Елімізге тартылған жалпы ТШИ ағыны бойынша 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш тіркелді – ҚР СІМ

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Шетелдік инвестицияларды тарту тақырыбы бойынша баспасөз конференциясы өтті. Онда ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров, ҚР СІМ Инвестиция комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев және «Kazakh invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов баяндама жасады.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаровтың айтуынша, министрлік елімізге инвестиция тарту бойынша жұмысты жалғастыруда. Осы бағыттағы жұмыс қорытындылары жақында ЮНКТАД-тың 2023 жылғы Әлемдік инвестициялар туралы баяндамасында көрсетілді (2023 жылғы 5 шілдеде жарияланған).

2021 жылғы айтарлықтай өсімнен кейін 2022 жылы жаһандық ТШИ ағыны 12%-ға, $1,3 трлн-ға дейін қысқарды, оған Украинадағы жағдай, азық-түлік пен энергияның қымбаттауы және мемлекеттік қарыздың өсуі әсер етті. Негізінен ТШИ ағыны көрсеткіштері 37%-ға $378 млрд-қа қысқарқан дамушы елдерде төмендеді. Бұл ретте дамушы елдерге тартылған ТШИ ағыны орта есеппен 4%-ға өсті.

«Теңізге шыға алмайтын 32 дамушы елге тартылған ТШИ 6%-ға өскен, олардың ішінде ең жоғары көрсеткіш Қазақстанға тиесілі. Сондай-ақ Қазақстан посткеңестік 15 ел арасында және Орталық Азияда 61% көрсеткішпен ТШИ тарту бойынша көш бастап отыр», — деді сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров. 

Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаровтың сөзінше, Қазақстан шетелдік инвесторлар үшін тұрақты инвестициялық климат жасап, жолардың алдындағы өз міндеттемелерін орындайды. Еліміз тікелей шетелдік инвестициялар үшін тартымды болып отыр және сөзсіз Орталық Азия өңіріндегі шетелдік инвестициялар ағыны бойынша көшбасшы.

2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға тартылған жалпы ТШИ $28 млрд болды, бұл 2021 жылғы көрсеткіштерден 17,7%-ға артық ($23,8 млрд). Бұл соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш – 2012 жылы ТШИ көлемі $28,9 млрд болған. Осы жылдың I тоқсанында да оң динамика байқалып отыр. Елімізге $7,6 млрд инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 10%-ға артық ($6,9 млрд).

Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаровтың айтуынша, бұл жерде жалпы және таза ТШИ ағындарының арасындағы айырмашылықты ажырата білу керек, себебі соңғы жылдары біздің елден инвестициялардың кетуі туралы жарияланымдар жиілеп кеткен.

«Жалпы ТШИ ағыны туралы айтар кезде біз шетелдік резиденттердің қазақстандық резиденттерден қатысу үлесін сатып алуын, бөлінбеген пайда мен борыштық құралдарды қамтитын шетелдік инвестицияларды қоса қозғаймыз. Бұл ретте таза ТШИ Қазақстандағы инвестициялық қызметті жалғастыруға бағытталған және біздің экономикамызға жұмыс істейтін қайта инвестициялауды қамтиды», — деді А. Айдаров.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға тартылған жалпы ТШИ көлемі бойынша көшбасылар: Нидерланд елі – $8,3 млрд, АҚШ – $5,1 млрд, Швейцария – $2,8 млрд, Бельгия – $1,6 млрд, Ресей – $1,5 млрд, Оңтүстік Корея – $1,5 млрд, Қытай – $1,4 млрд, Франция – $770 млн, Ұлыбритания – $661 млн, Германия – $470 млн. Өткен жылы елдер бойынша ТШИ ағынын әртараптандырудың оң динамикасы байқалды. Оңтүстік Корея, Сингапур, БАӘ, Германиядан тартылған инвестициялар көлемі өсті.

Ең көп ТШИ көлемі тіркелген салалар: тау-кен өндіру өнеркәсібі – $12,1 млрд, өңдеу өнеркәсібі – $5,6 млрд, көтерме және бөлшек сауда – $5,08 млрд, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – $1,1 млрд, көлік және қоймалау – $1,1 млрд, құрылыс – $700 млн. Айта кету керек, 2005-2014 жылдар аралығында ТШИ ағынының жалпы құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі орта есеппен 10%-дан аз болды. 2015-2022 жылдар кезеңінде өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестициялардың орташа үлесі екі есеге жуық өсіп, 18,7% болды. Бұл ретте соңғы үш жылда өңдеу өнеркәсібінің үлесі едәуір ұлғайып, 2020 жылы 18,5%, 2021 жылы 22,9%, 2022 жылы 20%-ды құрады.

«Бұл өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция көлемі де тұрақты өсіп жатқанына байланысты. Мәселен, соңғы 8 жылда өңдеуші өнеркәсіпке тартылған ТШИ-дың жыл сайынғы көлемі 2015 жылғы $2,6 млрд-тан 2022 жылдың қорытындысы бойынша $5,6 млрд-қа дейін екі есе өсті», — деді Алмас Айдаров.

Сонымен қатар 2022 жылдың қорытындысы бойынша көтерме және бөлшек сауда ($5 млрд-тан астам), көлік және қоймалау ($1 млрд-тан астам) сияқты салаларға тартылған инвестициялар ағынының тарихи максимумы тіркелді. Сондай-ақ соңғы үш жылда тікелей шетелдік инвестициялар құрылымындағы тау-кен өндіру өнеркәсібі мен мұнай геологиялық барлау (кәсіптік, ғылыми және техникалық қызмет) үлесі 50%-дан төмен деңгейге дейін төмендеді (2020 жылы – 49,2%, 2021 жылы – 43,1%, 2022 жылы – 47,5%). Салыстыру үшін жоғарыда аталған салалардың үлесі 2005 жылы 78,4%, 2010 жылы 71,1%, 2015 жылы 59%, 2018 жылы 58,9% болған.

Өңірлер арасында ТШИ тарту бойынша белсенділік танытқандар: Атырау облысы – $8,2 млрд, Алматы – $7,57 млрд, Астана – $2,25 млрд және ШҚО – $2,2 млрд, БҚО – $1,12 млрд, Алматы облысы – $698,2 млн, Ақмола облысы – $376,3 млн, Қызылорда облысы – $336,5 млн.

«Өңірдегі осы жағдайды нығайту үшін Мемлекет басшысы инвесторларды қолдауға және оларға қажетті жағдай жасауға ерекше назар аударады. Осылайша, президент алдағы 7 жылда кемінде $150 млрд тарту міндетін қойды. Тиісінше, инвестицияларды тарту және арттыру бойынша жұмыс құрылуда», — деді сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров. 

Оның айтуынша, бізде инвестицияларды тартудың 3 деңгейлі жүйесі жұмыс істейді, ол бойынша біздің 108 шетелдік мекеме арқылы жаңа инвесторларды іздеу, шетелдік инвесторлармен тікелей байланыс орнату және алғашқы келіссөздерді жүргізу жұмыстары атқарылады. 2023 жылдың I жартыжылдығында елшіліктер шетелдік компаниялармен 2 мыңнан астам кездесу өткізді және олардың Қазақстанға 450-ден астам сапары қамтамасыз етілді. Орталық деңгейде және өңірлерде Қазақстанда жұмыс істеуге мүдделі инвесторлармен 1 500-ден астам кездесу өткізілді. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде жыл сайын шетелдік қатысумен 40-тан астам инвестициялық жоба пайдалануға беріледі.

«Сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыру процесінің өзіне тоқталғым келеді. Бұған дейін Мемлекет басшысы атап өткендей, бізде жобаларды іске асыруды тежейтін жүйелі сипаттағы проблемалар бар. Бұл негізінен ОМО деңгейінде және аймақтарда орын алатын «тар жерлер», — деді Алмас Айдаров.

Инвестиция тартудың бастапқы кезеңінде бәрі тұрақты, жедел және қиындық тудырмайды. Бұл инвесторлармен алғашқы байланыс, елшілермен кездесу, сұраныстарды пысықтау, сапарларды ұйымдастыру және өңірлерге бару. Қиындықтар жобаны іске асыру, атап айтқанда, жер учаскесін анықтау және бөлу, АЭА-ға орналастыру, қажетті және сұратылған инфрақұрылымдарды жүргізу, техникалық шарттар беру, субсидиялар бөлу және т. б. кезінде басталады.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаровтың айтуынша, бұл мәселелер үкіметтік деңгейде қаралады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-Министрі жанындағы Экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысында еліміздің инвестициялық климатын жақсарту бойынша бірқатар шешім талқыланып, қабылданды. 

«Мысал ретінде Pfizer және Roche ірі халықаралық фармацевтикалық компанияларының кейсін келтіргім келеді. Инвестициялық штаб отырыстарында қаралғаннан кейін Қазақстанда фармацевтикалық өнім өндірісін локализациялау жөніндегі жобаларға қатысты мәселелер ойдағыдай шешілді. Аталған жобалар бойынша келіссөздер жылдар бойы жүргізілген», — деді ол.

Әрі қарай ҚР СІМ Инвестиция комитетінің төрағасы Зебешев Ардақ баяндама жасады. Оның сөзінше, Сыртқы істер министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылы орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірге Қазақстанда іске асырылып жатқан инвестициялық жобалардың Жалпыұлттық пулын қалыптастырды. Бұл тізімге құны 500 млн теңгеден асатын отандық және шетелдік инвесторлардың шикізаттық емес секторының жобалары енгізілген.

Бүгінгі таңда Пул жалпы сомасы шамамен 30 трлн теңге инвестицияларды тарта отырып, 878 жобадан тұрады және 147 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейді. Өңірлер арасында жобаларға салынған инвестиция көлемі бойынша көшбасшылар: Ақтөбе, Атырау облыстары және Астана қаласы. Бұл ретте ең көп жобалар елордада жүзеге асырылуда. Әрі қарай Ақмола облысы мен Шымкент қаласы орналасқан.

«Сондай-ақ осы жылдың басында Үкімет жалпы сомасы 1,97 трлн теңге болатын 281 жобаның тізімін бекітті. теңге. Оның ішінде бүгінгі таңда 76 млрд теңгеден астам сомаға 1,5 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 28 жоба іске қосылды. Ең ірі жобалар Алматы және Астана қалалары, сондай-ақ Алматы, Қарағанды және Қостанай облыстарына тиесілі», — деді Инвестиция комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев.

Сонымен қатар биыл төмендегідей маңызды және ірі жобалар іске қосылады деп күтілуде:

1. EkibastuzFerroAlloys (ҚР) – Павлодар облысында 92,4 млрд теңге сомасына ферроқорытпа зауытын салу. Жоба экологиялық таза, өйткені қалдықтардан микрокремнезем өндіріледі, ол әлемдік нарықта да сатылады. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 240 мың тоннаны құрайтын болады. Жоба экспортқа бағытталған (Жапония, Оңтүстік Корея және т.б.);

2. KamLit KZ (ҚР) – Қостанай облысында 78,1 млрд теңгеге жүк көліктері үшін шойын құю өндірісі. KamLit KZ шойын құю зауыты жүк көліктеріне арналған көпірлердің тұтас құйылған картерлерін игеретін әлемдегі екінші зауыт болмақ (Daimler-ден кейін). Заманауи және жоғары технологиялық өндіріс құюдың жоғары дәлдігін, сапасы мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

3. Итальяндық ENI компаниясы Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері саласындағы кезекті ірі жобаны іске асыруда. Биыл Түркістан облысында қуаты 50 МВт күн электр станциясы іске қосылады деп күтілуде.

4. Wildberries (РФ) – Алматы қаласында 43,2 млрд теңгеге логистикалық орталық салу. Инвестициялық жоба аясында мегаполис кәсіпкерлеріне интернеттегі сауда нарығында бизнесін үлкейтуге жәрдемді деп күтілуде. Бұл жобаны іске асыру қазақстандық өндірушілер үшін Wildberries жұмыс істейтін барлық өңірдегі нарықтарға автоматты түрде жол ашады.

5. Fruit Art (ҚР) Алматы облысында жылыжай кешенін салу (43 млрд теңге). Өнімді өндіру және қайта өңдеу ЕО елдері мен АҚШ-тың инновациялық технологиялары бойынша жүзеге асырылатын болады. 250-ге жуық тұрақты және 1 000 маусымдық жұмыс орны құрылады. Жобаны іске асыру елдің алма бойынша импортқа тәуелділігін 5%-ға, жидектер бойынша тәуелділігін 100%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.

«Біз мемлекеттік қолдау шараларының кең спектрін қолдана отырып, әрбір инвестормен егжей-тегжейлі жұмыс жүргіземіз. Атап айтқанда, инвесторлар үшін кедендік баждан босату сияқты преференциялар, мемлекеттік заттай грант, сондай-ақ салықтық преференциялар беруді көздейтін инвестициялық келісімшарттар тетігі қолданылады. Соңғы 5 жылда 309 инвестициялық келісімшарт жасалды, олардың инвестиция көлемі – шамамен 9 трлн теңге», — деді СІМ Инвестиция комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев.

Оның айтуынша, 2021 жылдың соңында СІМ-ге шет мемлекеттермен Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімдер жасасу функциясы берілді. Бұл инвестициялар туралы шешім қабылдаған кезде шетелдік инвесторлар үшін негізгі бағдар болатын қосарланған салық салуды болдырмау туралы конвенция сияқты негізгі келісім, өйткені ол инвестицияларды қорғауға құқықтық негіз береді.

Өткен жылы осы бағытта үлкен жұмыс жасалды: Қатар мемлекетінің Үкіметімен келісім жасалды және БАӘ Үкіметімен келісім ратификацияланды. Бүгінгі таңда Қатар және Сингапур үкіметтерімен келісімдерді ратификациялау, сондай-ақ Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметімен келісім жасау бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ Қырғыз Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Италия, Испания, Түркіменстан және АҚШ үкіметтерімен келісімдерге басымдық беріліп, пысықталып жатыр.

«Біздің қызметіміз жаңа инвесторларды тартуға ғана емес, сондай-ақ қазіргі инвесторларды ұстап қалуға бағытталған. Осы мақсаттар үшін Қазақстанда инвесторлар мен мемлекеттің тығыз және ашық өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін бірқатар диалог алаңы табысты жұмыс істеуде», — деді Инвестиция комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев. 

Мәселен, инвесторлардың мүдделерін қорғау мақсатында ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі, Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес, «Қазақстан-Еуроодақ» диалог платформасы және ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен Инвестициялық штаб сияқты арнайы консультативтік-кеңесші органдар жұмыс істейді, олардың аясында инвесторлардың ұсыныстары талқыланып, олардың проблемалық мәселелері бойынша шешімдер қабылданады. 

Бұдан басқа Премьер-Министр Инвестициялық омбудсмен саналады, бұл Қазақстан үшін инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін сотқа дейінгі тәртіппен қорғау мәселесінің маңызын көрсетіп отыр. Сонымен қатар Президенттің тапсырмасы бойынша әрбір маңызды инвестициялық жобаға прокуратура қызметкерлері тарапынанкөмек көрсетіледі, сондай-ақ Үкімет Аппаратының үйлестіруімен құрылатын жұмыс тобы аясында жобаларды сүйемелдеу бойынша ОМО, ЖАО және МК өзара іс-қимыл тетігі әзірленді.

«Осы жылға арналған міндеттер туралы айтатын болсақ, Президенттің тапсырмалары аясында интерактивті инвестициялық картаны, инвестицияларды тарту кезеңінен іске асыру кезеңіне дейінгі өтпелі процесті басқару жүйесін енгізуді көздейтін Бірыңғай инвестициялық платформа құру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанына тоқталғым келеді. Бұл жұмыс екі кезеңде жүзеге асырылатын болады, I кезең 2023 жылдың соңына дейін және II кезең – 2024 жылдың бірінші жартыжылдығы», — деді СІМ Инвестиция комитетінің төрағасы.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының кемінде $150 млрд көлемінде шетел инвестицияларын тарту туралы міндеті шеңберінде жыл қорытындысы бойынша $24 млрд тарту жоспарланып отыр. 

«Бұдан басқа, айтып өткеніміздей, жыл соңына дейін кемінде 4 Инвестициялар туралы келісім жасасу және кемінде 3 Инвестицияларды көтермелеу және қорғау туралы келісімдерге қол қою/ратификациялау, 70 “тауашалы” жобалар бойынша инвестициялық ұсыныстар әзірлеу және шетел инвестицияларының қатысуымен кемінде 40 жобаны іске қосу жоспарлануда», — деді Ардақ Зебешев. 

Әрі қарай «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов баяндама жасады. Ол ұлттық компанияның 2022 жылы және осы жылдың І жартыжылдығында атқарған жұмысының қорытындылары туралы айтты.

Оның айтуынша, 2022 және 2023 жылдары болған сан түрлі оқиғаларға қарамастан, «Kazakh Invest» елде бар инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуді және жаңа инвесторларды тартуды жалғастыруда.

«Пандемия аяқталғаннан кейін біз шетелдік инвесторлардың белсенділігі артқанын көріп отырмыз. “Kazakh Invest” компаниясының басты мақсаттардың бірі – инвестицияларды елімізге тарту және инвестициялық жобаны жерімізде жүзеге асыру. Сонымен қатар біз инвесторларды шетелдік немесе жергілікті деп бөлмейтінімізді атап өткім келеді. Біз жергілікті инвесторларға да, шетелдік инвесторларға да бірдей қолдау көрсетеміз. Соған қарамастан Сыртқы істер министрлігінің құрылымында бола отырып, бізге шетелдік инвесторлардың инвестиция тартуына қолайлы жағдай жасау міндеті берілді», — деді Мейіржан Юсупов. 

2022 жылы шетелдік инвесторлардың қатысумен 46 жаңа жоба пайдалануға берілді. Жалпы сомасы $4,1 млрд-ты құрап, 6 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Жаңартылатын энергия саласында $350 млн сомасына 7 ірі жоба пайдалануға берілді. Ақтөбе облысында итальяндық ENI компаниясының жел электр станциясы, сондай-ақ Абай және Алматы облыстарында Universal Energy компаниясының және Hydrochina корпорациясының 3 жобасы іске қосылса, биыл Sungrow Power Supply компаниясы Ақмола облысында қуаты 150 МВт болатын «Борей Энерго және Трест» жел электр станциясын іске қосты. Үкіметтің 2060 жылы көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі мақсаттарын ескере отырып, бұл тенденция әсіресе өзекті болуда.

Сонымен қатар 2022 жылы Қазақстанда бірнеше трансұлттық корпорацияның өңдеу өндірісінде бірнеше жоба іске қосылды:

  • жоғары сапалы құрылыс материалдарын өндіру бойынша Жамбыл облысындағы француз Saint-Gobain компаниясының жобасы;
  • Хендэ Motor Corporation – Алматыда құрастыру өндірісін кеңейту жобасы;
  • франциялық PCM компаниясы – Маңғыстау облысындағы мұнай-газ саласында қолданылатын бұрандалы сорғылар өндірісі;
  • америкалық Honeywell компаниясының Алматыда басқару шкафтары мен газ детекторларының өндірісінің ашылуы;
  • ұлыбританиялық Weir Minerals компаниясының Маңғыстау облысында бұрандалы сорғылар өндірісі іске қосылды

Тағы да айта кететін мәселе – cоңғы 5 жылда «Kazakh Invest» компаниясының көмегімен енгізілген жобалар санының оң динамикасын байқауға болады. 2017 жылы 9 жоба іске қосылса, 2022 жылы осы көрсеткіш 5 есе өсті.

«Ал енді 2023 жылға көшсек, жалпы осы жылы шетелдік инвесторлардың қатысуымен 40-тан астам жобаның енгізілуі күтілуде. Осы жылдың бірінші жартысында $197 млн-нан астам сомаға 9 жоба іске қосылды», — деді Мейіржан Юсупов. 

«Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы олардың ішіндегі бірнеше жобаларға тоқталды. Біріншіден, Shengyuan Technology компаниясы Ақтөбе облысында жылжымалы бұрғылау қондырғыларын өндіру зауытын ашты. Сонымен қатар Jetour International компаниясы Қостанай облысында автомобиль өндірісін жолға қойды. Және Rehau фирмасы терезе профильдері өндірісін іске қосты.

Сонымен қатар биыл жалпы құны $1,2 млрд-ты құрайтын 14 жобаның құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды:

  • Alacem компаниясының құны $111 млн-ды құрайтын Жамбыл облысындағы цемент зауытының құрылысы;

  • Солтүстік Қазақстанда Reimann компаниясының $7 млн-ды құрайтын ​​тіркеме ауыл шаруашылығы техникасын өндіруі. Бұл алдыңғы жылы ашылған Claas неміс компаниясы өндірісінің қасында орналасқан кәсіпорын.

Сонымен бірге стратегиялық жобаларды сүйемелдейтін Task Force арнайы тобы құрылған. Бұл арнайы топ стратегиялық жобалардың инвестициялық келісімдер жасау шарттарын және мәселелерін пысықтайды. Мысалы, Task Force жұмысының нәтижесінде биыл құны $197 млн болатын «QazAlPack» және «Қарағанды ​​кешенді қорытпалар зауыты» компанияларымен 2 инвестициялық келісімге қол қойылды. Арнайы топ басқа да бірқатар стратегиялық жобамен айналысуда.

«Сонымен қатар Мемлекет басшысының ірі фармацевтикалық компанияларды тарту тапсырмасын орындау аясында “Kazakh Invest” Roche, Pfizer, AstraZeneca секілді фармация гиганттарын Қазақстанға тарту жұмыстарын жалғастыруда. Биыл HMS Bergbau ірі неміс компаниясымен сирек және сирек жер металдарын игеру бойынша $500 млн-нан астам сомаға келісімдер жасалды», — деді Мейіржан Юсупов.

«Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасының айтуынша, компанияның тағы бір бағыттарының бірі – Қазақстанның имиджін ілгерілету. Осы жұмыс шеңберінде 2022 жылы елімізде және шетелде 14 маңызды инвестициялық іс-шара өткізілді. Оның ішінде Мемлекет басшысы мен бизнес басшыларының, сондай-ақ іскер топтардың қатысуымен 5 инвестициялық іс-шара Америкада, Францияда, Түркияда және т.б. елдерде өткізілді.

«2023 жылы біз 12 маңызды инвестициялық іс-шараны өткіздік. Үшеуі Қытайда, Біріккен Араб Әмірліктерінде және Қазақстанда Мемлекет басшысының қатысуымен өтті. Одан басқа іс-шаралар Германия, Нидерланды, Канада, Чехия, Италия және Швейцария елдерінде өтті. Бұл іс-шаралар – Қазақстанның инвестициялық имиджін ілгерілетудің негізгі құралы», — деді Мейіржан Юсупов.

Дөңгелек үстел барысында Президентпен тікелей диалог жүргізуге инвесторларға сенімділік береді. Бұл платформалар инвесторларға тікелей сұрақтар қоюға, кері байланыс алуға мүмкіндік береді. Іс-шараларда екіжақты кездесулер өтіп, шетелдік ірі кәсіпкерлердің қатысуымен, Қазақстандағы жобаларды жүзеге асыру перспективалары талқыланады. Іс-шаралар аясында 100-ден астам түрлі құжатқа қол қойылды.

«Kazakh Invest» ұлттық компаниясында біз шетелдік инвестицияларды тартудың проактивті тәсілін қолданамыз. Осы тәсілдердің бірі – дайын жобаларды, оның ішінде бизнес-жоспар, қаржылық модель, тизерді дайындау. Жыл сайын отандық бизнес өкілдерімен және халықаралық консалтинг компанияларымен бірлесіп, 70 инвестициялық ұсыныс дайындалады. Дайын жобалар инвесторлармен мазмұнды диалогқа жылдам өтуге мүмкіндік беріп, олардың тартымдылығын арттырады», — деді «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов.

Осылайша, 70 инвестициялық ұсыныстың ішінде агроөнеркәсіптік кешені бойынша 20 жоба , химия және мұнай химиясы бойынша 11 жоба, тау-кен металлургия кешені және металлургия бойынша 8 жоба бар. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелері және «Kazakh Invest» шетелдік өкілдері арқылы болашақ инвесторларды іздеу жұмыстары жүргізілуде.

«Kazakh Invest» мақсаттарының бірі – инвесторларға сервистік қолдау көрсету. 2023 жылы инвесторлардан ауызша және жазбаша 925 өтініш келіп түсті. Компанияда демалыссыз тәулік бойы жұмыс істейтін, жылына 1 200-тен астам қоңырауды қабылдайтын call-орталық бар.

«Біз визалық, көші-қон және заңнамалық мәселелері бойынша тегін кеңес беру қызметін көрсетеміз. Сонымен бірге 2023 жылдың басынан бері “Kazakh Invest” шетелдік компаниялар үшін Қазақстан аймақтарына 43 сапар ұйымдастырды. Инвесторлар тарапынан белсенділіктің артқанын ескере отырып, біз инвестиция тарту жөніндегі ұлттық компания ретінде жобаның барлық кезеңінде жергілікті және шетелдік инвесторларды жан-жақты қолдауға дайынбыз», — деді Мейіржан Юсупов.

#Баспасөз конференциясы #Инвестициялар #Халықаралық ынтымақтастық #Экономика #ҚР СІМ

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу