ҚР Үкіметінде «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылу барысы талқыланды

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылу барысы қаралды.

Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру

Бірінші бастама – биылғы жылдың шілде айында басталған «7–20–25» бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы Ұлттық банк төрағасы Д. Ақышев есеп берді. Қазақстандықтар бұл бағдарлама арқылы жыл сайынғы мөлшерлемесі 7%, бастапқы жарнасы 20% және 25 жылдық мерзімде теңгемен несие есебінен тұрғын үй сатып ала алады.

«Ең алдымен, бағдарлама талаптарына сәйкес келетін тұрғын үй таңдалу керек. Екіншіден, бағдарламаға қатысатын банкке барвп несие алу туралы өтініш жазылуы тиіс. Үшіншіден, табыс ресми түрде расталып, жеке меншікте тұрғын үй болмауы тиіс. Қазіргі уақытта жеті банк өтініш қабылдап жатыр», — деді Д. Ақышев.

Бүгінгі таңда 28 млрд теңгеге 2352 өтінім мақұлданды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын сәтті жүзеге асыруда жылдам бастама маңызды. Қысқа уақыт ішінде қажетті инфрақұрылым құрылып, банктер мен жұртшылық арасында ақпараттық жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Бағдарламаның тиімділігін арттыру үшін қыркүйек айында бірқатар өзгерістер енгізілді», — деді Ұлттық банк басшысы.

Осылайша, Шымкент қаласы және Астана мен Алматы қалаларының маңындағы аймақтар тұрғын үйдің максималды құны 25 млн теңге тұратын өңірлер ретінде саналды. Бастапқы тұрғын үй түсінігі әкімдіктер мен құрылыс инвесторлары жүзеге асыратын тұрғын үй жылжымайтын мүлік нысандары есебінен кеңейтілді. Тұрғын үйді ұсынуды ынталандыру шаралары қарастырылған. «Баспана» ипотекалық ұйымында жергілікті атқарушы органдардың теңгедегі облигацияларын тұрғын үй құрылысы үшін нарықтық мөлшермелемен сатып алу тетігі қарастырылған.

«Бағдарлама төмен пайыздық мөлшерлеме мен ұзақ мерзімді несие беру түрінде әлеуметтік бағдарға ие, бірақ ол ипотека болып қала бермек. Яғни, несиені өтеу үшін ресми расталған кіріс болу керектігін білдіреді. Мәселен, 10 млн тг тұратын пәтерді сатып алу үшін 2 млн тг көлемінде бастапқы жарна болуы керек. Ай сайынғы төлем 57 мың тг құрайтын болады. Сәйкесінше, банк несиені мақұлдауы үшін азаматтың айына 120 мың тг жуық табысы болуы керек. Себебі, несиені өтеу мөлшері айлық жалақының жартысынан аспауы тиіс деген ереже бар», — деді Д. Ақышев.  

 

Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту

Ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменовтың айтуынша, жалақысы 25 айлық есептік көрсеткішке дейінгі жұмыскерлерге 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап салық жүктемесін 10 есе төмендету көзделгенін еске салды.

«Әзірленген нормалар 2019–2021 жылдары жергілікті бюджеттердің 93,7 млрд теңге көлеміндегі шығынына алып келеді. 2019 жылғы шығындар (29,1 млрд теңге) 2017–2019 жылдардағы үш жылдық трансфеттердің қолданысы кезеңінде республикалық бюджет қаражаты есебінен өтелетін болады», — деді ол.

Оның айтуынша, жергілікті бюджеттердің шығындарын өтеу Парламенттің қарауындағы «2019 – 2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының шеңберінде көзделген.

 

Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту

Білім және ғылым министрі Е. Сағадиев Елбасының тапсырмасын орындау үшін биыл қосымша 20 мың грант бөлінгенін айтты. Осылайша, гранттардың жалпы саны екі жылдың ішінде 39 мыңнан екі есеге өсіп 69 мыңға жетіп отыр. Оның ішінде биыл 20 мың қосымша грант бөлінген.

«Қазіргі уақытта олардың барлығы бөлінді. Грантқа ие болған балалар оқуға кірісті. 51 мыңнан астам студент – бакалавриатта, 13 мыңы – магистратурада, 2 мыңнан астамы PhD бойынша білім алуда. Грантқа ие болғандардың жартысы, яғни 34 мыңнан астам студент техникалық мамандықтар бойынша білім алып жатыр. Олардың көпшілігі – ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, киберқауіпсіздік, радиотехника және электроника бағытында оқиды. 5 мыңнан астам грант «Серпін» бағдарламасы бойынша ауыл жастары үшін қарастырылған», — деді білім және ғылым министрі.

Гранттардың 20%-ға жуығы мұғалімдерді, оның ішінде күшейтілген тілдік бағыттар бойынша, даярлауға арналған. Техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша жоғары білімді бір маманды даярлауға бөлінген шығындар 346,6 мың теңгеден 635,8 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша гранттар құны барлық ЖОО-да 346,6 мың теңгеден ұлттық ЖОО деңгейіне дейін өсіп, 635,8 мың тг құрады.

«Президенттің гранттар санын ұлғайту жөніндегі тапсырмасы орындалды. Гранттар санын көбейтумен қатар, жоғары білім алуға қол жеткізу үшін бірқатар шаралар қабылдануда: бір жыл ішінде ҰБТ бірнеше рет ұйымтастырып, өткізу, мектеп түлектеріне шартты түрде ақылы негізде оқуға түсуге мүмкіндік беріледі, жоғары оқу орындарына шетел азаматтарын оқу жылы кезінде оқуға қабылдау мүмкіндігі қарастырылған, шетел азаматтары үшін стипендиалды бағдарламаларды енгізу және магистратураға қабылдаудың жаңа моделі енгізілуде», — деп Е. Сағадиев, атқарылған жұмыстардың алғашқы нәтижелерімен бөлісті. Мәселен, жыл сайын шетелге оқуға кететін балалардың саны 1800-ден 630-ге дейін үш есе азайып отыр.

Бұдан өзге, білім және ғылым министрінің баяндауынша, студенттерді жатақхана орындарымен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалар орындалуда. Ол үшін барлық қажетті нормативтік актілер қабылданды, қаржыландыру сұрақтары шешілді. Жатақханалар салу жұмыстары 2018 жылғы қыркүйекте басталды.

«Республика бюджетінің жобасында алдағы үш жылдық кезеңге мемлекеттік тапсырысты орналастыру үшін жалпы 15 млрд теңге бөлінген. Жалпы он жылдың ішінде 153 млрд теңге 75 мың орынға қарастырылған. Осы қажеттілікті шешу үшін барлық тиісті шаралар қабылданды. Алдағы бес жылда іске асатын барлық бірінші кезектегі жобалар жер телімдерімен қамтамасыз етілді. Жалпы 166 жер телімі қарастырылған, олардың 116-сы білім беру ұйымдарына берілген, 50 жер телімін әкімдіктер бөлді», — деді Е. Сағадиев.

24 жер телімінің жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. 47 жер телімінің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда.

 

Шағын несие беруді көбейту

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова Мемлекет басшысының Төртінші әлеуметтік бастамасы аясында шағын несие беруді қаржыландыру 20 млрд теңгеге, оның ішінде қалаларда — 6 млрд, ауылдарда — 14 млрд теңгеге ұлғайды. Қосымша бөлінген қаражатты ескере отырып, шағын несие берудің жалпы сомасы 62 млрд теңге, оның ішінде 45 млрд ауылдық жерлерге және 17 млрд қалалық жерлерге көзделген. Осы жылы 14 мың адамға шағын несие беріледі деп көзделген.

«Жыл басынан бері шағын несие беру бойынша барлығы – 38,4 млрд теңге, оның ішінде қалаларда – 10,5 млрд, ауылдарда – 27,9 млрд теңге игерілді. Өңірлер бөлінісінде қаражатты игеру бойынша жақсы көрсеткіштер Алматы қаласында, Алматы облысында, Батыс Қазақстан облысында, Жамбыл облысында байқалады», — деді М. Әбілқасымова.

Жыл басынан бері барлығы 8 893 шағын несие берілді, оның ішінде ауылдарда — 7901 немесе жоспардың 72% және қалаларда — 992 немесе жоспардың 33%. Ауылдарда шағын несие берудің орташа мөлшері 3,5 млн теңгені, ал қалаларда — 10,6 млн теңгені құрайды.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, шағын несие беру өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз халықтың табысын өсіруде аса маңызды. Шағын несие беру шеңберінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қатарынан 7914 адам және 979 жұмыссыз кәсіпкерлікпен айналысуға, өз қызметін заңдастыруға мүмкіндік алды. Жалпы алғанда, шағын несие алған адамдар қосымша 8256 жұмыс орнын ашты», — деп хабарлады М. Әбілқасымова.

Сонымен қатар, Бағдарлама аясында кәсіпкерлер санын арттырудың пәрменді шараларының бірі «Бастау Бизнес» жобасы бойынша бизнес негіздеріне оқыту болып табылады. Биыл тоғыз айдың ішінде оқытумен 24,1 мың адам немесе жылдық жоспардың 80,3% қамтылды, оның ішінде 13,4 мың адам өздерінің бизнес жобаларын қорғады, соның ішінде 4,1 мың адам шағын несие алды.

Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А. Евниевтің айтуынша, «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты аясында АШМ «ҚазАгроның» еншілес құрылымдары арқылы ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда бизнес жобаларды іске асыруға шағын несие ұсыну бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Бұл мақсаттарға 2018 ж. 44,7 млрд теңге көлемінде бюджеттік несие бөлінген, оның ішінде Президенттің Бес әлеуметтік бастамасының төртінші бастамасын іске асыру аясында бөлінген 13,9 млрд теңге көлеміндегі қосымша қаражат та бар.

«Займдар жұмыссыздарға, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, өзі ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылық кооперативтеріне, зәкірлі кооперация қатысушыларына беріледі. Шағын несиенің ең көп сомасы: зәкірлі кооперацияны дамыту үшін – 12 млн тг, басқа бағыттар бойынша – 6 млн тг. Берілетін шағын несиелерді кепілдік қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін оларды жартылай кепілдендіру шаралары қарастырылған. Кепіл ретінде «ҚазАгроКепіл» АҚ болады. Кепіл көлемі шағын несие көлемінің 85%-на дейін. Несие алушылар үшін кепіл тегін ұсынылады», — деді А. Евниев.

АШМ желісі бойынша «Бастау Бизнес» жобасы аясында 2018 ж. бөлінген қаражат есебінен 11 000 шағын несие беру жоспарланып отыр, оның ішінде 2200 шағын несие стартап жобаларға беріледі. Өз ісін жаңа бастаған 30 мың кәсіпкерді оқыту көзделген, бұл орайда оның кемінде 6 мыңына кәсіпкерлік бастамаларын іске асыру үшін шағын несие берілетін болады.

Биылғы 12 қазандағы жағдай бойынша республика бойынша игеру 28,6 млрд теңгені құрайды, 8113 шағын несие берілген. 6154 стартап жобаны іске асыру үшін 20 млрд теңге сомасына несие ұсынылған. 19 382 адам оқытылған. Оның ішінде 4149-ы 14 млрд теңге сомасына шағын несие алған.


Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру

Энергетика бірінші вице-министрі М. Досмұхамбетов Президенттің бес әлеуметтік бастамасы аясында «Сарыарқа» магистралды газ құбырын салу жобасы бойынша қазіргі жағдай туралы баяндады. Биыл 28 тамызда «Мемсараптама» РМК «Сарыарқа» магистралды газ құбырының құрылысы» І кезең (Қызылорда – Астана учаскесі) жобасының жобалық-сметалық құжаттамасына оң қорытынды берген.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, «ҚазТрансГаз» АҚ Жол картасына сәйкес, «Сарыарқа» магистралды газ құбыры бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын шамамен 2018 ж. қараша-желтоқсан айларында, бас мердігерді анықтаған соң бастап, келесі жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

«Сарыарқа» газ құбыры Қызылорда облысындағы қолданыстағы «Бейнеу — Бозой — Шымкент» магистралды газ құбырына қосылатын болады. Технологиялық параметрлері нақтыланған. 2030 ж. дейін Көкшетау және Солтүстік Қазақстан облысы газдандырылған жағдайда Астананың және «Сарыарқа» МГ бойындағы елді мекендердің қажеттіліктерін шамамен 1,5 млрд м3/жыл көлемінде, 2040 ж. қарай 3,6 млрд м3/жыл көлемінде қамтамасыз ету көзделіп отыр.

Магистралды газ құбырын толымдылығы мақсатында және газды жеткізуді қамтамасыз ету үшін Қарағанды, Ақмола облыстарының және Астана қ. әкімдіктері газ бөлу желілерін салу үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп жатыр, олар магистралды газ құбырына оның аяқталуына қарай 2019–2021 жж. қосылуға әзір болуы тиіс. Энергетика министрлігінің алдын ала деректері бойынша, құрылыс кезінде 800-ге жуық жұмыс орны құрылады.

Президенттің Бес әлеуметтік бастамасының өңірлерде іске асырылуы туралы Маңғыстау облысының әкімі Е. Тоғжанов, Атырау облысының әкімі Н. Ноғаев, Астана қаласының әкімі Б. Сұлтанов, сонымен қатар Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары О. Смағұлов баяндады.
 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу