ҚР Премьер-Министрі «Тойота Мотор Корпорэйшннің» аға басқарушысы, «Тойота Мотор Европаның» президенті мен бас директоры Дидье Леруаны қабылдады

ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов «Тойота Мотор Корпорэйшннің» аға басқарушысы, «Тойота Мотор Европаның» президенті мен бас директоры Дидье Леруаны қабылдады.

                    

Кездесу барысында Қазақстанда Toyota Fortuner маркалы автокөліктерді шығаруды ұйымдастыру мәселелері талқыланды.

Белгілі болғандай бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Үкіметі мен «Тойота Мотор Корпорэйшн» арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылады. Жол талғамайтын Fortuner көлігі CKD әдісімен шығарылады.

Шанақтарды дәнекерлеу мен бояуды қоса алғанда ұсақ торапты жинаудың аталған әдісі толық масштабта көлік шығаруды қарастырады, бұл үрдіс Қостанай қаласындағы «Сары-Арқа Автопром» ЖШС-тің өндірістік қуаттылығында ұйымдастырылады. Осы жоба аясында жылына 3000 көлік шығару жоспарланған.

«Бұл жоба біз үшін аса маңызды және өзара тиімді серіктестікке жақсы мүмкіндік болады. Жоба Қазақстанның автокөлік өнеркәсібін дамытуға және индустрияландыруға өз үлесін қосатынына сенімдіміз», - деді Д.Леруа сұхбат барысында.

Ал, Премьер-Министр өз алдына бұл ортақ жобаны жүзеге асырудың перспективаларын жоғары бағалап, «Қазақстан Кедендік Одақ мүшесі болғандықтан автоөнімдерді өткізу нарығы кең ауқымды қамтиды» деді.

«Үкімет бұл жобаны барынша қолдап, «Тойота» корпорациясының Қазақстанда ойдағыдай жұмыс жасауына бар жағдайды жасайды», - деп атап өтті С.Ахметов. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу