Климаттың өзгеруінің салдарымен күресу мәселелерінде күш-жігерді біріктіру қажет – Айдарбек Сапаров ТМД елдерінің азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі конференцияда

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Астана қаласында өткен ТМД елдерінің азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі министрлік конференциясында баяндама жасады. 

Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда әлем климаттың өзгеруі, пандемия, саяси және экономикалық тұрақсыздық сияқты жаңа жаһандық сын-қатерлерге тап болып отырған кезде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету әлемнің көптеген елі үшін ерекше маңызға ие. Ауыл шаруашылығының рөлі туралы жалпы түсінік өсті және көптеген мемлекет шін импортты алмастыру мәселесі басымдыққа ие болды.

«Жаһандық сын-қатерлер мен әлемдік трендтерді ескере отырып, биыл Қазақстанда саланы басқарудың негізгі тәсілдемелері қайта қаралды», — деді ауыл шаруашылығы министрі.

А. Сапаровтың айтуынша, ауыл шаруашылығы өндірісін жеделдетіп әртараптандыруға, аграрлық технологияларды, оның ішінде су үнемдейтін технологияларды енгізуді ынталандыруға, ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға, ауыл шаруашылығы жануарларының генетикалық әлеуетін арттыруға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамытуға баса назар аударылатын болады.

Экспорттық нарықтарды кеңейту бойынша шаралар қабылдануда. Қазақстан үшін Достастық елдері ең ірі сауда серіктестері болып отыр. 2022 жылы ТМД елдерімен Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені өнімдерінің жалпы тауар айналымы 23%-ға ұлғайып, $6,5 млрд-ты құрады. Бұл – Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені өнімдерінің жалпы тауар айналымының 60%-ы. Бұл ретте Қазақстанның ТМД елдеріне экспорты өткен жылы $3 млрд-ты құрап, 27%-ға артты. Ал бұл республиканың агроөнеркәсіптік кешені экспортының 56%-ын құрайды.

Сонымен қатар Қазақстан Достастық елдерінен агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін $3,5 млрд-қа сатып алды, бұл елдің барлық импортының 67%-ын құрайды. Бұл – Қазақстан мен Достастық елдерінің ортақ тарих пен сауда-экономикалық байланыстарға негізделген өзара тығыз байланысының нәтижесі.

«Оған қоса біздің елдеріміз арасында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы өңіраралық және шекара маңындағы ынтымақтастығын одан әрі дамытуға зор әлеует бар. Біздің елдеріміздің әрқайсысының дәстүрлі ауыл шаруашылығы мамандықтары бар. Біздің алдағы міндетіміз – өзара сауда көлемін арттыру. Ол үшін саудадағы шектеулерді, оның ішінде ветеринариялық және фитосанитариялық кедергілерді алу бойынша жұмысты жалғастыру қажет», — деді ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров. 

Сонымен қатар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдеріндегі аграрлық сектордың серпінді дамуы бізге азық-түлік қауіпсіздігін белсенді түрде нығайтып қана қоймай, әлемдік азық-түлік нарығында маңызды рөл атқаруға мүмкіндік береді. Көптеген позиция бойынша Достастық елдерінің әлемдік өндірістегі үлесі 10%-дан 30%-ға дейін құрайды. Мысалы, қант қызылшасын өндіру бойынша – 27%, картоп бойынша – 17,5% және басқа да позициялар. Сондықтан, министрдің сөзінше, біз ауыл шаруашылығы өнімдері саудасын өңірде де, одан тыс жерлерде де кеңейтуге ынталандыруымыз керек.

«Біздің міндетіміз – Достастықтан тыс агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің сауда көлемін сақтап ғана қоймай, кеңейту де қажет. Бұл ретте Қазақстан азық-түлік жеткізудің өңірлік хабы ретінде әрекет етуге дайын. Ол үшін елде барлық қажетті ресурс, инфрақұрылым және логистика бар. Қытайдың азық-түлік тұтынатын ең үлкен нарығына көрші болу да – оң фактор», — деді Айдарбек Сапаров.

Қазақстан қазірдің өзінде Азия мен Еуропа арасындағы құрлықтық транзиттік тасымалдардың 80%-ға жуығы өтетін сенімді буын болып отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы бірнеше рет жоғары деңгейдегі халықаралық алаңдарда атап өтті. Осы орайда ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мемлекетіміздің осы бастамасын қолдауға шақырды.

«Қазақстан Республикасының Үкіметі агроөнеркәсіптік кешен саласына инвестициялар тартуға үлкен көңіл бөледі. Бізде алдағы бес жылға импортты алмастыру және экспорттық әлеуетті дамыту бойынша тауарлар өндірісін ұлғайтуға бағытталған $6 млрд сомасына 883 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылған», — деді А. Сапаров.

Бұл мәселеде біздің елдеріміз өзара инвестициялар саласындағы ынтымақтастықты дамытуы, трансшекаралық бірлескен жобалар, консорциумдар құруы, өндірістік тізбектер құруы, сапалы көлік, логистикалық инфрақұрылым және әсіресе өнеркәсіптік кооперация қалыптастыруы қажет. Елде инвестициялық қызметті жүзеге асыру үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Экономиканың аграрлық секторының қолданыстағы заңнамалық базасы инвесторлар үшін барынша тартымды және кәсіпкерлікті қорғауға және қолдауға бағытталған. 

Қаржылық қолдау шараларынан басқа, инвесторлар үшін әртүрлі салалық жеңілдіктер мен преференциялар қарастырылған, мысалы, инвестициялық келісімшарт, оның шеңберінде инвестициялық жобалар бірқатар салықтан босатылады. Сонымен қатар инвестицияларды тартудың маңызы мен басымдығын ескере отырып, енді Қазақстанда инвесторлар ірі инвестициялық жобаларды іске асыру үшін Үкіметпен инвестициялар туралы тікелей келісімдер жасай алады. Осы Келісім аясында стратегиялық инвесторлар салықтың негізгі түрлері бойынша ерекше жеңілдікті шарттар ала алады.

Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, инвестициялар үшін әлеуетті бағыттардың бірі тереңдете өңдеу жобалары – жоғары өңдеу өндірісі. Ет пен сүт, қант қызылшасын, өсімдік майын, сондай-ақ құс етін өндіру және өңдеу саласындағы жобалар да қызығушылық тудырады.

Секторды дамытудың негізгі бағыты – инновациялар, аграрлық ғылым мен білім беруді дамыту. Аграрлық сектор жаңғыртуды және озық технологияларды енгізуді қажет етеді. Қазақстанда «білім – ғылым – өндіріс» тиімді жүйесін қалыптастыру үшін отандық ғылымды реформалау басталды.

«Сондықтан біздің елдеріміз жаңа технологиялық шешімдерді коммерцияландырумен және өнеркәсіпке енгізумен айналысатын бірлескен аграрлық инновация орталықтарын құру мәселесін пысықтауы қажет. Достастық ғалымдарының жинақталған тәжірибесін, сондай-ақ агробизнес өкілдерінің табысты тәжірибесін барынша тарту қажет», — деді А. Сапаров.

Министрдің мәлімдеуінше, тұқым шаруашылығын дамыту мәселесі Қазақстан үшін өте маңызды. Президентіміздің тапсырмасы бойынша климаттың өзгеруіне бейімделген отандық селекция жүйесін, тұқым сапасын бақылау жөніндегі бірыңғай мамандандырылған орган құру, сондай-ақ қадағалаудың ақпараттық жүйесін құру жөніндегі шараларды көздейтін Қазақстан Республикасының 2023-2027 жылдарға арналған селекция мен тұқым шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспары әзірленді. Бұл мәселеде Достастық елдерінің тәжірибесі өте маңызды, осы стратегиялық маңызды саланы дамытуда селекционерлер мен тұқым өсірушілердің күш-жігерін біріктіру қажет.

«Климат өзгеріп отырады, біз одан қаша алмаймыз. Климаттың өзгеруінің салдарымен күресу мәселелерінде күш-жігерді біріктіру қажет», — деді ауыл шаруашылығы минситрі.

Климаттың өзгеруі су ресурстары үшін бәсекелестікті күшейту арқылы суға жаһандық сұранысты арттыратыны анық. Су тапшылығының өсуі, климаттың өзгеруі, экономикалық белсенділіктің күшеюі әлеуметтік-экономикалық проблемалардың себебі болуы мүмкін. Сондықтан бүгін су ресурстарын сақтауға және оларды тиімді пайдалануға ықпал ететін су саласын дамыту стратегияларын бірлесіп қайта қарау қажет. Ортақ су ресурстарын басқару саласындағы табысты трансшекаралық ынтымақтастықты жалғастыру қажет.

«Біз тату көршілік қарым-қатынасты сақтауға міндеттіміз және ынтымақтастығымызды әртараптандыруға ұмтыламыз», — деді Айдарбек Сапаров.

Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, бүгінгі таңда біздің елдеріміз белсенді өзара интеграциялық процестерді бастан кешуде, бұл өңіраралық ынтымақтастық мәселелер тізбесін одан әрі кеңейтеді. Бұл ретте ауыл шаруашылығын дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері басты мәселе болып отыр.

«Мен осы конференцияның біздің ынтымақтастығымыздың көптеген міндін шешудің тиімді тетігі екеніне, бірлескен жобаларымыздың мақсаттарын жаңартуға және өзектендіруге ықпал ететініне сенімдімін», — деді Айдарбек Сапаров.

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық мәселелері жөніндегі министрлік конференциясының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы министрлері/делегация басшылары коммюникені қабылдады.

«Біз Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының, Ресей Федерациясының, Тәжікстан Республикасының, Түрікменстанның, Өзбекстан Республикасының ауыл шаруашылығы министрлері мен делегацияларының басшылары 2023 жылғы 20 қазанда Астанада Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық мәселелері жөніндегі ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің министрлік конференциясына қатыстық», — делінген құжатта.

Конференцияға қатысушылар Ауыл шаруашылығы ынтымақтастығы саласындағы төмендегі жұмыстарды атқаруға ниетті екендерін мәлімдеді:

  1. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық ынтымақтастықты дамыту, озық тәжірибелермен алмасу және тұрақты ауыл шаруашылығы өндірісіне ықпал ететін инновациялардың таралуына ықпал ету.

  2. Климатқа төзімді ауыл шаруашылығы технологиялары мен әдістерін ілгерілету.

  3. Тиісті ғылыми-зерттеу, инновациялық және білім беру орталықтары мен мекемелері арасында ынтымақтастық платформаларын құру.

  4. Жердің деградациясы мен шөлейттенуіне қарсы күресті және құрғақ егіншілікті дамытуды, сондай-ақ өсімдіктер мен жануарлар тұқымдарының тұрақты және өнімді сорттарын құрумен қатар, жер мен топырақты тұрақты басқаруға ықпал ету.

  5. Климаттық ауыл шаруашылығы тәжірибелерімен және инновациялық шешімдермен алмасу; e-agro, ерте ескерту жүйелері, геоақпарат және фермерлерді тіркеу сияқты мобильді қосымшалар арқылы ауыл шаруашылығы секторында цифрландыруды ынталандыру.

  6. Ауыл шаруашылығының климаттық әдістерімен және инновациялық шешімдермен алмасу; ауыл шаруашылығы секторында цифрландыруды ынталандыру.

  7. Климаттың өзгеруі салдарынан болатын мәселелерді азайту және азық-түлік жүйелерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша бірлескен бағдарламалар мен жобаларды әзірлеу.

  8. Ауыл шаруашылығын сақтандыру схемалары мен тәуекелдерді басқару құралдары бойынша тәжірибе алмасу.

  9. Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО), Халықаралық ауыл шаруашылығын дамыту қоры (ХҚЕС) және Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы (ҰҚЖ) сияқты тиісті ұйымдармен күш біріктіре отырып, ынтымақтастықты үйлестіру.

Сонымен қатар конференцияға қатысушылар Қазақстанның ТМД агроөнеркәсіптік кешені мәселелері жөніндегі үкіметаралық кеңес жанынан азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне арналған жедел штаб құру туралы ұсынысын құптады. Сондай-ақ олар «KazAgro/KazFarm-2023» көрмесінде озық ауыл шаруашылығы техникаларымен, жетекші әлемдік ауыл шаруашылығы концерндерінің жабдықтарымен, инновациялық технологиялармен және ауыл шаруашылығы секторын дамытуға арналған бағдарламалармен танысты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу