ҚР Премьер-Министрі төрағалығымен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу бойынша Республикалық үшжақты комиссияның отырысы болды

Бүгін Астанада ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу бойынша Республикалық үшжақты комиссияның отырысы болды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов өз сөзінде атап өткеніндей, еңбек кикілжіңдерінің негізгі себептері еңбекақының уақытында төленбеуі мен жұмысшылардың жалақыны көтеру талаптары болып табылады.

Оның айтуынша, 2012 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары прокуратура органдарымен бірлесіп жасаған шараларының нәтижесінде 3 млрд. 719 млн. теңгенің еңбекақы бойынша қарызы жабылды. 201 млн. теңге қарызы бар 41 кәсіпорын мемлекеттік еңбек инспекторларының бақылауында тұр. 278 млн. теңгеге қатысты сот шешімдері сот орындаушыларының қолында, 640 млн. теңге конкурстық басқарушылар өндірісінде.

                       

«Президенттің ведмоствоаралық өзара іс-қимыл әрекетін күшейту мақсатындағы тапсырмасын орындау үшін аймақтық деңгейдегі еңбекақы қарыздары мәселелері бойынша штабтар құрылған болатын. Екі жыл ішінде Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарында елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. Бұл өңірлерде жалақы борышы 14 есеге төмендеді. Бұл орайда Астана қаласының тәжірибесі үлгі етерлік. Штабты тікелей әкімнің өзі басқарып, соның нәтижесінде қарыз көлемі 22 есеге дейін азайды. Жалпы еліміз бойынша екі жылда еңбекақы жөнінен борыш 3 есеге төмендеді. Бұл, дағдарысқа қарсы штабтар жұмысының нәтижесі екені сөзсіз»,- деді С.Әбденов.

Кәсіподақтар федерациясы, мүшелік ұйымдар Мемлекет басшысының заңнаманы жетілдіру бойынша тапсырмасын жүзеге асыруға белсене кірісті. «Кәсіподақтары туралы» жаңа заң жобасы дайындалып, ЕХӘҚ министрлігі арқылы ол мемлекеттік органдардың келісіміне жіберілді, деп хабарлады ҚР кәсіподақтары Федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов.

                        

Оның сөзіне қарағанда, Заң жобасының негізгі мақсаты кәсіподақтар қозғалысында орын алған көкейкесті проблемаларды шешу, әлеуметтік тұрақтылық пен еңбекшілердің лайықты өмір сүруіне қол жеткізу, кәсіподақтары мен оның бірлестіктері жұмысында кепілдік пен оған мемлекеттік қолдаулар аясын кеңейту болып табылады.

Сондай-ақ комиссия отырысында бірқатар өңірлердің басшылары мен тау-кен саласы кәсіпорындары жетекшілері сөйледі.
Кеңесті қортындылай келе, С.Ахметов ұжымдағы еңбек дауларының шешілуіне компаниялардың бірінші басшылары жауапты екенін ескертті. «Егер еңбек кикілжіңі еңбек жағдайынан туындаса, онда ұжымда елеулі кемшіліктің болғаны. Басшы ол мәселелерді шешу арқылы даудың алдын- алуы тиіс. Бұл орайда кәсіподақтар оған көмектесуі керек»,-деді С.Ахметов.

«Біздің міндетіміз- мұндай келеңсіз мәселелерді барынша азайту үшін жұмысты тиімді ұйымдастыру болып табылады. Бұл мәселені шешудің жолдары бар, бастысы- жұмыс беруші, кәсіподақ, үшінші жақ мемлекет атынан яғни жергілікті атқарушы органдар арасында сенімді диалог жасау. Бұл мәмілелерді бекіту мен жолға қою- маңызды мәселе»,- деп сөзін қортындылады Үкімет Басшысы.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу