ҚР Үкіметінің отырысы, 05.03.2024

5 наурызда Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.

  • ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс Алматы қаласында болған жер сілкінісі бойынша ахуал қаралды. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов ТЖ-ның алғашқы минуттарынан бастап барлық қызмет бекітілген алгоритмдерге сәйкес дереу жұмысты бастағанын айтты. Іс-қимылдарды үйлестіру үшін республикалық және облыстық штабтар ұйымдастырылды.

  • Үкімет басшысы Төтенше жағдайлар министрлігі елдегі сейсмологиялық ахуалға тұрақты мониторингті қамтамасыз етуі керек екенін баса айтты. Күштер мен құралдар сақадай сай болуға тиіс. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігі еліміздің таулы аймақтарында сел және лай көшкіні жүру қауіпіне қатысты тиісті мониторингті қамтамасыз етуі керек. Төтенше жағдай қаупі туындаған кезде шұғыл әрекет ету шараларын қабылдау керек.

  • ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында инвестицияларды қолдау және ынталандыру шараларының тиімділігі туралы мәселе қаралды. Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров атап өткендей, 2024 жылы жоспар бойынша негізгі капиталға 22,1 трлн теңге инвестицияланады, бұл өткен жылдың қорытындысынан 22%-ға артық. Инвестициялық жобалардың Бірыңғай пулы аясында биыл жалпы құны 2,3 трлн теңге болатын 234 жобаны іске асыру жоспарланған. 

  • Олжас Бектенов мемлекеттік органдарға қысқа мерзімде қолдау шараларының тиімділігіне кешенді талдау жүргізуді, оларды жақсарту жөнінде нақты ұсыныстар енгізуді, сондай-ақ ұлттық цифрлық инвестициялық платформаның толыққанды іске қосылуын қамтамасыз етуді тапсырды. ҚР Сыртқы істер министрлігіне «Kazakh Invest» компаниясымен бірге шетелдік инвестицияларды тарту жөнінде нақты жоспар әзірлеу және онда перспективалы елдерді, трансұлттық корпорацияларды, салаларды және басқа да критерийлерді көрсету, ал «Бәйтерек» холдингіне инвестициялық жобаларды қоса қаржыландырудың қосымша көздерін тарту жұмысын күшейту тапсырылды.

  • Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов барлық инвесторларға үндеу жолдады. Ол өз мәлімдемесін Үкімет отырысында айтты. «Қазақстан Үкіметі жоғары деңгейде өңделген өнімдер шығаруға, ақпараттық технологияларды озық қарқынмен дамытуға, еліміздің серпінді дамуына ықпал ететін инновациялық кәсіпорындар құруға бағытталған әрбір ірі инвестициялық жобаға қолдау көрсетуге кепілдік береді деп сендіргім келеді. Үкімет инвесторларға ресурстарға кедергісіз қол жеткізуге мүмкіндік жасайды, инфрақұрылымдық және консультативтік қолдау көрсетеді, өнімдерін өткізуге көмектеседі», — деді Олжас Бектенов.

  • ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қалаларды абаттандыру және көгалдандыру шаралары қаралды. Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Азамат Бейісбеков Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дұрыс жүйеленген құрылысты енгізу және тартымды, жайлы қоғамдық кеңістіктерді қалыптастыру бойынша нұсқаулық болатын «Қалаларды кешенді салу стандарты» әзірленгенін айтты.

  • Олжас Бектенов өңірлер әкімдеріне тиісті Жол карталарының толық және сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар Үкімет басшысы қалалардағы жасыл желектің қысқаруына жол бермеу керектігін, бұл ретте отырғызылатын көшеттердің барынша жерсініп кетуін және оларға нақты күтімді қамтамасыз ету қажеттігін талап етті. Одан бөлек Өнеркәсіп және құрылыс, Экология және табиғи ресурстар, Қаржы министрліктеріне аумақтарды көгалдандыру бойынша жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алудың ашықтығын қамтамасыз етуге арналған заңнамалық түзетулерді әзірлеуді тапсырылды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу