ҚР Президентінің тапсырмаларын іске асыру: АӨК субсидиялаудың жаңа жүйесі барлық негізгі мемлекеттік деректер базасымен интеграцияланады



ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 8 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау жөніндегі шаралар қаралды. Еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніндегі тапсырмаларды іске асыру туралы ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев баяндады.

Мемлекет басшысының 2022 жылғы 8 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі бірқатар жүйелі шаралар қабылдайды. 

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша саланы мемлекеттік қолдау жүйесін түзету бойынша ұсыныстар әзірленді, олар, ең алдымен, жүйенің тетіктерін оңайлатуға және бағыттарды оңтайландыруға, шаруашылық жүргізудің мөлшері мен нысанына қарамастан, барлық субъектілер үшін тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталатын болады. Сондай-ақ субсидия алушылар өздеріне нақты индикативтік көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша қарсы міндеттемелерді міндетті түрде қабылдайтын норма енгізіледі.

«Қазіргі уақытта ұсыныстарды құрылған агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру жөніндегі жұмыс тобы қарауда, оған салалық қауымдастықтар мен одақтардың, агробизнестің, ғылымның, мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары кірді. Қазіргі уақытта жұмыс тобының төрт отырысы өтті», — деді Е. Қарашөкеев. 

Жұмыс топтарының қорытындылары бойынша өңірлерден, салалық одақтар мен қауымдастықтардан, жұмыс тобы мүшелерінен агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялаудың жаңа жүйесіне көптеген ұсыныстар мен ескертулер келіп түсті, олар жүйелендіріледі және негізді болса, субсидиялау жүйесін пысықтау кезінде ескерілетін болады.

Министрдің айтуынша, жұмыс топтарын жүргізу қорытындысы бойынша 2022 жылғы наурызда субсидиялау жүйесін жетілдіру бойынша түпкілікті өзгерістер топтамасын Үкіметтің қарауына енгізу жоспарлануда. 

Субсидиялаудың жаңа жүйесінің басты жаңалықтарының бірі оны цифрлық форматқа көшіру болады. Қазіргі уақытта субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесін әзірлеу жұмыстары аяқталуда. Оның негізгі функционалы автоматты режимде субсидия алушылардың тізілімін қалыптастыру, олардың Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы сыныптауышы бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер санатына сәйкестігін тексеру, субсидия алушылардың қарсы міндеттемелерін тіркеу және олардың орындалу дәрежесін, субсидиялар алу кезектілігін және қанағаттандырылмаған өтінімдердің күту парағын бағалау болмақ.

«Жаңа жүйенің “Қолдау” жүйесінен айырмашылығы, ол фермерлер үшін тегін болады және барлық негізгі мемлекеттік дерекқорлармен интеграцияланады. Жүйенің барлық іс-қимылдары автоматтандырылады, бұл субсидияларды бөлу және беру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта біз оны Ақмола облысында пилоттық режимде тестілеп жатырмыз», — деді министр.

Биылғы көктемгі дала жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізу мақсатында Министрлік барлық қажетті шараларды қабылдауда. Министрлікте Өңірлердегі көктемгі егіс жұмыстарын үйлестіру жөніндегі жедел штаб құрылды.

Е. Қарашөкеевтің айтуынша, агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау жөніндегі іс-шараларды өткізу үшін «Кең дала» бағдарламасы арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жеңілдікті кредит беруге 70 млрд теңге бөлінді, ал Азық-түлік корпорациясының форвардтық сатып алу бағдарламасы арқылы 80 млрд теңге бағытталады, бұл өткен жылдың деңгейінен 2 есе көп. Бұл бағдарламалар бойынша өтінімдер қабылдау басталып кетті. 

«Өткен жылғы құрғақшылық, сондай-ақ қосалқы бөлшектер, жанар-жағармай, минералды тыңайтқыштар мен пестицидтер бағасының күрт өсуі алдағы көктемгі егісті уақытылы дайындау мен сапалы жүргізуге елеулі қиындықтар туғызуда. Осыған байланысты, фермерлерді қолдау мақсатында республикалық бюджетті нақтылау кезінде көктемгі дала жұмыстарына арналған бюджеттік кредитті қосымша 70 млрд теңгеге ұлғайту мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз», — деді министр.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету мәселелері шешілуде. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге нарықтық бағадан 15%-ға төмен бағамен 400 мың тонна көлемінде жанар-жағармай бөлінді. Отандық минералды тыңайтқыштар өндірушілерімен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің қажеттіліктерін толықтай қамтамасыз ету туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. 

«Тұқым, тыңайтқыш пен пестицид сатып алуды субсидиялауға 2022 жылы 70 млрд теңге көзделген. Жалпы, облыстардың деректері бойынша 2022 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 22,9 млн гектар алаңға егу жоспарлануда, бұл 2021 жылғы деңгейден 13,5 мың гектарға көп. Көктемгі дала жұмыстарына дайындық жоспарлы режимде жүріп жатыр», — деді ауыл шаруашылығы министрі.

Халықты жайылымдық алқаптармен қамтамасыз ету мәселесін шешу мақсатында Министрлік пайдаланылмайтын жерлерді мемлекеттік меншікке қайтару бойынша тұрақты негізде шаралар қабылдауда.

«2021 жылғы 1 қаңтардан бастап барлық жерде ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланудың ғарыштық мониторингі енгізілді. Ғарыштық мониторингтің алдын ала нәтижелері бойынша бүкіл республика бойынша 22,4 млн гектар ауыл шаруашылығы жері, оның ішінде 1,1 млн гектар егістік және 21,3 млн гектар жайылым анықталды, олардың 3,2 млн гектары мемлекеттік меншікке қайтарылды, мұның 3 млн гектары – жайылымдық, 223 мың гектары – егістік жерлер», — деді Е. Қарашөкеев.

Бұдан басқа, жер заңнамасына пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін тексеру кезеңдері мен оларды алып қою мерзімдерін қысқарту (2 жылдан 1 жылға дейін) және ғарыштық мониторинг әдісін қолдана отырып, байланыссыз бақылау процесін автоматтандыру жөнінде түзетулер қабылданды. 

Сондай-ақ міндетіне салақ қараушы жер пайдаланушыларды пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерінен өз еркімен бас тартуға экономикалық тұрғыдан мәжбүр ету мақсатында Салық кодексінде пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлеріне арналған салық мөлшерлемесін 10-нан 20 есеге дейін ұлғайту көзделген.

Халықты мал жайылымдарымен қамтамасыз ету мәселесін жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперациялау және мұндай кооперативтерге босалқы жер қорынан және резервтік жер қорынан жер алқаптарын беру арқылы шешу жоспарлануда. 

«Қазіргі уақытта біз “Жеке қосалқы шаруашылық туралы” заң жобасын әзірлеп, Парламент Мәжілісіне енгіздік, онда осы жайттардың барлығы көрініс тапты», — деді Е. Қарашөкеев.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті мөлшерлерін айқындау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі деңгейінде мемлекеттік органдардың, сарапшылардың және ғылыми институттардың қатысуымен арнайы жұмыс тобы құрылуда. 

Аудандар, облыстар бөлінісінде ауыл шаруашылығы жерлерінің ең жоғары мөлшерлерін Жерлердің аймақтарға бөлінуін ескере отырып, әкімшілік-аумақтық бірліктердің ауыл шаруашылығы жерлеріне және басқа санаттағы жерлерге арналған жер-шаруашылық орналастыру жоспарлары әзірленіп, өкілді және атқарушы органдардың бірлескен шешімдері қабылданғаннан кейін бекіту ұсынылады. Жалпы, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті (ең жоғары) мөлшерлері 2022 жылғы 1 мамырға дейін бекітілетін болады. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу