылу барысы, сондай-ақ алдағы шаралар жоспары жөнінде баяндама жасады. Министрдің айтуынша, жыл басынан бері статусы анықталмаған 2,7 млн азаматтың бүгінгі таңда 607 мыңының статусы нақтыланды. 197 мың жұмысшы еңбек шартын жасап, міндетті зейнетақы жарналарын аударуда, 12 мың кәсіпкер қызметтерін тіркеді. Өңірлерде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздарды тарту жалғасуда.

— Сондай-ақ, аталған мәселе бойынша Тимур Сүлейменов баяндама жасады. Ол Жол картасының алтыншы тармағын іске асыру, Бірыңғай жиынтық төлемді енгізу туралы айтып берді.

— Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Арман Евниев ҚР АШМ «Еңбек» бағдарламасының екінші бағытының операторы ретінде жеке қосалқы шаруашылық статусында жүрген өздігімен жұмысқа қамтылған халықты және жұмыссыздарды ауылды елді мекендерде, шағын қалаларда бизнес жобаларын жүзеге асыруға несие беру жолымен өнімді қызметке тарту бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

— Бейресми жұмыспен қамтылған адамдарды ресмилендіру және ел экономикасына тарту жұмыстары туралы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж. Түймебаев, Алматы облысының әкімі А. Баталов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметов, Алматы қаласының әкімі Б. Байбек сөз сөйледі.

— ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е. Досаев Жол картасын жүзеге асыру жұмыстары өңірлермен бірлесіп жалғасатынын атап өтті.

— Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мәселелері жөнінде ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтып берді.

— «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді цифрландыру туралы баяндады.

— ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев мәселені қарау барысында азаматтардан СМС-растауды алу арқылы баланың туылуы бойынша проактивті қызмет іске қосылғанын айтты. Мемлекеттік қызметтердің 400-ден астам түрі оңтайландырылды, қызмет көрсету мерзімі екі есеге азайды. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің 80%-тен астамы электронды форматта ұсынылады.

— ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев әрбір қаралған мәселе бойынша нақты тапсырмалар берді.

— Отырыс қорытындысы бойынша ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаевтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

— Нұржан Әлтаев журналистердің өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты ресмилендіру туралы сұрақтарына жауап берді. Атап айтқанда бейресми жұмыспен қамтылған азаматтарды «көлеңкеден» шығару бойынша қабылданып жатқан жүйелі шаралар, арнайы салық режимі — Бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) енгізу, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен бейресми жұмыспен қамтылғандар туралы статистикалық деректер қаралды.