Қазақстан, Ауғанстан және Түрікменстан Ауғанстандағы транзит пен көлік инфрақұрылымын бірлесіп дамытуға келісті

Бұл үшін қолайлы және бәсекеге қабілетті тарифтік жағдайлар жасалады, сондай-ақ бұл Қытайдан Қазақстан мен Түрікменстан арқылы Ауғанстанға және одан әрі Пәкістанға, Үндістанға және Таяу Шығыс елдеріне контейнерлік пойыздарды жедел өткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Алдын ала есептер бойынша, Сиань/Үрімші қалаларынан (ҚХР) Ауғанстанға (Тургунди және Андхой) жедел бағыт бойынша тауарларды жеткізу мерзімі 10-12 күнге дейін қысқартылады. Бұл туралы Кабулда өткен үшжақты кездесуде Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин, Түрікменстан Министрлер кабинеті жанындағы Көлік және коммуникациялар агенттігінің бас директоры Мамметхан Чакыев және Ауғанстанның сауда және өнеркәсіп министрі Нуриддин Әзизи келісті. Бір күн бұрын қазақстандық делегация Ауғанстанның азаматтық авиация және көлік министрі Хамидулла Ахундзадамен кездесуде осы мәселелерді талқылаған болатын.

Жаңа транзиттік бағытты пайдалану Ауғанстанға қытай тауарларын елдің батысына үздіксіз жеткізуге және көліктің басқа түрлерімен салыстырғанда тауарларды жеткізуге жұмсалатын шығындарды едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Ауған бизнесіне ең қажетті тауарларды контейнерлік пойыздарға шоғырландыру және халық тұтынатын тауарларды тікелей жеткізу үшін Сиань құрғақ портындағы қазақстандық терминалдың мүмкіндіктерін пайдалану ұсынылды, оның ішінде күн батареялары, дизель генераторлары, ұялы телефондар, ұйымдастыру техникасы және т. б. бар.

 

«Біз Ауғанстан үкіметінің көлік инфрақұрылымын дамыту, жаңа темір жол салу және жылжымалы құрамды сатып алу жөніндегі жоспарларын қолдаймыз. Қол жеткізілген келісімдердің қорытындысы бойынша біздің мамандар барлық қажетті есептеулерге және көлік ағындарын қайта бағдарлауға кіріседі. Алда логистика саласында ғана емес, сондай-ақ қажетті инфрақұрылымды дамытуда да үлкен жұмыс атқарылғалы тұр. Түрікменстанда темір жолдарды жаңғырту жөніндегі үлкен бағдарлама жүзеге асырылмақ. Осының барлығы Бейнеу – Ақтау – Болашақ аймағын және түрікмен инфрақұрылымын дамытуға жол ашады», — деді Серік Жұманғарин.

Сонымен қатар Солтүстік-Оңтүстік халықаралық көлік дәлізінің шығыс тармағы жаңа даму серпінін алғаны, сондай-ақ ол Ресей, Беларусь елдерінен Қазақстан, Түрікменстан арқылы Ауғанстанға, Үндістан мен Таяу Шығыс елдеріне жүк тасымалдаудың негізгі бағытына айналатыны атап өтілді. Жаңа перспективалар аясында елдер оны дамыту үшін бәсекеге қабілетті тарифтік шарттарды талқылауға дайын.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар қол жеткізілген келісімдерді іске асыру бойынша жұмыс тобын құруға келісті.

#Көлік #Логистика #Сауда #Серік Жұманғарин #Халықаралық ынтымақтастық

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу