Үкіметте 2017 жылы Алматыда өтетін 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиадаға дайындық талқыланды

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен 2017 жылы Алматыда өтетін 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиадаға дайындық пен оны өткізу мәселелері бойынша Ұйымдастыру комитетінің кезекті отырысы болды.

Баяндама жасаған Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиаданы өткізудің Шеберлік жоспары мен Тұжырымдамасының соңғы нұсқасын таныстырды.

А.Есімовтің айтуынша, іс-шаралар тұжырымдамасында «28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиаданың миссиясы, ойындарды ұйымдастыру жүйесі, әртүрлі органдардың ведмоствоаралық өзара іс-қимылының үйлесуі, жобалар мен тәуекелдікті игеру тұстары көрініс табады». 

Оның сөзіне қарағанда, Дүниежүзілік қысқы универсиаданың негізгі миссиясы - жастарды барынша спортпен айналысуға тарту, халықаралық ірі спорт жарыстарын өткізу тәжірибесін жинақтау және Алматының, тұтастай Қазақстанның әлеуетін көрсету болып табылады.

Сондай-ақ, Тұжырымдамаға сәйкес, іс-шараны өткізудің алдын-ала мерзімі анықталып, оны 2017 жылдың 29 қаңтары мен 8 ақпаны аралығында өткізу туралы FISU атқару комитетімен келісілетін болады.

Сайыстар бағдарламасына 8 міндетті және 5 қосымша спорт түрлері енгізіліп отыр. Оның міндетті бөлігін тау шаңғысы, шаңғымен сырғанау, биатлон, сноуборд, мәнерлеп сырғанау, шорт трек, шайбалы хоккей және керлинг құраса, қосымша бөлігіне шаңғымен трамплиннен секіру, шаңғы қоссайысы, бенди, конкимен жүгіру, фристайл сияқты қысқы спорт түрлері кіреді. Универсиаданы өткізуге арналған 6 жұмыс істеп тұрған және 4 жаңа спорттық нысандар анықталды. 

Универсиадаға дайындық пен оны өткізудің келесі қадамы Тұжырымдама мен Шеберлік жоспарының функционалдық барлық нақты ақпараттарын құрамына енгізген Стратегиялық жоспарды жасау болмақ.

Сондай-ақ, бұл мәселелер бойынша ҚР спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасы Е.Қожағапанов пен ҚР білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов баяндады.

Ұйымдастыру комитеті отырысының қортындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі мүдделі мемлекеттік органдарға бірқатар тиісті тапсырмалар берді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу