— Экспорттық саясат және экспорттаушыларды қолдау мәселелері, тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері, транспорт пен логистиканы цифрландыру мәселелері қаралды. 

— 2017 жылы бекітілген Ұлттық экспорттық стратегияны іске асыру туралы инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндады.

— Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов экспорттың өсуімен бірге тауарлардың желісі кеңейтілгенін — тұрмыстық техника, автобустар, металл бұйымдары, құрылыс құралдары, өсімдік майлары, қант, қағаз және басқа да өнімдерді сыртқы нарықтарға жеткізу ұлғайғанын атап өтті (осы тауарлардың экспорты $1,5 млрд құрады). Сондай-ақ, кедендік реттеу бойынша көлемді жұмыстар атқарылып жатыр. 

— ҚР ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев өз баяндамасында АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының көлемін ұлғайту мақсатында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді субсидиялау іске асырылып жатқанын мәлімдеді.

— “KazakhExport” экспорттық сақтандыру компаниясы" АҚ басқарма төрағасы Руслан Ысқақов Digital Baiterek цифрлық платформасында экспорттаушыларға қолдау көрсету үшін «бірыңғай терезе» қағидасы бойынша бірыңғай портал әзірленгенін мәлімдеді.

— Өңірлердегі қазіргі жағдай мен экспортты ұлғайту бойынша жоспардағы шаралар туралы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж. Түймебаев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов, Алматы облысының әкімі А. Баталов баяндады.

— Жылдық есеп аясында тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері туралы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, ҚР Бас прокурорының орынбасары А. Лукин және «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Р. Жүнісов баяндады.

— Транспорт пен логистиканы цифрландыру туралы инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндады. Аталған мәселе бойынша, сондай-ақ, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Қ. Алпысбаевтың баяндамасы тыңдалды.

— ҚР Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Арыстан Қабыкеновтың, ҚР ИДМ Көлік комитеті төрағасының орынбасары Дәурен Сәбитовтың, сондай-ақ «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қуат Жолдыбековтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

— Журналистердің сұрақтарына жауап берген А. Қабыкенов қазақстандық экспорттық тауарлардың үздік ондығы, экспорттық тауарларды шығарумен айналысатын отандық кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып берді.

—  Қуат Жолдыбеков Қазақстан өнімдері негізінен қандай елдерге экспортталатыны туралы, сондай-ақ тәжік билігімен жүргізілген соңғы келіссөздердің нәтижелері жайында айтып берді.