Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 06 сәуірдегі №171 Қаулысы

«Соттың, прокуратура, қылмыстық қудалау және сот сараптамасы органдарының қылмыстық істер бойынша заттай дәлелдемелерді, алып қойылған құжаттарды, ұлттық және шетелдік валютадағы ақшаны, есірткіні, психотроптық заттарды алып қою, есепке алу, сақтау, беру және жою қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 9 желтоқсандағы № 1291 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. «Соттың, прокуратура, қылмыстық қудалау және сот сараптамасы органдарының қылмыстық істер бойынша заттай дәлелдемелерді, алып қойылған құжаттарды, ұлттық және шетелдік валютадағы ақшаны, есірткіні, психотроптық заттарды алып қою, есепке алу, сақтау, беру және жою қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы
9 желтоқсандағы № 1291 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж., № 79, 683-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

көрсетілген қаулымен бекітілген Соттың, прокуратура, қылмыстық қудалау және сот сараптамасы органдарының қылмыстық істер бойынша заттай дәлелдемелерді, алып қойылған құжаттарды, ұлттық және шетелдік валютадағы ақшаны, есірткіні, психотроптық заттарды алып қою, есепке алу, сақтау, беру және жою қағидаларында:

2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«2. Қылмыстық істі тоқтату туралы шешім немесе үкiм шығару кезінде заттай дәлелдемелер туралы мәселе шешiледі. Бұл ретте:

1) қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамға тиесілі қылмыстық құқық бұзушылық құралдары және (немесе) заттары Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 48-бабының негізінде тәркілеуге жатады;

2) өз мүлкінің құқыққа қайшы мақсаттарда пайдаланылғанын білмеген не білуге тиіс болмаған адамға заңды негіздерде тиесілі қылмыстық құқық бұзушылық жасау құралы және (немесе) заты осы адамға кері қайтарылуға жатады;

3) өзге жағдайларда қылмыстық құқық бұзушылық жасау құралдары немесе заттары тиісті мекемелерге, белгілі бір адамдарға беріледі немесе жойылады;

4) ұстауға тыйым салынған немесе ұстауға шектеу қойылған заттар тиiстi мекемелерге берілуге жатады немесе жойылады;

5) құндылығы жоқ және пайдалануға келмейтiн заттар жойылуға жатады, ал мүдделi тұлғалардың немесе мекемелердің өтінішхаты болған жағдайда, оларға берiлуi мүмкiн;

6) қылмыстық жолмен алынған не заңды иесіне қайтарылуға тиіс мүлік пен одан түсетін кірістерді қоспағанда, қылмыстық жолмен алынған ақша және сондай қаражатқа сатып алынған өзге де мүлік, сондай-ақ заңсыз кәсiпкерлiк және контрабанда заттары соттың шешiмi бойынша мемлекеттiң кiрiсiне айналдырылуға жатады; қалған заттар заңды иелерiне берiледi, ал иелері анықталмаған кезде мемлекеттiң меншiгiне өтеді. Бұл заттардың тиесiлiгi туралы дау туындаған жағдайда дау азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен шешілуге жатады;

7) заттай дәлелдемелер болып табылатын құжаттар дәлелдемелерді сақтаудың бүкіл мерзiмi iшiнде іспен бiрге қалады не ҚПК-нiң 120-бабының төртінші бөлігінде көзделген тәртiппен мүдделi жеке немесе заңды тұлғаларға берiледi.»;

47-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«47. Егер сақталуы қомақты материалдық шығындарды талап ететін заттай дәлелдемелерді иесіне қайтару мүмкін болмаса не олардың иесі анықталмаған жағдайда судьяның (соттың) қаулысы бойынша олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өткізіледі, алынған сома сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізетін органның ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шотына (депозитіне) салынады.»;

мынадай мазмұндағы 47-1-тармақпен толықтырылсын:

«47-1. Пайдаланылған немесе өткізілген заттай дәлелдемелер негіздер болған кезде иесіне түрі мен сапасы дәл сондай заттармен өтеледі немесе соңғысына сот шешімі бойынша мемлекеттік бюджет есебінен олардың құны төленеді.».

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының          Премьер-Министрі                                                  А. Мамин

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу