Диалогқа ашық әрі ынтымақтастыққа дайын. Қазақстан ЕО серіктестерімен АӨК саласындағы бірқатар жобаларды дамытуға ниетті

«Қазақстан-Еуроодақ» диалогтық платформасының 14-ші отырысына қатысушылар бірлескен агроазық-түлік миссиясы шеңберіндегі табысты ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Себебі, мұндай қадам Қазақстан нарығында еуропалық өнімді ілгерілетуге және Еуропалық Одақ нарықтарында қазақстандық өнімдердің ассортиментін арттыруға жол ашады.

ЕО Өкілдігінің Елшісі Кястутис Янкаускас атап өткендей, ауыл шаруашылығы және су ресурстарын басқару саласындағы өзара іс-қимыл осы жылы екі жақтың да күн тәртібіндегі басты мәселе болмақ.

ҚР ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қазақстан тарапынан бірқатар бастама ұсынды. Атап айтқанда, ЕО елдерінен жануарлардан алынатын өнімдерді экспорттау кезінде кәсіпорындарды еліміздің ветеринариялық органдарына тіркеуге қатысты мәселені түсіндірді.

Министр өз кезегінде Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі бола отырып, үшінші елдерден импортталатын тауарларға қойылатын талаптарды көздейтін бірыңғай сауда саясатын ұстанатынын атап өтті. 

Бүгінде ЕЭК №94 шешіміне сәйкес Қазақстанда үшінші елдер кәсіпорындарын тіркеу Одаққа мүше мемлекеттермен міндетті түрде келісуді көздейді. Өйткені, импортталатын тауарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – маңызды мәселе. Атап айтқанда, экспорттаушы елде эпизоотиялардың жоқтығын растау қажет. Сонымен қатар Қазақстан ЕЭК-ке мүше мемлекеттердің келісімі бойынша үшінші елдердің кәсіпорындары Кеден одағының аумағына өз өнімдерін экспорттау үшін Тізімге белсенді қосып отыр.

Сондай-ақ ЕО елдеріне экспортталатын қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің ассортиментін кеңейту және бал қалдықтарын бақылау жоспарын дайындау мәселелері талқыланды. Қазақстанның жоғары сапалы өнім шығаруда айтарлықтай әлеуеті бар: табиғи бал, сүт өнімдері, құс еті, жылқы еті, сиыр еті еуропалық бизнес өкілдерінің қызығушылығын тудырып отыр.  

Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл бағытта, әсіресе балық өнімдерін экспорттау бағытында ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Балық өңдеумен айналысатын 70 кәсіпорынның 17-сі жоғары талаптарға сай және Еуропалық Одақ елдеріне балық өнімдерін экспорттау құқығын алған.

«Сондай-ақ біз бал экспортын жандандыру жолында табанды еңбек етіп келеміз. Қазіргі уақытта тиісті құжаттар пакеті ЕО комиссиясының қарауында. Осы жағдайды пайдалана отырып, оң шешім қабылдауға көмек көрсетуді сұраймын. Сонымен қатар біздің тарапымыздан ветеринариялық зертханаларды жаңғырту жүргізілуде. Үкімет резервінен зертханалық жабдықты сатып алу үшін қаржы бөлінді. Ол болашақта тиісті аккредиттеуді алуға және ЕО талаптарына сәйкес өнімге зертханалық зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді. Экспортталатын өнімдер тізімін кеңейтудің маңыздылығын ескере отырып, бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады», — деп атап өтті А. Сапаров.

Бүгінде Қазақстанда суды үнемдеу саясаты қарқынды жүргізілуде. Айталық, жекелеген элементтер мен технологиялар енгізіліп, елімізде іске асырылуда. Ауыл шаруашылығы министрлігі суарылмайтын егіншілікке қатысты «австриялық» көзқарасқа қызығушылық танытып отыр. Осы технологияны егжей-тегжейлі зерделеу үшін олардың базасында демонстрациялық алаң құра отырып, ғылыми зерттеу институттарының немесе тәжірибелік станциялардың әлеуетін тарту жоспарлануда. Оң нәтижелерден кейін бүкіл ел бойынша осы технологияны масштабтау қолға алынатын болады.

Қазақстанда суармалы егіншілікті дамытуға да ерекше көңіл бөлініп келеді. Жыл сайын отандық фермерлер 30 мың гектарға жуық аумаққа су үнемдеу технологияларын енгізіп отыр. 

«Мемлекет басшысы бұл көрсеткішті 150 мың гектарға жеткізуді тапсырды. Су ресурстары және ирригация министрлігі тиісті көрсеткіштерді өңірлерге жеткізіп отыр. Енді  алдағы уақытта тамшылатып суару техникаларына деген диқандар сұранысы арта түседі. Сондықтан жуырда мен «Bauer Group» компаниясының өкілдерімен кездесу өткіздім. Біз оларға лайықты серіктес болатын құрылыс конструкцияларын жасау бойынша үлкен өндірістік әлеуеті бар «Имсталькон» компаниясын таптық. Суару жүйесін құрастыру бойынша бірлескен кәсіпорын ашу туралы келісім бар. Біздің тарапымыздан бұл үшін барлық қажетті жағдайлар жасалады», — деді министр.

Бұдан басқа, шетелдік техника өндірушілер Қазақстанға келген жағдайда да қолданыстағы заңнамада көзделген преференцияларға ие болады.

Ақиқатында, ылғал ресурстарын үнемдейтін технологияларды енгізу, тұқым шаруашылығын дамыту, аграрлық ғылым мен инновацияны жетілдіру – Мемлекет басшысының сала алдына қойған басымдықтары. Себебі, онсыз табысты АӨК дамыту мүмкін емес.

Бүгінде тұқым шаруашылығын дамыту бойынша белсенді жұмыс басталды. Дәнді және майлы дақылдардың, көкөністердің, картоптың және жүгерінің тұқымын импорттаудың нақты жоспарлары бар. Ол үшін ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған Кешенді жоспары әзірленіп, жақын арада бекітіледі. 

«Тұқымдар, оның ішінде жүгері тұқымдары бойынша жоғары импортқа тәуелділікті ескере отырып, пилоттық жобаны іске асыру жүгері тұқымдарының импортын төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар осы тұқымдардың одан әрі экспортын дамыту бойынша жұмыс істеуге жол ашады. Жалпы Қазақстан Еуропаның жетекші селекционерлерімен және тұқым өсірушілерімен тәжірибе алмасуға дайын. Отандық тұқым шаруашылығын дамыту үшін республика нарығына келгісі келетін инвесторларға да мүмкіндік бар», — деп түйіндеді сөзін Айдарбек Сапаров.  

Министр ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы базасында Венгриямен тәжірибе алмасу шеңберінде тұқымдарды бірлесіп өндіруге дайын екендігін де айрықша атады.

#АӨК #Халықаралық ынтымақтастық

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу