Роман Скляр Германияның экономикалық делегациясымен келіссөз жүргізді

Дүйсенбі, 31 қазанда ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр ГФР Сыртқы істер министрі Анналена Бербоктың жұмыс сапары аясында Қазақстанға келген Германияның экономикалық делегациясымен келіссөз жүргізді.

ГФР СІМ Экономикалық мәселелер және тұрақты даму департаментінің басшысы Оливер Рентшлер бастаған делегация құрамына бірқатар неміс компанияларының, оның ішінде Svevind Group, Knauf, Lufthansa, Goldbeck Solar және т. б. өкілдері кірді.

Кездесу барысында Қазақстан-Германия сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығын тереңдету, «жасыл» экономиканы дамыту, бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Өз сөзінде Р. Скляр Германияның Қазақстанның Еуропалық Одақтағы ең маңызды серіктесі болып табылатынын атап өтті және еліміздің энергетика, өнеркәсіп, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы және т. б. салалардағы әріптестікті одан әрі тереңдетуге мүдделі екендігін мәлімдеді.

Оның айтуынша, Қазақстан жалпы құны $1 млрд болатын 100-ге жуық өңделген тауар түрін жеткізе алады.

Өз кезегінде экономикалық делегация басшысы Оливер Рентшлер екі елдің мемлекеттік органдары мен бизнес құрылымдары арасындағы өзара іс-қимыл деңгейін жоғары бағалады, сондай-ақ неміс компанияларымен ынтымақтастық жөніндегі арнайы жұмыс тобының (ҚР Үкіметінің) тиімділігін атап өтті.

Жалпы, неміс делегациясының өкілдері энергетика және көлік салаларында ынтымақтастықты нығайтуға, жаңа кен орындарын игеруге дайын екендіктерін білдірді.

Келіссөз соңында «сұрақ-жауап» сессиясы өтті, онда екіжақты өзара іс-қимылдың практикалық мәселелері талқыланды. Бұдан басқа, келіссөз қорытындысы бойынша болашақта осындай кездесулерді ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу