Өткен 10 айда Жетісу облысының экономикалық өсімі 112,9%-ға жетті — Бейбіт Исабаев

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасады.

2023 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 12,6%-ға өсіп, 695,5 млрд теңгені құрады. 

«Биыл 10 айда барлық индикатор бойынша жоспар артығымен орындалды. Экономиканың өсу қарқыны 112,9% құрады. Былтыр көрсеткіш 104% болған. Бұл – республика бойынша ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі», — деді өңір басшысы Бейбіт Исабаев.

Салалардың ішінде, әсіресе, құрылыс жұмыстарының көлемі 1,5 есе ұлғайды, тұрғын үйді пайдалануға беру 22,6%, сауда 1,6 есе өсті.

Жыл басынан бері облыс экономикасына 20% өсіммен 240,7 млрд теңге инвестиция тартылды, оның ішінде жеке инвестициялар – 143,4 млрд теңге.

Мемлекеттік бюджетке түсімдер 241 млрд теңгені құрады. Республикалық бюджетке 180 млрд теңге түсті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7 есе көп. Жергілікті бюджетке түсімдер 25%-ға өсіп, 60 млрд теңгені құрады.

АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІН ДАМЫТУ 

Биыл облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 31,9 млрд теңге бағытталды, оның 25,4 млрд теңгесі – субсидиялар.

Дәнді дақылдары 324 мың гектарға себіліп, 870 мың тонна астық жиналды. Орташа өнімділігі гектарына 27 центнер. Бұл – республика бойынша жоғары көрсеткіш.

Биыл жалпы жиналған дәнді дақылдар өнімінің көлемі бойынша Жетісу облысы республикада алғаш рет төрттік қатарына еніп отыр. Алдағы екі-үш жыл көлемінде өңірде 1 млн тонна дәнді дақыл жинауға толық мүмкіндік бар.

Мал басының барлық түрі мен өнім өндірісінің өсімі қамтамасыз етілді. Төрт түлік саны 3,2 млн басқа жетті.

Облыста 120 ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Олар 10 айда 70,2 млрд тг азық-түлік өндірді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23%-ға артық.

Өңірдегі ауыл шаруашылығы шикізатының шамамен 35% облыстағы кәсіпорындарда қайта өңделеді.

3 жыл тоқтап тұрған Ақсу қант зауыты толық жөндеуден өтіп, биыл қайта жұмыс істей бастады. Қызылшаны субсидиялау нормативі тоннасына 15 мыңнан 25 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл қант қызылшасының алқабын 2 есе көбейтіп, 8,5 мың га дейін жеткізуге мүмкіндік берді. Биыл қант зауыттарына 330 мың тонна тәтті түбір өткізіліп, жыл соңына 42 мың тонна қант өндіру жоспарлануда. Бұған қоса қант құрағынан 29 мың тонна қант өңделеді. Барлығы 71 мың тонна.

Облыста «Ірі жобалар» бойынша алдағы екі жылда 25 млрд теңгеге 10 ірі жоба іске асырылатын болады.

«Ауыл аманаты» жобасы аясында республикалық бюджеттен 3,2 млрд теңге бөлініп, игерілді.

Өңірде жоғары өнімділікті дақылдар алқаптарын ұлғайту үшін су шаруашылығының 11 объектісінің құрылысы жүргізілуде. 16 объектінің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірлену үстінде, оның 7-еуі – жаңа су қоймасы. Нәтижесінде алдағы 2-3 жылда 48 мың га жерді сумен қамтамасыз ету жақсартылып, тағы 20 мың га жаңа суармалы жер айналымға қосылады.

ӨНЕРКӘСІПТІ ДАМЫТУ

Облыста 535 кәсіпорын тіркелген, онда 26 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Жалпы өнеркәсіп көлеміндегі өңдеу секторының үлесі – 80%.

Облыста негізгінен ашытқы (уыт), электрлі аккумуляторлар, жоғары вольтты электр тарату желілеріне арналған темір бетонды және металл тіректер өндіріледі. 

Облыс құрылғаннан бері 23 жаңа кәсіпорын іске қосылып, жұмыс істеп тұрған 5-еуі кеңейтілді. 759 жаңа жұмыс орны ашылды. 

Биыл құны 39 млрд теңге болатын 12 кәсіпорын іске қосылып, 500-ден астам жұмыс орны ашылады.

Сонымен қатар облыстың баламалы энергетиканы дамытуда әлеуеті зор. Облыс аумағында қуаты 1ГВт ірі жел электр стансысын салу жоспарланып отыр. Қазіргі кезде дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

Тау-кен саласын дамыту шеңберінде металлургия комбинатының құрылысы іске асырыла бастады. Құны 1,3 трлн. теңге, қуаты жылына 860 мың мыс концентратын өндіруге жетеді, 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Қазіргі кезде құрал-жабдықтар мен тауарларды сақтау үшін қоймалар мен басқа да техникалық ғимараттар құрылыстары аяқталды. Комбинаттың құрылысы 2025 жылы басталып, 2027 жылы аяқталады деп жоспарланған. 

Жалпы облыстың 2030 жылға дейінгі инвестициялық портфеліне құны 2,2 трлн теңге болатын, 9 мыңнан астам жұмыс орнын ашатын 184 жоба енгізілген.

Облыс аумағында «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы мен «Қорғас» ХШЫО жұмыс істейді. Онда қазір 2030 жылға дейін инвестициясының жалпы көлемі 622 млрд теңге болатын 52 жобаны іске асыру жоспарланған. 

Көлік-логистика саласына ірі инвесторларды тарта отырып, өңірдің транзиттік әлеуетін дамыту басты назарда. Мәселен, Достық станциясында құны 12 млрд ттеңге, қуаты 150 мың контейнерлік «ЕТТ Dostyk» ЖШС-ның мультимодалды көлік-логистикалық орталығы салынды. Тағы екі көп функционалдық жүк тиеу терминалы перспективалы жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Құны 68,6 млрд теңге, жалпы қуаты 650 мың контейнер.

«“Достық-Мойынты”теміржол желісінің екінші желісі салынуда. Осы темір жол тармағының 836 шақырымының 451 шақырымы біздің облыс аумағынан өтеді. Өңір экономикасына қосымша 293 млрд теңге инвестиция тартылады, негізінен жергілікті тұрғындар үшін 2 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл ретте негізінен жергілікті кәсіпорындардың өнімдері қолданылады», — деді облыс басшысы.

ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕСТІ ДАМЫТУ

Бүгінде өңірде 59 мың шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Онда 110 мың адам жұмыс істейді.

10 айда бюджетке 33 млрд теңге түсті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 1,5 есе көп.

Жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 31%. Алдағы екі жылда бұл көрсеткішті 5-7% арттыру межеленіп отыр. 

ТУРИЗМ 

Жетісу өңірінің табиғи-климаттық жағдайы туризмді дамытуға қолайлы. Жалпы мониторинг деректеріне сәйкес, 10 айда облысқа келген туристер саны 2 млн адам. Оның 1,5 миллионы Алакөл жағалауына келген.

Инфрақұрылымды дамыту мақсатында Алакөл мен Балқаш жағалауына апаратын «Талдықорған – Өскемен» (287-615 км), «Үшарал – Достық» (180 км), «Лепсі – Балқаш жағалауы» (0-27 км), «Алматы-Өскемен-Лепсі-Ақтоғай» (0-110 км) жолдарының құрылысы 2024 жылдың соңында толық аяқталады. Үшарал әуежайы былтыр күрделі жөндеуден өтті. Астанадан Ақшиге «Тальго» пойызының қатынасы ашылды.

Сонымен қатар келесі жылы Балқаш көлі жағасында инженерлік-коммуникациялық желілердің құрылысы басталады. 2025 жылдан бастап демалыс орындары, қонақ үйлер салына бастайды.

Экологиялық туризмді дамыту мақсатында биыл «Алтынемел» ұлттық паркі аумағында құны 2 млрд теңге тұратын визит-орталығы салынды. Шаңғы-биатлон кешенін салу және Бұрханбұлақ сарқырамасына дейінгі жолды жөндеу бойынша жобалық құжаттама әзірленуде.

Шоқан Уәлиханов мұражайына баратын 6,8 шақырым жол орташа жөндеуден өтті, мұражайды қайта жаңғырту аяқталды. Сарқан ауданында Жасылкөлге дейінгі жолға орташа жөндеу жүргізілуде. Нәтижесінде 2024-2025 жылдары облыс аумағында туризмді серпінді дамытуға толық мүмкіндік бар.

ИНФРАҚҰРЫЛЫМ 

Қолжетімді тұрғын үй, сапалы ауыз су, елді мекендерді газдандыру, жол салу, бірінші кезекте, халықтың өмір сүру деңгейін арттыруды қамтамасыз ету үшін қажет.

Облыста тұрғын үй алу кезегінде 30 мың адам тұр, соның 15 мыңнан астамы Талдықорған қаласына тиесілі.

2022 жылы 295 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл 323 мың шаршы метрді пайдалануға беру жоспарланған, оның 50%-ы немесе 162,1 мың шаршы метрі бюджет есебінен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 есе көп.

Жалпы осы жылы 3494 пәтер бөлінеді. Бұл кезекте тұрғандардың шамамен 14-15%.

Бүгінгі таңда демеушілер есебінен Талдықорған қаласында 180 пәтерлік үш үй және әлеуметтік осал топтағыларға, оның ішінде көп балалы отбасыларға арналған 27 жеке тұрғын үй салынды. Бұдан басқа «Самұрық-Қазына» қоры 2024 жылы 560 пәтерлік 9 көппәтерлі үй салуды жоспарлап отыр.

«Негізгі мақсатымыз – алдағы 4-5 жыл ішінде кезекте тұрғандар санын 40-50% азайту», — деді әкім.

Жыл соңына дейін 199,5 шақырым облыстық маңызы бар жолдар және 80 елді мекеннің ішкі көше жолдары жөнделеді деп жоспарланған. Соның нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автожолдардың үлесі 93%-ға жетеді.

Облыста 358 елді мекеннің 323-і орталықтандырылған сумен қамтылған. Жыл соңына қарай 2 ауыл (Қаратал ауданы Бесағаш, Бірлік ауылдары) орталықтандырылған су жүйесіне қосылады, облыстың тағы 15 елді мекенінде ауыз судың сапасы жақсарады.

Газдандыру жұмыстары да жалғасуда. Қазіргі кезде газдандыруға жататын 192 елді мекеннің 26-сы, Талдықорған қаласын қоса алғанда 298 мың адам газға қол жеткізді. Оның ішінде 16 ауыл облыс құрылғаннан кейін газдандырылды. 2023 жылдың соңына дейін тағы 8 елді мекен газға қосылады. 2025 жылға қарай Кербұлақ ауданынан Талдықорғанға дейінгі барлық елді мекендер газдандырылады (Панфилов ауданын қосқанда 126 елді мекен). Соның нәтижесінде 500 мыңнан астам тұрғын немесе жалпы халықтың 72% газға қол жеткізеді.

Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарын газдандыру үшін «Талдықорған – Үшарал» магистральды газ құбыры құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. 2028 жылға қарай 124 мыңға жуық тұрғыны бар тағы 66 елді мекен газдандырылады.

ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ

Биыл жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 29 мыңдай жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар тартылды. Соның нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі былтырғымен салыстырғанда 5,1%-дан 4,8%-ға төмендесе, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың үлесі 32%-дан 28%-ға азайды.

Халықтың орташа табысы биыл 3-тоқсанда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,9%-ға өссе, орташа жалақы 21,1%-ға артты.

Жаз айынан бастап Алакөл көлінің жағасында 6-18 жас аралығындағы мүгедектігі бар балаларға арналған 35 орындық сауықтыру жазғы лагері жұмыс істей бастады.

Биыл Талдықорған қаласында «Қамқорлық» қорымен бірлесіп аутизм және басқа да мүгедектігі бар азаматтарға арналған «Асар» спорттық-оңалту кешені ашылды. Бүгінгі күнге Талдықорған қаласы бойынша 300 адамға, оның ішінде 54 балаға оңалту қызметі көрсетілуде.

Биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен, демеушілер көмегімен 14 Инватакси сатып алынды. Инватакси саны 36-ға жетті.

Сонымен қатар келесі жылы Талдықорғанда 150 орындық Оңалту орталығын салу жоспарлануда.

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ, МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ 

Облыста апатты және үш ауысымды мектептер жоқ. Алайда бейімделген мектептердің проблемасын шешу өзекті болып отыр. Осы жылы жоспарланған 6 мектептің 5-уі іске қосылды. Жжыл соңына дейін тағы 1200 орынға арналған бір мектеп пайдалануға беріледі. Сонымен қатар 5 мектептің құрылысы жүргізілуде, оның 2-уі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатыр. Жалпы 2026 жылға дейін облыста 21 жаңа мектеп салынады, оның 7-еуі «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде тұрғызылады.

Денсаулық сақтау саласында 8 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның 2-еуі биыл қолданысқа берілді, 6-ауы келесі жылы беріледі. Облыста барлығы 361 медициналық мекеме бар. Сонымен қатар демеушілер есебінен Қаратал ауданының Үштөбе қаласында ауысымына 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория ашылды.

«Қазақмыс» корпорациясымен демеуші ретінде Талдықорған қаласында онкологиялық орталық салу жөнінде уағдаластық бар. 

Бұдан басқа жергілікті бюджет есебінен биыл 21 блокты-модульдік медициналық пункт орнатылды, жыл соңына дейін тағы 6-уы, ал 2025 жылға дейін 35-і тұрғызылады.

Сондай-ақ «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде 2025 жылға дейін 59 нысан салу жоспарлануда.

Мәдениет және спорт салаларында 18 нысанның құрылысы жүргізілуде, оның ішінде 8 нысан қолданысқа берілді. Сонымен қатар биыл жыл соңына дейін жергілікті бюджет есебінен 4 блокты-модульдік спорт кешені орнатылады.

Жеке демеушілер есебінен Талдықорған қаласында «Жетісу Арена» жыл бойғы жабық мұз аренасы іске қосылды. «Жетісу» волейбол клубы үшін 4 қабатты тұрғын үй жыл соңында беріледі. Үстел теннисі орталығы келесі жылы аяқталады.

«Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының көрсеткіштері мен алдағы мақсат-міндеттері қорыта айтсақ осындай. Әрине, жаңадан құрылған өңірдің барлық проблемалық мәселесі шешілді деуге әлі ерте. Халықтың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға күш салудамыз», — деп қорытындылады өңір басшысы Бейбіт Исабаев.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу