ҚР Үкіметі «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасын бекітті

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен селекторлық режимде өткен Үкімет отырысында Жұмыспен қамту жол картасы-2020 бағдарламасы бекітілді және парниктік газдардың шығарылуын реттеу мәселелері қаралды. 

Отырысты ашқан Үкімет басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жасалған жаңа Жұмыспен қамту жол картасы-2020 бағдарламасы, экономиканың өсімі мен халықты жұмыспен қамту бойынша дағдарысқа қарсы әсер ету шараларын қарастыратынын атап өтті. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің уақытша міндетін атқарушы Тамара Дүйсенова бағдарламаның бағыттары туралы баяндап, оны жүзеге асыру тетіктеріне тоқталды.

Т.Дүйсенованың айтуынша, инфрақұрылымдар мен ТКШ-ны дамыту арқылы жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен бөлінген 57,6 млрд. теңге қосымша қаржыны есепке ала отырып, 22,5 мың жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. 

Екінші бағытта ауылдық кәсіпкерлікті дамыту, тірек ауылдарын кешенді дамыту арқылы жұмыспен қамту көзделген. Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Ақмола, Атырау,Алматы және Қарағанды облыстарында пилоттық режимде 11 тірек ауылдық елді-мекен анықталды. 

Т.Дүйсенованың сөзіне қарағанда, шағын несиемен қолдау көрсету бойынша ауылдардағы бір жеке қосалқы шаруашылық үшін 5 млн. теңгеге дейін шағын несие берілетін болады. Соңғы қарыз алушыға сыйақы мөлшері 6%-дан аспайды. Екінші деңгейлі банктер берген несиелер және лизинг келісім-шарттары бойынша сыйақылардың пайыздық мөлшері «Даму» КДҚ» АҚ арқылы субсидияланатын болады. 

Жұмыспен қамтуды оқыту мен қоныс аудару арқылы қамтамасыз етуге келер болса, оның айтуынша, жауапкершілік мемлекет, жұмыс беруші, оқу орындары мен бағдарламаға қатысушылар арасында тең бөлінуі керек. Сонан соң, жұмыссыздарды оқытуға дуалдық оқу принципіндегі білім беру мекемелері ғана тартылатын болады.

Бұдан басқа, «бағдарламада әлеуметтік жұмыс орындарымен еңбек келісім-шарты мерзімін 1 жылдан 1,5 жылға дейін және жастар тәжірибесін жарты жылдан бір жылға дейін ұзарту көзделген».

Т.Дүйсенованың сөзіне қарағанда, тұрғын үй жұмыс берушілердің нақты тапсырыстары мен еңбекпен қамту бойынша міндеттемелері көрсетілген жерлерде ғана салынатын болады. Құрылыс орны, тұрғын үйлердің саны нақты өндірістің дамуына қарай бағдарланады. Бүгінгі күнге әр облыстың жұмыс берушілерінен еңбекке орналастыру кепілдігі көрсетілген 313 пәтердің құрылысына тапсырыс түсті.

Үшінші бағытты жүзеге асыру үшін 23,4 млрд. теңге қарастырылып, 90,1 мың.адамды қамту көзделген.

«Тұтастай алғанда, Жұмыспен қамту жол картасы-2020-ны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен қосымша қаржыландыруды есепке ала отырып, үстіміздегі жылы 110,6 млрд. теңгені бағыттау жоспарлануда, бағдарламаға еліміздің 124 мың. азаматы қамтылатын болады», - деді Т.Дүйсенова. 

Мәселе бойынша талқылауды қортындылай келе, Премьер-Министр бұл құжаттың, түптеп келгенде, Үкіметтің халықты жұмыспен қамту мәселелеріндегі дағдарысқа қарсы әрекеті болып табылатынын атап көрсетті. 

«Бүгіннен бастап ЕХӘҚ министрлігі Жұмыспен қамту жол картасын орындауға бел шеше кірісуі керек», - деді С.Ахметов. Ол әкімдердің назарын «тұрғындарға Жұмыспен қамту жол картасы» ұсынып отырған мүмкіндіктерді жете түсіндіру мәселесіне» аударды. 

С.Ахметов өзінің орынбасары Е.Орынбаевқа 21 маусымда Шығыс Қазақстан облысында осы бағдарламаны жүзеге асыру және оны орындау тетіктері мәселелері бойынша республикалық семинар-кеңес өткізуді тапсырды. 

Жұмыспен қамту жол картасы қаржысын тиімді пайдалануға назар аудартқан Үкімет басшысы, осы орайда «оның орындалысына жауапты мемлекеттік органдар мен аймақтар әкімдерінің есебін тыңдаудың орынды екенін» атап өтті.

С.Ахметовтің пікірінше, бұл «мемлекеттік органдардың бұл бағдарламалардың орындалу жағдайы, сондай-ақ жергілікті жерлерде оның нақты орындалысын бақылау бойынша мейлінше айқын бағалау жүргізуіне мүмкіндік береді». 

Баяндама жасаған ҚР қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров 2013 жылдың 1 қаңтарында іске қосылған парниктік газдар шығарындыларын шектеу мен оларға (cap&trade) квоталарды сату Ұлттық жүйесінің алдын-ала қортындысы туралы баяндады. Оның сөзіне қарағанда Ұлттық жоспарға сәйкес үстіміздегі жылы 178 кәсіпорынға жалпы көлемі 147 млн.тонна күкірт қышқылын шығаруға квоталар бөлінген. Негізгі квоталарға ие болған салалар: электр және жылу энергиялары өндірісі, көмір, мұнай-газ өндіру сияқты өндірістік секторлар болып табылады. 

Аталған мәселелер бойынша сондай-ақ «Казэнерджи» мұнай-газ және энергетикалық кешені ұйымдарының Қазақстандық қауымдастығының бас директоры А.Мағауов сөйледі. 

Үкімет басшысы парниктік газдар шығарындыларына квота бөлу Ұлттық жоспарының 2013 жылға орындалысын қортындылай келе, алда заңнамалық базаны жетілдіріп, 2014-2015 жылдарға арналған квоталарды бөлудің Ұлттық жоспарын әзірлеу күтіп тұрғанын атап көрсетті. 

Айтылған ұсыныстар мен ескертулерді ескере отырып, С.Ахметов Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен, қауымдастықтармен бірлесіп, екі айлық мерзімде Үкіметке парниктік газдар шығарындыларын реттеу саласындағы заңнамаларды жетілдіру бойынша ұсыныс енгізуді, сондай-ақ 1 қыркүйекке дейін Үкіметке 2014-2015 жылдарға арналған квоталарды бөлудің Ұлттық жоспарын әзірлеп, енгізуді тапсырды. 

Премьер-Министр статистика агенттігіне квота бөлу және шығарындыларға квота сату жүйелеріне кәсіпорындардың толық қосылуын сараптап сәйкес ақпаратты Үкіметке жіберуді тапсырды. «Самұрық-Қазына» Қоршаған ортаны қорғау министрлігімен бірлесіп, 2015 жылға дейін қор тобы компанияларын парникті газдар шығарындыларын басқару жүйесіне енгізуді қамтамасыз етуі тиіс», - деді С.Ахметов. 

Отырыста үстіміздегі жылдың 5 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамудың алдын-ала қортындылары туралы ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Е.Досаев, көктемгі егіс науқанының барысы туралы ҚР ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков баяндады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу