Ә. Смайылов Ұлттық халық санағын дайындау және өткізу жөніндегі арнайы комиссия отырысын өткізді

Мекен-жайлар бойынша деректерді жаңарту, интервьюерлерді іріктеу және елді мекендердің атауын өзгертуге уақытша мораторий жариялау. Үкімет халық санағын жүргізуге дайындалуда.

2021 жылы Қазақстан Республикасында Ұлттық халық санағын дайындау және өткізу жөніндегі арнайы комиссияның кезекті отырысы ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өтті.

1 маусымда өңірлерде тұрғындар мен тұрғын емес үй-жайлардың мекен-жайларын жаңарту және оларда тұратын тұрғындарды нақтылау мақсатында интервьюерлер елді мекендерді аралауды бастады.

Халық санағына дайындыққа шамамен 6,5 мың адамды тарту жоспарлануда.

Толық санақ құрамы Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Алматы, Атырау, БҚО, Қостанай, Қызылорда облыстарда жасақталған. Мұнымен қоса, бұл аймақтарда вакцина алған интервьюерлер пайызы жоғары.

Кездесу қорытындысы бойынша Әлихан Смайылов бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдіктері және Ұлттық статистика бюросы білім және ғылым, денсаулық сақтау министрліктерімен бірлесіп, жұмыссыз халықты, ерікті ұйымдарды, студенттерді екпе алғаннан соң, интервьюер ретінде тарту бойынша жұмысты күшейтуі керек.

Полиция департаменттерімен бірге облыстық әкімдіктер халық санағы кезінде санақ қызметкерлерінің қауіпсіздігін жергілікті деңгейде қамтамасыз етуі, сондай-ақ теріс пиғылды адамдардың алаяқтық әрекеттеріне жол бермеуі керек.

Сондай-ақ, Ә. Смайылов санақ науқаны аяқталғанға дейін елді мекендердің құрамдас бөліктеріне (даңғылдар, көшелер, аллеялар және т.б.) жаңа атау беру туралы мораторийді сақтауды тапсырды.

Халық санағы кезінде алынған жеке мәліметтер құпия болады және «Мемлекеттік статистика туралы» ҚР Заңына сәйкес қорғалатын болады.

«Мемлекет тарапынан қабылданып жатқан  шешімдердің тиімділігі алынған мәліметтерге байланысты болады. Санақ нәтижелері мектеп, балабақша, емханаларды салу бойынша бюджетті жоспарлауға және еліміздің әр әкімшілік-аумағында халыққа көлік қызметін ұсыну үшін қажет. Санақ деректері әлеуметтік саладағы, білім берудегі, денсаулық сақтаудағы, тұрғын үй құрылысыдағы және жұмыс орындарын құрудағы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда маңызды. Сондықтан, бұл шараның маңыздылығын ескере келе біз бұл науқанды сапалы түрде өткізуіміз керек», —  деді Ә. Смайылов.

 

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу