Егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру мақсатында 2028 жылға қарай бидай алқаптары 855 мың гектарға қысқаруы тиіс — АШМ

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар алаңында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өз саласы бойынша баяндама жасады.

Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығының дамуына баса назар аударып, осы салада елдің дамуы үшін үлкен мүмкіндіктері барын айтып келеді. Аграрлық сектордағы өсім мен тиімділіктің артуына үлкен үміт артылған. Сол себепті Президент ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін алдағы 5 жылда 2 есеге арттыру міндетін қойды.

«Жақында Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Онда Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған ауқымды жұмыс жүргізу қажет екенін де атап өтті», — деді Айдарбек Сапаров. 

Осы тапсырмаларды орындау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп саласына кеңейтілген талдау жүргізді. Бұл сараптамаға салалық бизнес-қоғамдастық өкілдері де қатысты. Талдау нәтижесінде бірқатар жүйелі проблема мен кедергі болып тұрған фактор анықталды. Тиісті Жол картасы да әзірленді. 

Министрдің мәлімдеуінше, біріншіден, статистиканың бұрмаланғаны байқалады. Көп жыл бойы қалыптасқан есептеу әдістері дұрыс болмады. Соның салдарынан бұрмаланған деректерге сүйеніп, шешім қабылданып келді. Бұдан кейін сенімді деректерге сүйеніп, заман талабына сай есептеудің жаңа тәсілдерін қолдану қажет. Осы бағытта жұмыс басталып кетті. Арнайы комиссия құрылды. Комиссия мүшелеріне ауыл шаруашылығындағы деректерді ретке келтіру міндеті жүктелді.

Екінші мәселе – өсімдік шаруашылығындағы әртараптандыру негізінен қағаз жүзінде жүреді. 

«Қазақстанда елдің негізгі астық егетін өңірлерінде монокультура – бидай басым (жалпы ауданы 13 млн га), бұл әлемдік нарықтардағы бағалардың ауытқуына байланысты саланы әлсіретеді, сондай-ақ топырақтың жай-күйіне кері әсер етеді. Егіс алаңдары мен тәуекелдерді әртараптандыру керек, яғни тиімділігі жоғары сұранысқа ие дақылдар өндіріліп, ауыспалы егістер сақталуы керек. Алайда әзірге бұл жұмыстар өте баяу жүріп жатыр», — деді ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Үшінші мәселе – қолданылатын агротехнологиялардың деңгейі мен ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту қарқынының төмендігі. Елде тыңайтқыштарға ғылыми негізделген қажеттіліктің тек 21%-ы енгізіледі (немесе 3,2 млн тоннаның 679 мың тоннасы); мұнда элиталық тұқымдардың үлесі 7%-ын құрайды; Ресейде бқл көрсеткіш 2 есе көп. Ал техниканы жаңарту деңгейі 10%-дық норманың 4,5%-ын ғана құрайды. Нәтиже – бізде өнімділік төмен және өндірілген өнімнің өзіндік құны жоғары. 

Министрдің мәлімдеуінше, Қазақстандық фермердің өнімділігі 9-10 ц/га-дан аспайды, ал көрші Ресейде 20-25 центнерден алады. Яғни біздің фермерлердің көрші елдердің фермерлерімен бәсекелесуге мүмкіндігі жоқ. Ресейлік астық біздің дәстүрлі экспорттық нарықтарымыздағы, сондай-ақ ішкі нарықтағы демпингке себеп болып отыр. Ресейлік өнімдер жеткізу шығындарын қосқанның өзінде отандық өнімдерден арзан.

Төртінші проблема – суармалы егіншіліктің әлеуеті толық пайдаланылмайды. Баланста бар 2,3 млн га суармалы жерлердің 1,5 млн га-сы пайдаланылады. Ал су үнемдеу технологияларын қолданатындар небәрі 312 мың гектарда егеді.

Бесінші проблема – бұл мал шаруашылығы өнімділігінің төмендігі. Қазақстанда орташа алғанда сиыр сауу, жұмыртқа өндіру және ірі қараның орташа тірі салмағы көрші Ресейге қарағанда едәуір төмен. Мысалы, Қазақстанда ІҚМ-ның 1 басының орташа сауымы – 2 395 кг, ал Ресейде – 5 134 кг (бізде ІҚМ-нің орташа тірі салмағы – 339 кг, ал РФ-да – 448 кг, біздегі орташа жұмыртқа өндірісі – 205 дана, РФ-да –308 дана). Нәтижесінде біздің өнімнің өзіндік құны жоғары болып отыр.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, ауыл шаруашылығы үшін ең өзекті мәселе – саланың толыққанды қаржыландырылмауы. Бұл жоғарыда аталған көптеген мәселелердің тамыры. Қарызға берілетін қаржының тапшылығына байланысты фермерлер тыңайтқыштарды, өсімдіктерді қорғау құралдарын тиісті мөлшерде пайдаланбайды, ескірген техникамен жұмыс істейді. Бұл ауыл шаруашылығындағы тиімділік пен өнімділіктің төмендігіне әкеп соғады», — деді министр.  

Толығымен мәселені шешу үшін фермерлерді уақытылы қолжетімді несие қаражаттарымен қамтамасыз ету маңызды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл салаға қаражат тарту бойынша үлкен жұмыс жүргізілетін болады. Бұл ретте бюджет қаржысы ғана емес, басқа да көздерден де, оның ішінде екінші деңгейлі банктердің капиталы да көзделеді.

Қорыта айтқанда, жыл сайын көктемгі егін егу және күзгі жиын-терім жұмыстарына жеңілдетілген 1,5 трлн теңге несие бөлініп, ол қажеттілікті толық қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс. 450 млрд теңге – 8-10% деңгейінде ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жөніндегі тапсырманы орындау мақсатында жеңілдетілген лизингке бағытталады. 800 млрд теңге – инвестициялық жобаларды қаржыландыруға бағытталмақ. Бүгінгі таңда қаржыландыру көздері пысықталуда. 

«Мен бұл қаражаттың барлығы қайтарымды екенін атап өткім келеді, яғни біз фермерлерде қолжетімді несие болуы үшін жұмыс істеп жатырмыз. Отандық ауыл шаруашылығын көтеру ортақ міндетіміз екенін тағы айтамын. Бұл бағытта Ауыл шаруашылығы министрлігі жалғыз мүдделі тарап емес. Облыс әкімдіктері Президент тапсырмасын орындау үшін қолда бар құралдар арқылы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға барынша қолдау көрсетулері тиіс», — деді Айдарбек Сапаров. 

Ал жеңілдікпен несие, жалпы мемлекеттік қолдау алған фермерлер нақты нәтиже көрсетуі керек. Өндіріс көлемі артып, өнімнің өзіндік құны төмендеуі тиіс. Бұл біздің биыл мынадай шаралар қабылдауда: 

Бірінші – тыңайтқыштар мен техника бағасының өсуіне жол бермеу және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету. Осы мақсатта субсидиялар АӨК субъектілерінің орнына отандық өндіруші зауыттар мен қаржы институттарына («ҚазАгроҚаржы» АҚ) тікелей аванспен төленетін болады. Бұл субсидия алушылар мен мемлекеттік органдардың байланысын болдырмауға, ресурстар бағасының өсуін тежеуге, сондай-ақ қазақстандық өндірушілердің күш-жігерін ішкі нарықты қамтамасыз етуге шоғырландыруға мүмкіндік береді. Зауыттар үшін бұл олардың тауарларын сатудың кепілі болады.

Екінші шара – бұл несиелер бойынша белгіленген мөлшерлеме. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі «Бәйтерек» холдингімен бір цифрлық платформада АӨК субъектілеріне жеңілдетілген несие беру және субсидиялау қызметтерін біріктіру бойынша жұмыс жүргізбек. Нәтижесінде субсидияларды Аграрлық несие корпорациясына тікелей аудару жоспарланып отыр. Осылайша, фермерге несие беру мөлшерлемесі субсидиялар кешіктірілген кезде өзгермей, әрқашан жеңілдетілген түрде қалады. Бұл сондай-ақ сала үшін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады, өйткені субсидия алушы мен мемлекеттік органның тікелей байланысы болмайды.

Жол картасы

Айдарбек Сапаровтың айтуынша, ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімнің көлемін 2 есеге ұлғайту жөніндегі тапсырманы орындау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі саланың өсуінің негізгі факторларын анықтады. Олардың әрқайсысы бойынша облыс әкімдіктері үшін индикаторлар әзірленіп, жеткізілді. Онда табиғи-климаттық, өндірістік факторлар және өнімді өткізу мүмкіндіктері ескерілді. Мұның бәрі тиісті Жол картасына енгізілген.

«Біздің фермерлермен және әкімдіктермен бірлескен міндетіміз – егіс алқаптарының құрылымын нақты әртараптандыру: 2028 жылға қарай бидай алқаптары 855 мың гектарға қысқаруы тиіс, бірақ өнімділікті арттыру шараларын қабылдау кезінде жалпы алым төмендемеуі тиіс», — деді ауыл шаруашылығы министрі.

5 жыл ішінде қарақұмық сияқты әлеуметтік маңызы бар дақылдарды 50 мың гектарға ұлғайту жоспарланып отыр. Майлы дақылдарды 2028 жылға қарай 3,7 млн гектарға дейін жеткізу қажет, бұл өнімділіктің артуы есебінен ішкі нарықты қамтамасыз етеді және экспорттық әлеуетті толық көлемде іске асырады.

Сонымен қатар елге мықты жем-шөп базасы қажет. Ол үшін 5 жыл ішінде жем-шөп алқаптарын 500 мың гектарға ұлғайту көзделеді. 90-шы жылдары жем-шөп алқаптарының жартысынан көбін көпжылдық шөптер алып жатты. Қазіргі уақытта бұл шабындықтар ескірді (25-30 жыл), шөп өнімділігі 2-3 ц/га-ға дейін төмендеді, дегенмен 35 ц/га болуы керек. Бұл бағыттағы жұмыс шағын шаруашылықтар мен жеке қосалқы шаруашылықтарды мал азығымен қамтамасыз ету мәселесін күн тәртібінен түсіреді.

Оңтүстік өңірлер үшін күріш алқаптарын қысқарту бойынша индикативтер әзірленді. Биыл егіс көлемін 6 мың гектарға және алдағы 5 жыл ішінде 21 мың гектарға қысқарту міндеті тұр. Тұра осындай жұмыс мақта өсіру бойынша да жүргізілуі керек. Соның нәтижесінде шамамен 1,4 млрд м3 (текше метр) су үнемделеді.

Сонымен қатар қант қызылшасының алқаптарын ұлғайту қажет (5 жыл ішінде 27 мың гектарға, бұл қантпен қамтамасыз етілу деңгейін 6-дан 45%-ға дейін арттырады). Сондай-ақ басқа да әлеуметтік маңызды дақылдар алаңдарын ұлғайту жоспарлары да қойылды.

Агросектор үшін негізгі ресурстардың бірі – минералды тыңайтқыштар. Мысалы, Еуропа елдерінде гектарына 250 кг-нан астам қоректік заттар егіледі, Беларусь елінде – 120 кг, Ресейде – 55-60 кг аралығында, ал Қазақстанда бұл көрсеткіш орта есеппен 1 гектарына 10 кг-ға жетпейді.

Тыңайтқыштарды қолдану көлемі әр облыста әртүрлі. Мәселен, 2023 жылдың қорытындысы бойынша егіс алаңы 5,6 млн га Қостанай облысы небәрі 54 мың тонна тыңайтқыш пайдаланды. Ал егіс алқабы Қостанайға қарағанда 1,2 млн гектарға аз Солтүстік Қазақстан облысы 190 мың тонна тыңайтқыш қолданды, яғни 3,5 есе көп.

Ауыл шаруашылығы министрінің мәлімдеуінше, жақсы өнім алу үшін биыл тыңайтқыштарды қолдану көлемін 2 еседен астамға ұлғайтып, көрсеткішті кемінде 1,5 млн тоннаға дейін жеткізу қажет (2023 жылы – 679 мың тонна). Ал 2028 жылға қарай 3,2 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Тыңайтқыштарды қолдану өнімділікті орта есеппен 3-5 ц/га-ға арттыруға мүмкіндік береді. Тұқым шаруашылығында элиталық тұқымдардың үлесін арттыруға ерекше назар аударылатын болады. Тұқым шаруашылығын қолдау жөніндегі шараларды іске асыру есебінен 2028 жылға қарай бұл көрсеткішті 14,4%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Техника

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес машина-трактор паркін жаңарту деңгейін 10%-ға дейін жеткізу қажет. Ол үшін мемлекет тарапынан инвестициялық шығындарды субсидиялау бағдарламалары іске асырылады. Сондай-ақ несие/лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемелерін арзандату да жалғасады. 

Мал шаруашылығында сүт пен құс еті бойынша импортқа тәуелділікті төмендету мақсатында әкімдіктерге жаңа тауарлы сүт фермаларын және ет бағытындағы құс фабрикаларын іске қосу бойынша индикативтер жеткізілді. Ет-құс шаруашылығында 3 жыл ішінде жалпы қуаты 255 мың тонна құс етін құрайтын 27 жобаны іске қосу жоспарлануда, бұл 2027 жылға қарай импорттың жолын толығымен жабуға мүмкіндік береді.

«Жалпы өнім көлемін 2 есеге арттыру үшін біз асыл тұқымды мал басын қоса есептегенде ауыл шаруашылығы жануарларының санын көбейтуіміз керек. Мәселен, 2029 жылға қарай ІҚМ басын қазіргі көрсеткіштен 1,5 есеге өсіріп, 11 млн басқа дейін жеткізу қажет. Ал ұсақ мал басын 30 млн басқа дейін жеткізу жоспарлануда», — дедй Айдарбек Сапаров.

Малдың өнімділігін жақсарту үшін тұқымдық түрлендіруді жалғастыру қажет. Сондықтан жол картасы аясында тұқымдық түрлендірумен қамтылған аналық мал басының үлесін 31%-дан 55%-ға дейін ұлғайту жоспарлануда. Ауыл шаруашылығындағы жұмыстар өз бетімен жүрмейді, құралдар бар, барлық индикатор қойылып, мониторинг жүргізіледі.

«Ауыл шаруашылығының негізгі ресурстар – жер мен су. Осы екі негізгі активті ұқыпты және ұтымды пайдалану қажет. Су үнемдеу технологиялары қолданылатын суармалы жерлердің алаңын жылына 150 мың гектарға дейін ұлғайту жұмысы күшейтіледі. Бұл жұмыс Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп жүргізілетін болады», — деді ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Жер бойынша министрлік пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару жұмыстарын жалғастырады. 2022 жылдың басынан бері мемлекет меншігіне 10 млн гектар қайтарылды. 2024 жылға арналған жоспар – тағы 2 млн га. Сондай-ақ салық салудағы өзгерістер ауыл шаруашылығы алқаптарын ұтымды пайдалануға ынталандыру болуы тиіс. Бұл жұмыс бірыңғай жер салығына тәсілдерді өзгерту шеңберінде жүргізілуде, нәтижесінде АӨК-тегі салықтар бойынша есепке алу мен әкімшілендіруді жеңілдетуге мүмкіндік береді. 

«Сонымен қатар фитосанитария мен ветеринарияда үлкен жұмыстар күтіп тұр. Біздің міндетіміз – тауар өндірушілердің әл-ауқатын қамтамасыз ету және өнімдерді өткізетін нарықтарға қолжетімділікті ашу. Мәселен, фитосанитарияда шегірткенің таралу қаупінен бөлек үлкен аумақтарға арамшөптердің қаптап кету қаупі бар. Ең қауіптілерінің бірі – жорғалаушы қыша. Оның таралу қаупі астық пен ұн үшін экспорттық нарықтардың жабылуына қауіп төндіреді», — деді министр.

Карантиндік объектінің таралуына жол бермеу үшін жауапкершілік фермерлердің өздеріне жүктеледі. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді бұл мәселеге байыппен қарауы тиіс. Ал облыс әкімдіктері карантиндік объектілерге қарсы өңдеу жұмыстарын бақылауды күшейтуі қажет.

«Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы үш жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңделген өнімнің үлесін 70%-ға дейін жеткізуді тапсырды. Осы міндетке қол жеткізу үшін министрлік ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібін дамыту жөніндегі кешенді жоспарды әзірлеуде. Оның аясында мемлекеттік қолдау мен қаржыландырудың қажетті шаралары қарастырылады», — деді ведомство басшысы. 

Салаға инвестиция тарту мақсатында осы жылы алдағы үш жылға арналған инвестициялық жобалар пулы қалыптастырылды. Бұл ретте 2024 жылы тартылған инвестиция көлемі 1,7 трлн теңге деңгейінде жоспарланған.

Статистикалық деректерді өзектендіруді ескере отырып, Жол картасын іске асыру нәтижесінде 2024 жылдың соңына қарай ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің 7,4%-ға өсуін қамтамасыз етуге, ал бір жұмысшыға еңбек өнімділігін 5 млн теңгеге дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Бес жыл ішінде аталған шаралар Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемін 2 есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді.

#Ауыл шаруашылығы #ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу