А. Мамин: инвестициялар тарту — экономикалық өсімді қалпына келтірудің негізгі драйверлерінің бірі 

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен Инвестициялар тарту мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. 

Негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша нысаналы көрсеткіштердің орындалуы туралы ұлттық экономика министрі Р. Дәленов, инвестициялар тарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы сыртқы істер министрі М. Тілеуберді, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов, энергетика министрі Н. Ноғаев, ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров, Қызылорда облысының әкімі Г. Әбдіқалықова, Қарағанды облысының әкімі Ж. Қасымбек, Маңғыстау облысының әкімі С. Трұмов, Шымкент қаласының әкімі М. Әйтенов баяндады.

Отырыста коронавирус індетінің таралу салдары ағымдағы экономикалық ахуалға түзету енгізіп, инвестиция тарту бойынша жұмыстарға теріс ықпалын тигізгені атап өтілді. Биыл қаңтар-сәуір айларында ҚР негізгі капиталына салынған инвестициялар 3 трлн теңгені – жоспарланған нысаналы көрсеткіштен 84% құрады. Өңірлер бөлінісінде ең көп — 30% астам орындамау Маңғыстау және Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында байқалған.

Премьер-Министр бұған дейін қойылған міндетті — 2025 жылға қарай негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемін ЖІӨ-нің 30%-на дейін жеткізу міндетін іске асырудың маңыздылығын атап өтті. Бұдан әрі әлемде инвестициялар үшін бәсекелестіктің артуы күтіліп отыр, бұл экономиканың барлық салаларында жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру, сондай-ақ инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту бойынша белсенді шараларды қабылдауды талап етеді. 

«Үкімет экономиканы жандандыру жұмыстарын бастады. 2020 жылдың соңына дейін Экономикалық өсімді қалпына келтіру бойынша кешенді жоспар қабылданды. Оған сәйкес инвестициялар негізгі драйверлердің бірі ретінде қарастырылады», — деді А. Мамин.

Премьер-Министр инвестициялық ұсыныстарды әзірлеу сапасын, мемлекеттік органдар мен барлық мүдделі тараптардың жұмысын үйлестіру деңгейін арттыру, шетел капиталын және технологиясын тартудың жаңа құралдарын енгізу, экономиканың басымдықты салаларын таргеттеу қажеттігін атап көрсетті.

Үкімет басшысы орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға қысқа мерзім ішінде елімізде және әлемде экономикалық ахуалдың өзгеруін ескерумен инвестициялық жобалар пулын және негізгі капиталға инвестициялар тарту бойынша нысаналы индикаторларды өзектендіруді тапсырды. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу