Ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілді

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің шақыртуымен биыл 10-12 шілде күндері ҚХР ауыл шаруашылығы министрінің Астана қаласына ресми жұмыс сапары басталды. Сапар барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов пен ҚХР ауыл шаруашылығы министрі Хань Чанфудың екіжақты кездесуі өтті.

Кездесу барысында Қазақстан мен Қытай ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығы, соның ішінде, ветеринария және органиканы дамыту мәселелері, бірлескен инвестициялық жобалар талқыланды.

Форумды екі елдің ауыл шаруашылығы министрлері ашты. Аталған форум жұмысына екі елден 100-ден аса бизнес, білім және ғылым өкілдері қатысты.

Қытай Халық Республикасы Қазақстанның жалпы экономикалық, оның ішінде АӨК дамыту тұрғысында маңызды стратегиялық әріптестерінің бірі болып табылады. Биыл маусым айында Астана қаласында өткен ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен болған кездесу барысында да Қазақстан мен Қытай арасында ауыл шаруашылығы тауарларын өңдеу және инвестиция тарту маңыздылығы бірнеше рет айрықша аталып өткен болатын. Осы жылдың ақпан айында қабылданған ҚР АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы барысында ауыл шаруашылығы тауарларын өңдеу бойынша екіжақты ынтымақтастық жұмыстарын жүргізу жалғасын табуда.

Форум барысында АӨК-ке 160 млн доллар көлемінде инвестиция тарту және сауда бойынша ынтымақтастық жөніндегі 7 құжатқа қол қойылды.

«ҚР және ҚХР ауыл шаруашылығы министрліктері аргарлық ынтымақтастық аясында үлгілік аймақ құру бойынша өзара түсіністік туралы меморандум жасасты. Ол кәсіпорындарға ауыл шаруашылығы саласында жаңа инновацияны енгізетін болады. Аталған жоба «Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы» КАҚ базасында жүзеге асырылады»,- деп атап өтті А. Мырзахметов.

Бұдан бөлек, Қытайға қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу бойынша «Азық түлік корпорациясы» АҚ Ұлттық компаниясымен бірнеше келісімдерге:

 

  • Xi’an Aijugrain&Oil Industry Group Co Ltd компаниясымен дәнді дақылдар мен майлы дақылдар саудасы бойынша өзара ынтымақтастық туралы келісімге;

  • Xinjiang Zhaofenghe Bio-technology Co компаниясымен дәнді дақылдар саудасы бойынша өзара ынтымақтастық туралы келісімге;

  • Zhongxinjian LLC компаниясымен сауда-саттық бойынша меморандумға қол қойылды.

Бұл келісімдер ҚХР-ге 200 мың тонна дәнді-дақыл және 100 мың тонна майлы дақылдарды экспорттауға, сонымен қоса аталған дәнді-дақыл түрлерін шекаралық аймақта сақтайтын терминал құруға мүмкіндік береді.

«Жаннур-Астана групп» ЖШС мен Қытайдың «Тиньян Иньхай провинции Хэнань» тұқым өндіру компаниясы арасында ауыл шаруашылығы саласында ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды. Аталған құжат ҚР аумағында дәнді-дақылдарды өңдеудің, оның ішінде тұқым шаруашылығында технологияны трансферттеудің толық циклын жасайды.

Қазіргі таңда бұрын қол қойылған келісімдер бойынша рапс майын, сүт, ет, қызанақ және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша бірлескен инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, Citic Group компаниясымен жүргізген ынтымақтастық барысында бидай және бидайдың сабанын өңдеу бойынша екі үлкен жоба іске асырылып жатыр.

Сонымен қатар, С. Сейфуллин атындағы ҚазАТУ мен Қытайдың XISEN компаниясы арасында картоп өсіретін тәжірибелік демонстративті стационар құру бойынша келісімге және осы университетпен Қытайдың Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университеті арасында біріккен агротехнопарк құру жөнінде келісімге қол қойылды.

Анықтама: 

ҚР АШМ мен Қытайдың Сапаны қадағалау, инспекция және карантин бас басқармасы арасында бидай, асыл тұқымды жылқы, соя бұршағы, бидай сабаны, бал және ұсақ мал етін экспорттау бойынша 6 хаттамаға қол қойылды:

  • Қазақстаннан Қытайға тасымалданатын бидайға қойылатын фитосанитарлық талаптар (14 желтоқсан 2015 жыл, Бейжің қ);
  • Қазақстаннан Қытайға экспортталатын жылқы тұқымдастарға қойылатын карантиндік талаптар (2 қыркүйек 2016 жыл, Ханчжоу қ);
  • Қазақстаннан Қытайға тасымалданатын соя бұршағына қойылатын фитосанитарлық талаптар (2 қыркүйек 2016 жыл, Ханчжоу қ);
  • Қазақстаннан Қытайға тасымалданатын бидай сабанына қойылатын фитосанитарлық талаптар (31 наурыз 2017 жыл, Бейжің қ);
  • Қазақстаннан Қытайға тасымалданатын балға инспекция, карантин және санитарлық талаптар (14 мамыр 2017 жыл, Бейжің қ);
  • Қазақстаннан Қытайға тасымалданатын мұздатылған ұсақ мал етіне қойылатын инспекция, карантин және ветеринарлық-санитарлық талаптар (8 маусым 2017 жыл, Астана қ).

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу