Көлік министрлігінде бірқатар жаңа тағайындаулар болды

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Мақсат Қайыржанұлы Қалиақпаров мен Сәтжан Әйтенұлы Аблалиев көлік вице-министрлері, көлік министрінің бұйрығымен Ерболат Рахметұлы Мұқаев ҚР КМ аппаратының басшысы болып тағайындалды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі хабарлайды.

Мақсат Қалиақбаров 1980 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген. Еңбек жолын 2000 жылы «ҚР ПІБ МТҚ базасы» РМК кеден мәселелері жөніндегі маманы болып бастаған. Әр жылдары коммерциялық құрылымдарда; Ақтау халықаралық теңіз сауда портында; Көлік және коммуникациялар министрлігінде түрлі қызметтер атқарды. 2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін — «Электрондық қаржы орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары.

Сәтжан Аблалиев 1970 жылы Атырау облысында дүниеге келген. Алматы автомобиль-жол институтын және Қазақ қатынас жолдары университетін бітірген. Еңбек жолын 1987 жылы Оңтүстік Ембі мұнай барлау экспедициясы Орталық инженерлік-техникалық қызметінің операторы болып бастаған. 1996 жылдан 2004 жылға дейін Қазақ көлік және коммуникация академиясында жұмыс істеді. Көптеген жылдар бойы Көлік және коммуникация; Инвестициялар және даму; Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерінің құрылымында қызмет атқарды. Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді.

Ерболат Рахметұлы Мұқаев ҚР Көлік министрлігі аппаратының басшысы лауазымына тағайындалды. Ол 1961 жылы Орал облысында дүниеге келген. Гурьев педагогикалық институтын, Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетін бітірген. Алғашқы жұмыс орны Қараөзен орта мектебі болды. Ұзақ жылдар білім саласында, ішкі саясатта, аудан басшылығында, Батыс Қазақстан облысының әкімдігінде қызмет етті. Сенаттың төрт шақырылымының депутаты болды. 2021 жылдан — Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі аппаратының басшысы.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу